![]()

Атырау облысы елімізде мұнай мен газды терең өңдейтін қуатты орталық болуы тиіс! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өңір жұртшылығымен кездесуде осылай деген болатын. Президент полипропилен өндірісінің іске қосылуы аймақ экономикасын әртараптандыруда (диверсификация) маңызды рөл атқарататынын, мұның толыққанды мұнай химиясы кластерін құруда алғаш саты болатынын атап өтті.
Атырау тек қара май өндіретін мекен емес. Құт дарыған өлкеде, әсіресе, мұнай химиясы өнімдеріне импорттық тәуелділіктен (95 пайыз) құтылуға мүмкіндік беретін жобалар да баршылық. Соның алғашқы қарлығашы – «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) кешені.
Жақында кәсіпорын полипропиленнің жаңа маркасын шығара бастады. Компания баспасөз қызметінің jasqazaq.kz сайтына берген мәліметінде полипропиленнің PP H031 BF/7 деп аталатын осы түрі күнделікті тұрмыста қолданылатын бірқатар бұйымдарды жасауда қолданылатыны айтылған. Сөйтіп кәсіпорын осы өңірдің дамуына, сондай-ақ ел экономикасын әртараптандыруға (диверсификация) қомақты үлес қосып отыр.
Полипропиленнің жаңа маркасы — мұнай-газ химиясына аса қажет өнім. Одан биаксиалды үлдір (пленка) алынады. Сонымен қатар, елімізде және Еуропада тамақ өнімдері мен тұрмыстық бұйымдарға арналған полимерлік үлдір қаптамасы, тауар жапсырмасы және скотч таспасы өндірісінде қолданылады. BOPP пленкасы адам денсаулығына зиянсыз. Сондай-ақ полипропиленнің фотосуреттің сыртын қаптайтын, кеңсе тауарлары мен гүл орайтын үлдір де полипропиленнің осы түрінен жасалады. Бұған дейін газ химиясы кешенінде ПП Н 030, ПП Н 120 маркалары өндірілген еді.

Мамандар жаңа марканың күрделі процестен өткенін, сапасы жоғары екенін айтады. Зауыттағы өндіріс басшысы Болат Әбдуәлиевтің айтуынша, тығыз әрі сапалы PP H031 маркасы еліміз бен шетелде жоғары сұранысқа ие. Өнім жергілікті компаниялардың қажетін толығымен өтеп, экспортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді. Айта кеткен жөн, жаңа марканы дайындап, өндіруде кәсіпорын қызметкерлерінің еңбегі зор.
KPI бір аптада жаңа марканың 1000 тоннасын өндірді. 631 адамды жұмыспен қамтып отырған Атыраудағы зауыт бүгінде дайын өнімді еліміздің түрлі өңірлеріне, сонымен бірге Түркия, Қытай, Еуропа және Ресейге жөнелтуде. Осы арада мұндай замануи кешен әлемнің бес елінде (Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея, Қытай) ғана бар екенін айтқан абзал.

Полипропилен — машина жасау, медицина, электр техникасы сияқты көптеген салаларда жоғары сұранысқа ие шикізат. Былтыр іске қосылған өндіріс ошағының жылдық қуаты – 500 мың тонна. Биылғы қыркүйек айының соңында түйіршіктелген полипропилен өндіретін төрт технологиялық желінің бәрі іске қосылды. Соның нәтижесінде күнделікті өндіріс көлемі 1,5 мың тоннаға жетті.
Біріктірілген газ химиясы кешені күрделі өндірісте кластер жүйесін дамытудың тиімділігін көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, полипропиленге керекті шикізат, яғни газ осы облыс аумағында орналасқан Теңіз кенішінен жеткізіледі. «Теңізшевройл» компаниясы зауытты жыл сайын 500 мың тонна пропанмен қамтамасыз етеді.
Мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды, атап айтқанда, этанды кәдеге жаратып, полиэтилен жасауға болады. Мамандарға жүгінсек, Теңіз кенішіндегі газда этанның үлесі — 14-16 пайыз. Бұл жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Атыраудағы мұнай-газ химиясы кешенінің екінші сатысы полиэтилен шығаруды көздейді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев жаңа зауыттың өндірістік қуаты 1 млн 250 мың болатынын хабарлады. Қарабатандағы өндіріс ошағында қолданылатын замануи құрал-жабдық пен технологиялар бойынша Chevron Phillips Chemical, Univation Technologies, Axens сияқты компаниялармен уағдаластық жасалды. Қазақстан, Қытай және Ресей компанияларының қатысуымен жүзеге асатын әлемдегі осы ауқымды жобаның құны 7,7 млрд долларды құрайды. Құрылысы келер жылы басталатын кәсіпорын пайдалануға берілгенде 875 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Аймақта салынатын бутадиен зауыты да еліміздегі мұнай-газ химиясының көкжиегін кеңейтері анық. Ресейдің «Татнефть» компаниясымен бірлескен кәсіпорын жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіреді. Газдың бұл түрінен шина жасауда қолданылатын каучук өндіріледі. Зауыт өңірдің Атырау өңірінің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, сонымен бірге 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады.
Елімізде полимер бұйымдарына сұраныс барған сайын артып келеді. Қазір оның көлемі 240 мың тоннаға жетіп қалды. Деректерге жүгінсек, оның 67 мың тоннасы — полипропилен, ал 173 мың тоннасы -полиэтиленнің үлесінде. Демек Атыраудағы мұнай-газ химиясы кластері ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне серпін берері күмәнсіз.
Талап Тілеген