
2023 жылғы 28 сәуірде Астана қаласы «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетімен(ЕҰУ) бірлесіп, елордалық ЖОО түлектері және елорда жастары үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің негізгі мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу болып табылады.

2022 жыл басынан қазіргі уақытқа дейін Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ бес бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізген екен, оған 221-ден астам жұмыс беруші, 3400-ден астам жастар мен студенттер қатысқан. Сол жәрмеңкелер нәтижесінде 260-қа жуық адам жұмысқа орналасқан көрінеді.
Осы жәрмеңкені ұйымдастыруға ұйытқы болғандардың бірі Астана қаласы Жастар саясаты басқарамасының басшысы Қайрат Қамбаров былай дейді:
-Біздің басты мақсатымыз астаналық жастарды жұмыспен қамту болып табылады. Жастар саясатына қатысты жаңа заңға сәйкес биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар қатарына жатады. Сол себепті Астана қаласындағы жастар саны бұрын 232 мың болса, қазір 440 мыңға жетіп отыр. Демек барлық көрсеткіштер екі есеге өсті деген сөз. Сондықтан жастармен жұмысты күшейтіп жатырмыз.
Қаламызда 22 базар бар, солардың бәрін аралап, судада жүрген қыз-жігіттерге елордада, жалпы елімізде жастарға арналған қандай бағдаралмалар бар, соны түсіндіріп, насихаттаймыз. Бос жұмыс оырндарының жәрмеңкесін тура сол базарлардың өзінде өткізу жоспарда бар.

Өткен аптада ЕSIL университетімен өткізсек, бүгін Еуразиялық ұлттық университетімен және Қазақ заң академиясымен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Жыл аяғына дейін қаламыздағы 15 жоғары оқу орнын түгел қамтып, осындай іс-шаралар ұйымдастырмақ ниеттеміз.
Бүгінгі бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысуға 20-дан астам ірі жұмыс берушілер өтінім берген, оның ішінде ҚР Ұлттық Музейі, GAZ METAL SERVICE, «Электронды қаржы орталығы» АҚ, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі»,«Бизнес және даму мектебі», «RBK Bank» АҚ, «NRG Audit» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Тәп-Тәтті» ЖШС, «Казахтелеком» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС және т.б. кәсіпорындар мен мекемелер бар.
ҚР Ұлттық музейінің өкілі Жанар Бейісова өз мекемесіне бір емес бес бірдей экскурсовод іздеп келіпті. Жоғары оқу орнын бітірген жас түлекті де тәжірибеден өткізіп, тәрбиелеп аламыз, ең бастысы білімі мен ынтасы болса болғаны дейді.
Жаңадан құрылған Ұлытау облысы педагогика саласындағы жас мамандарға мұқтаж екен. Облыстық Білім басқармасының өкілі Елжан Асылбековтың айтуынша биылғы оқу жылындың өзінде 320 педагог-маман тапшы болып отыр. Алдағы оқу жылында осылай кете беретін болса бұл көрсеткіш екі есеге өспек.
«Аудандар мен ауылдарда зейнет жасына жеткен мұғалімдерді уақытша ұстай тұруға мәжбүрміз. Егер жас мамандар келсе оларға жан-жақты жағдай жасалады. Ұлытау ауданындағы Қоскөл және Жезді кенттерінде жа мұғалімдерге арналып жатақханалар салынған. Мемлекет тарапынан берілетін 345 мың теңге үстмемақыдан бөлек аудандық білім беру мекемесі есебінен қосымша, қайтарымсыз 200 мың теңге үстемақы бөлінеді. Бұдан бөлек «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Соның аясында 5 млн 300 мың төңірегінде үй алу мүмкіндігі қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда біззе келген жас маман өкінбейді», — дейді Елжан Асылбеков.
Осы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан үшін басты басымдық — жастарды қолдау және елдегі адами капиталдың сапасын дамыту болып табылады.
Абзал Ибрагим