
Атырау облысында індетке байланысты сиыр етін жеуге және сатуға шектеу қойылды.
Атырау облысының Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданында 2 мың 267 бас сиырдың жұқпалы ауруға шалдыққаны анықталды. Исатай ауданында 326 ірі қара ауырып, жетеуі өлген. Індет белгісі Атырау қаласына қарасты ауылдардан да байқала бастады. Осыған орай облыс әкімінің қаулысымен мұнайлы өңірде 1 айға карантин жарияланды.
Бүгіннен бастап өңірде сиыр етін жеуге және сатуға шектеу қойылды. Ресейдің Владимир қаласындағы ұлттық зертхана бұл аурудың «нодулярлы дерматит» екенін анықтады. Қазір өңірде ірі қараны жаппай егу жұмыстары қолға алынды. Енді тұрғындарды аурудан өлген малға өтемақы төлеу жағы ойлантып отыр. Себебі еліміз бойынша қауіпті деп танылған 9 ауру тізіміне бұл дерт енбеген.