
Ел астанасы жыл санап қанатын кеңге жайып келеді. Қазір қалада жалпы көлемі 11 млн шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Былтыр 3 млн шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы бітіп, пайдалануға берілген. Себебі Астана инвестиция үшін тартымды қала. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Atameken Business» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Қала басшысының айтуынша, 2021 жылғы инвестиция көлемі 1,2 трлн теңге болса, былтыр 1,5 трлн теңгеге жеткен көрінеді. «Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға өсіп отыр. Инвесторлар еліміздің заңдары мен қаладағы инвестициялық климатқа сенеді. Қазіргі инвестицияның 26 пайызы құрылыс индустриясына тиесілі. Бұдан басқа өндіріс және басқа салалар да бар. Бір қуанарлығы, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы инвестиция көлемі бұрынғы жылдарымен салыстырғанда он есеге көбейген», — деді Жеңіс Қасымбек.
Білім саласы демекші, жыл сайын Астана қаласында 7-8 мың түлек мектеп бітірсе, 20-25 бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Бұл мектеп оқушыларының саны жыл сайын шамамен он жеті мың балаға артып отыр деген сөз.
«Қазір Астанада 14 метептің құрылысы салынып жатыр, оның 11-ін биыл пайдалануға береміз. Қосымша жекеменшік мектептер де салынуда. Биыл жаңа 24 мектептің құрылыс басталады. Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» бағдарламасы бар. Жалпы алғанда, алдағы уақытта 40 мектеп саламыз. Соның нәтижесінде орын саны 100 мыңға артады. Сонымен қатар, сол мектептерді мұғалімдермен қамтамасыз ету де алдына ала қолға алынды. Біздің жоспарымыз бойынша, 2024-2025 жылдарға дейін қаламызда қосымша жеті мың педагог болады», — деді өз сөзінде қала әкімі.
Абзал Ибрагим