
Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығына қатысты келісімдерде жерге, оны өңдеуге қатысты ешқандай құжат жоқ. Бүгін ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов осылай деп мәлімдеді.
Отырыс барысында комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан «Қытайға жерді жалға беруге қатысты келісім-шарттарға қол қойылған» деген мәселеге министрден түсінік беруді сұраған болатын.
А. Мырзахметов осыған орай, «Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын карантин жөніндегі бас басқарма бар. Оның мәртебесі министрлікпен бірдей. Біз сол басқармамен арнайы жұмыс жоспары туралы қол қойғанымыз рас. Ол министрліктің тікелей жұмысы. Онда негізінен Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты дамыту. Өздеріңіз білесіздер, Қытай әлемдегі үлкен экономиканың бірі. Ал осы нарықпен шекаралас бола тұра, оны қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз? Осы мүмкіндікті пайдалануға біз жақындай түстік. Онда негізінен шектеулерді алып тастау туралы мәселелер көтерілген болатын»- деді.
Оның айтуынша, келісімшарт негізінен отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға жеткізуге бағытталған жеңілдіктерді қамтиды. Осыған байланысты Қытай тарапынан арнайы комиссия да келген екен. Министр «Жалпы Қытай мал өнімдеріне, органикалық өнімдерді сатып алуға қызығады. Одан неге бас тартуға тиіспіз? Кәсіпорындарымызды аралады, өздерінің нарығына қаншалықты сатуға болатынын тексерді. Сосын осы шараларды реттеу үшін біз Қытаймен келісімге келіп отырмыз, алайда онда жерге, жерді өңдеуге қатысты ешқандай да баптар қамтылмаған», деді.
Министр сонымен қатар бұған дейінгі қол қойылған келісімшарттардың барлығы да жалпы сауда-саттық бағытты қамтитынын атап өтті. Ол «Қол қойылған меморандумдардың барлығы халықаралық келісімшарт емес. Оның құқықтық статусы жергілікті заң арқылы ғана рәсімделеді. Яғни, қол қойылған құжаттар бойынша жерге қатысты ешқандай мәселе туындамайды» -деп пікірін түйіндеді.