
Қалың қарға үйренісіп үлгермеген өңір тұрғындары үшін тағы бір қиындық туып тұр. Көлігі сынып, соляркасы қатып қалған көлік жолаушылары аяз құрсауында қалып жатыр, деп хабарлайды ШҚО ТЖД.
ҚазАқпарат хабарлағандай, бірнеше күннен бері құтқарушылар жолда тұрып қалған жолаушыларға жәрдем беру жұмыстарымен айналысып жатыр. Шығыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағы «Өскемен-Семей» автожолы бөлігінен жүк көлігінің жүргізушісін құтқарды. Трассадағы қозғалыс қиындап, көлік қарға батып қалған. Кейінірек соляркасы да мұздаған. «Кіндікті-Ақсуат» автожолының 110 шақырымында да екі адам осындай шарасыз күйге түскен. Істен шыққан машина жөндеуге келмей, жолаушылар үскірік аязда жол ортасында қалған. Ал Семейде төрт адамнан тұратын жанұя өз көлігімен Мырзағұл қыстауынан жолға шыққан, бірақ олар трассаға да жете алмады. Қардың қалыңдығынан жүре алмаған көлік бұзылып тынған. Салонда жас сәби болған. Тазаланған жолға жету үшін оларға тағы 12 шақырым жүру керек еді. Семей құтқарушылары балалы әйелді жақын трассаға дейін жеткізіп, туыстарына тапсырды. Шығыс Қазақстандағы қатты аяздан облыс қалалары мен аудандарындағы оқушылар сабақтан босатылды.