
Атырау облысында пастареллез індетіне шалдықан ұсақ малдар қырыла бастады. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Қызылқоға ауданындағы «Жас қайрат» шаруа қожалығында 200 бастай қой қырылған, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Кеселдің алғашқы белгілері қыркүйек айының ортасынан білінген. Бірақ шопандар басында мән бермесе керек. Тек індет белең алып, биыл көктемде туған тоқтылар жаппай қырыла бастағанда ғана дабыл қаққан. Арнайы алынған сынамалар жергілікті зертханаларда тексеріліп «пастараллез» деген диагноз қойылды. Мамандардың айтуынша қазір малды ауылдағы ветеринарлық ахуал қалыпты, қосымша сынамалар шетелдік зертханаларға жіберілген. Ал аурудың нақты қайдан пайда болғаны алдағы аптада белгілі болады.
«Күні кеше, 23 қыркүйекте сынамалар алынды. Сынамалар зертханаға жіберіліп, пастереллез деген диагноз қойылды. Қосымша сынамалар да зертханаға жіберілді. Әлі тағы зерттеледі. Алдын ала болжам бойынша осы жазғытұры жауын-шашын мол түсуіне байланысты жайлаудағы мал ызғар жерде жатып, өкпесіне суық тигізіп алған»,- дейді Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Еркебұлан Сатқанбаев.