
Алматының Орталық стадионында Қазақстан Супер кубогі сарапқа салынды. «Астана»мен «Қайраттың» арасындағы ойынды футбол жанкүйерлері тамашалағаны анық. Айтпағымыз ол емес. Сол матчты ұйымдастырған Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының(ҚКФЛ) хаттамасы мен суперкубок ойынының анықтамалық кітапшасын көріп, «қазақ тілінен ұят болды-ау» — дедік еріксіз.

Қазақ тілінің әр салада жетімдік көріп жүргені жасырын емес. Бұндай сорақылық спортта да кездеседі. Енді кітапшаға үңілейік. Алғашқы бетінде ҚКФЛ президенті Азамат Айтқожиннің сөзі тұр. «ҚКФЛ сіздерді 2017 жылғы Қазақстан Супер кубогы аясында «Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойында қошеметтейді!» Не үшін қошеметтейді? Матчқа барғанымыз үшін бе? Сөйтсек, бұл орыстың «приветствует» сөзінен тікелей аударыла салған болып шықты. «Құрмет пен қарсы алады» деп жазуға болар еді. Ол ол ма, «Жаңа маусым бізге көптеген күптігей және қуанышты ойындарды сыйлайтынына сенімдіміз» деген сөйлемдегі «күптігей» сөзіорыстың «волнительный» сөзінен аударылған. «Тревожный, волнительный, беспокойный» синонимдері көңілдің күптілігін білдіреді. Ал, анау бір сөйлемде ол «жан толқытар» деп аударылса құба-құп болатынына сенімдіміз. Жаңа маусымның «күптігей» немесе жан толқытар матчтарға толы болатынына күмәніміз жоқ. Енді хаттамаға тоқталайық. «Кәспқой, Алматы орталық стадион, төрішілер қүрамы» сынды өрескел қате өріп жүр. Осы жөнінде аталған лиганың баспасөз қызметінмен хабарласқан едік. Баспасөз хатшысы Ербол Қайыров «Мұны аударған жарнама агенттігі болатын. Біз тексермедік. Сіздер неге матчта айтпадыңыздар?», — деп өзімізге қарсы сауал қойды. Біз қате теруге емес, ойын көруге барғанымызды айттық.
— Ербол, жарнама агенттігінің телефон нөмірін бере аласыз ба?
— Жоқ. Бермеуге құқығым бар. Хат жазыңыздар.
— Жауап неше күнде келеді?
— 3-4 күнішіндежауап береміз.
— Өте көп мерзім.
— Заң жүзінде солай. Басшылықтың атына жазыңыз.
— Сіздер тапсырыс берген соң тексермейсіздер ме?
— Жоқ.
Қысқаша диалогтың сиқы осы. Бұл жөнінде ойынды тамашалауға барған әріптесіміз Абзал Сүлеймен былай деген еді: «Суперкубок үшін өткен матчта берілген хаттаманы көріп, қатеден көзіміз сүрінді. Бір жапырақ қағаздың жартысы ғана қазақ тілінде болғанымен, қатеден көрінбейді. «Төреші» мен «құрам» деген сөзді жаза алмауы, ҚКФЛ баспасөз қызметіне ұят деп ойлаймын. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны рас. Бірақ соны өз бақылауына алып, бір қағаздың қатесін тексеретін адам болмағаны ма? Тіпті, ойыншылардың аты-жөнін дұрыс жаза алмағаны қынжылтады. Қазақ тілінің футболдағы мəртебесі өссе деген тілек қана біздікі”.
Мадияр Арыстанбаев