jasqazaq.kz

Асқар Несіпбеков: Еңбексүйгіштікке бала кезден баулыған дұрыс

24 сәуiр 2023, 16:36

Теміржол саласында еңбек ету қажырлы қайрат пен ерекше төзімділікті қажет етеді. Қиындығы мен қызығы мол теміржолшының басты міндеті – жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу. Бұл салада аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Сондай ел ықыласына бөленген жанның бірі — Алматы облысы Қонаев қаласының тұрғыны Асқар Несіпбеков. Jasqazaq.kz порталының тілшісі бір салаға 35 жылын арнаған маманмен арнайы хабарласып, еңбекке деген адалдығының қыр-сырымен бөлісуін сұрады.

Асқар Несіпбеков — Алматы облысының тумасы. Оның теміржол саласында қызмет еткеніне биыл 35 жыл болыпты. Өзінің айтуынша, ең алғашқы қызмет жолын әскерге бармай тұрып бастаған.

«Әскерден келгеннен кейін Үштөбе қаласындағы құрылыс комбинатында бір жыл жұмыс істедім. 1988 жылы Қонаев қаласындағы №46 жол бөлігіне жұмысқа орналастым. Ең алғашқы мамандығым жол монтері еді. Одан кейін пойыз жолын реттеуші, машинистің көмекшісі болдым. Сөйтіп 2022 жылға дейін машинистің көмекшісі болып бір салаға 35 жыл өмірімді арнадым. Қазір денсаулығыма байланысты басқа салаға ауыстым», — дейді.

Еңбекқорлықтың арқасында кез келген қиындықтан сүрінбей өтуге болады. Әсіресе, халыққа қалтқысыз қызмет көрсететін саланың қиындығы да, қызығы да мол. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген ағамыз бір салада талмай қызмет етуінің сырын былай деп түсіндірді: «Мен еңбекке ерте жастан араластым. Теміржол саласының жұмысы қиын. Қажырлы қайратты талап етеді. Күннің ыстығы, қыстың суығы, күздің жаңбыры демейсің. Қандай ауа райы болса да жұмыс тоқтамауы керек. Бұл салаға қызыққаным соншалық, теміржолшы өтетін сатының барлығынан өттім. Менде теориядан гөрі тәжірибе басым дер едім. Теміржолдағы ауыр жұмыстарды атқаратын еңбекқор азаматтарды жоғары бағалаймын. Әрине, бұрындары қиын кезеңдерден өттік. Ол кездерде жұмыс бірінші орында болатын. Ол өзіңнің жұмысыңа деген үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Жұмысқа ерте жастан араласқанның арқасы да болар. Біз ол кезеңдерден сүрінбей өттік. Меніңше, әрбір азамат өзі қалаған іспен айналысуы керек. Жүрегің қалаған мамандықты игерсең, оны тастап кетпейсің. Одан бөлек, отбасың мен еліңе деген жауапкершілік болуы керек. Егер ер азаматтың бойындағы жуапкершілік жоғары деңгейде болса, ол азамат кез келген істе жетістікке жетеді деп ойлаймын. Бір орында тапжылмай жұмыс істеудің тағы бір қыры — тұрақтылық. Еңбекқорлық пен тұрақтылық әр ер азаматтың бойында болуы керек қасиет деп санаймын», — дейді кейіпкеріміз.

Асқар Несіпбеков жалғыз ұлының да теміржол саласында қызмет еткенін қалапты. Бірақ ұлы бүгінде ішкі істер саласында қызмет етеді.
«Мен баламның теміржол саласында жұмыс істегенін қаладым. Алайда ұлым басқа саланы таңдады. Ол енді өзінің қалауы. Ең бастысы, жаны қалаған саланың майталман жұмыскері болса болды», — дейді.

Біз әңгіме барысында Асқар ағадан: «Еңбек ету, еңбекті сүю деген ұғымды қалай түсінесіз?» деп сұрадық.

«Еңбек, еңбек ету — бұл үлкен ұғым. Оның мағынасы кең. Білсеңіз, еңбек еткен адамның жолы ашық болады. Қазіргі жастар бірден айлығы көп жұмысқа барғысы келеді. Меніңше, жақсы айлық алу үшін біраз маңдай тер төгуге тура келеді. Ұлыма да еңбектің қадірін біл деп үнемі айтып отырамын. Қазір технологияның заманы. Ұрпағымыз смартфонға байланған. Қазіргі балалар үйдің жұмысын да істегісі келмейді. Ал біз кішкентайымыздан еңбекке жегілдік. Ауыр жұмыстың барлығын атқардық. Бізді ерекше етіп тұрған да сол, бала кезден ауыр жұмысқа дайын болғанымыз. Сондықтан еңбексүйгіштікке бала кезден баулыған дұрыс», — деп жауап берді.
Бүгінде Асқар аға отбасымен Қонаев қаласында тұрады. Еселі еңбектің өресіне шыққан теміржолшыға бейнетінің зейнетін көретін күн де алыс емес.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата