
Жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс әлем елдеріне оңайға соғып отырған жоқ. Әсіресе қазынадағы ақшаның 90 пайыздайы «қара алтыннан» түсетін Венесуэлада жағдай мүлде мәз емес. Әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырап кетуі ел халқын әбден титықтатты. Венесуэланың мыңдаған тұрғыны аштан қырылудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды BNews.kz.
Бір үзім нан мен қара суға зар болған халық хайуанаттар бағындағы жануарлар мен аңдарға ауыз сала бастады. Каракаста шарасыз күйге түскен жергілікті тұрғындар ара-тұра зообаққа жасырынып кіріп, тамақ үшін жануарларды өлтіріп жатыр. Соңғы рет қаскөйлер асыл тұқымды жылқыны сойып, басы мен қабырғаларын ғана тастап кеткен.
Мұның алдында вьетнамдық шошқалар мен қойлар жоғалып кеткен.
Хайуанаттар бағының басшылығы тағы бір проблеманы атап өтті: қаржының жоқтығынан тордағы аңдар да ашығып жатқан көрінеді. Азық-түлік тапшылығынан былтыр зообақта 50 мыңдай аң-құс қырылыпты.