
Астана қаласы Білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталығы 2023 жылғы 27 сәуірде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық униерситетімен бірге «Ұстаздар аллеясында» ұлағатты іс-шара ұйымдастырды. Аталған Әдістемелік орталықтың негізгі миссиясы елордадағы білім беру ұйымдарын әдістемелік сүйемелдеу, педагогтердің кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыру үшін жағдай жасау екендігін естеріңізге сала кетейік.

Ашық аспан астында жаймашуақ рәуіште өткен бас қосуға келетін болсақ оған астаналық педагогтар, оқушы балалар, ата-аналар мен жалпы қала тұрғындары қатысты.
Қатысушылардың назарына «Монтессори for EVERYONE» шеберлік сыныбының дәрісі, «Оқуға құштар мектеп» кітаптар көрмесі, сондай-ақ «Өнерлі қол — бақытқа жол» шығармашылық және сәндік қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды.

Одан бөлек READх жобасы аясында «Мен оқыған кітап…!» атты тақырыпта оқушылар мен жиналған жұрт өзара пікір алмасып, сөз сөйледі. «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасы шеңберінде «Бірлігіміз жарасқан» атты лекциялық алаң да жұмыс істеді.
Көпшіліктің көңілін баурап алған «Өнерлі қол — бақытқа жол» шығармашылық және сәндік қолданбалы өнер көрмесі еді.

Бұл жерден балалар қолымен жасалған көз жауын алатын талай туындыларды көруге болады. Осы көрмені ұйымдастыруға ұйытқы болған ұстаздың бірін сөзге тарттық.
Әбжаппаров Қуаныш, №78 мектептің мұғалімі, Техникалық шығармашылық орталықтың тәлімгері:
– Басты мақсатымыз ұлттық қолөнерді дамытуға аз да болса үлес қосу және соған деген балалардың қызығушылығын ояту, таланттарын тану болып табылады. Бұл жерде көріп тұрғандарыңыздай ағаштан және сүйектен жасалған бұйымдар қойылған.
Барлығы көпшілік назарына сексенге тарта жұмысты ұсынып отырмыз. Оның ішінде өзімнің де, оқушыларымның да туындылары бар. Қолөнерді насихаттау мақсатында шәкірттеріммен бірге Жамбыл, Ақтөбе қалаларында, оның алдында Түркияда болдық. Біраз туындыларымыз АҚШ-та шыққан фотоальбомға енген, ол сол жақтың кітапханасында тұр. Шәкірттерімнің арасында таза шығармылықты таңдап алғандары да аз емес. Өзім Еуразия дизайнерлер одағының академигімін. Бар ойым қазіргі жас балалар жаман әдеттерден бойын аулақ салса, жастайынан ұлттық өнермен сусындап өссе деймін. Соған қызмет жасап жатырмыз.
Бәр сөзбен «Ұстаздар аллеясында» өткен бүгінгі іс-шарадан оқушылар да, ата-аналар да жақсы әсер алып, ішкі дүниесін байытып, ізгі ой түйіп қайтты деген үміттеміз.
Абзал Ибрагим