Баяғыда деп ертегі айтайын деп отырған жоқпын, кеңес заманында мынадай бір нақыл сөз бар еді: «Адам– адамға дос, жолдас және бауыр!» Кім айтса да, тауып айтқан екен. Бірақ бүгінде мұның мәні өзгеріп кетті,енді: «Адам– адамға дұшпан, қаскөй, азғын және хайуан» десек те болғандай. Ашынғанда, айбарланғанда ауыздан шыққан ащы сөз деп білерсіз… Әйтпесе, көпке топырақ шашайын деген олпы-солпы ой ойымда жоқ.
Егемендік алдық, бақытты өмір сүріп жатырмыз, «қой үстіне бозтарғай жұмыртқалай бастады» дегенімізбен, қасқыр адамдар, қанішер адамдар арамызда жүр. Оларда ұлт, тек, аяушылық атымен жоқ. Тек көзі қанталап, біреудің маңдай терімен тапқан дүниесін тартып алуды көздейді. Бұл жантүршігерлік оқиғамен аяқталып жатады.
Соның бірі – күні кеше орын алған Алматы облысындағы Ұзынағашта болған қанды оқиға. Қазақ аңқау… Қазақ ақкөңіл. Қасына келген қанішерді әр сөзінен, лыпылдауынан, тым көп уәде бергіштігінен, тез саудаласа салуынан қан иісін аңғармайды… Талдықорған қаласына жақын маңдағы Көксу ауданының 3 тұрғыны Алматы жақтағы Ұзынағаш базарында мал сатамыз, сөйтіп, нәпақамызды айырамыз, бала-шағамызды асыраймыз деп келгенде, із-түзсіз жоғалып, соңында құмға көмілген сүйегі жататынын біліп пе? Ағайындылар құтырған қанішерлердің ішкі сіңірленген сезімінен күдіктенсе, 41 бас малды «тез сатып ала қойған». Сөйтіп ауылдағы қорама дейін жеткізіп беріңдер, ақшасын сосын беремін деген сылдыр сөзіне сенер ме еді? Қазақ қазақты қанға бөктірмес деген ой түбіне де сүңгімеді ғой. Бауырларындай сенді. Бауырларындай қабылдап, көлігімен артынан ерді… 4-5 жылдан бері мал саудасын кәсіп еткен 1979 жылы туған Жарқынбек Долданұлы, 1973 жылғы Мұқият Зарлыханұлы мен Әлімхан Қадылбек есімді тепсе темір үзетін жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 41 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен Ұзынағаш базарына шығарғанда, қасында қанішерлердің жүргенін қайдан білсін? Артында аңырап аналары, балдан тәтті балалары, бір күнде шашы ағарып кеткен әкелері, туған-туыстары қаларын кім білген? Ағайындылардың екеуінің басынан атып, бірінің жүрек тұсынан шүріппе басқан қанішерлердің бұл әрекетін басқаша «сүйрей» жөнелгендер де табылып жатыр. «Несін айтасың, оралмандарды әдейі қырып жатыр!» деген сөзді сүттей ұйыған тірлігімізге, бірлігімізге әлдекімдердің іріткі салып жатқан зымиян ойы деп қабылдайық.
Мұндай қайғылы оқиға осымен ғана шектелді деп ойлайсыз ба? Күн парақтарын кері айналдырсаңыз, небір сұмдық оқиға көз алдыңызға тізбектеліп өте шығады. Сол сұмдық оқиғаның арасында құқығымызды қорғайды, тыныштығымызды күзетеді деген полиция қызметкерлерінің де қолын қанға малып жүргенін көріп, шыны керек, екі қолыңды төбеге қойып, Бетпақдалаға безіп кеткің-ақ келеді… Мұны айтып отырғаным, ағайындыларды хайуандықпен өлтіргендердің арасында бұрын полицей болған жігіттің де қолынан қан сорғалап тұр дейді-мыс…Кім біледі, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Полицейлерді жамандыққа қимайын десем де, Жамбыл облысында үйлену тойы өткен күннің ертеңінде жас жігіттің мәйіті табылғаны қоғамда наразылық тудырды емес пе? 25 жастағы Ерік Төреқұловтың жұмбақ өлімі жұрттың жағасын ұстатты. Достарымен Қарақыстақ су электр стансасының тыйым салынған жерінде көңіл көтеріп жүргенде, күзетші ескерту жасаған. Сосын шу шыққан соң, полицейлер алып кеткен. Алайда, бөлімшеге жетпеген жас жігіттің мәйіті ауруханада жатты…
Біздің Шымкентте мынадай оқиға болған. Бір тұрғынның сейфінен 35 мың доллар ұрланады. Артынша ақша иесі полиция бөлімшесіне 40 мың долларымды ұрлап кетті» деп арызданады. «Қызықты» қараңыз, ертеңіне бір полицей келіп тұр дейді: «Кешіріңіз, сіздің ұрланған ақшаңыз 35 мың долар емес пе еді?» Ол қайдан білді сейфтегі ақшаның 35 мың доллар екенін? Көрдіңіз бе, алаяқ, ақша құмар, қылмыскерлермен бірігіп «бизнес» жасап, тіпті формасын құрметтемейтін полицейлерлер де арамызда, тіпті қасымызда жүр. Енді деректерді сөйлетейік. Бас прокуратураың құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша 2014 жылы 341 291 қылмыс тіркелген. Екі жыл ішінде бұл көрсеткіштің екі есеге өскені даусыз! Ал, оның ішінде жеке меншікке қарсы жасалған қылмыстардың үлес салмағы өте жоғары — 81,5 пайызды құрайды. Мұның түп-төркіне неде жатыр? Ойланып көрейік. Елдегі жұмыссыздық жастарды да, жасамысты да, кәмелетке толмағандарды да қылмыс әлеміне сүйреп келеді. Мұны мойындайық. Тоқ адам тойып секірсе, аш адам аш қасқырдай секіреді. Ұзынағаштағы қанды оқиғаның «белсенділері» мекеме қызметкерлері немесе қара жұмысшылар емес шығар? Бір ғана мысал, Оңтүстік Қазақстан облысы Статистика департаментінің мәліметі бойынша 70 мыңға жуық адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Бұл тіркелгені. Одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан, жұмыссыздар қылмысқа қымсынбай барып, кейбірі ауыр қалмыс жасап жүр… Былтыр елімізде қылмыс саны 23,5 пайызға артып, 34 мың оқиғаның тіркелгенін білеміз. Ал, Қарағанды облысы қылмыс саны бойынша бесінші орында тұр. Осы жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында 8143 қылмыс тіркелсе, мұның басым бөлігі, яғни 4921-і орта ауырлықтағы қылмыс түріне жатады. Ауыр қылмыс түрінің саны – 734-ке жетіп, аса ауыр қылмыс 74 рет жасалған. Ал, қылмыс саны жағынан Қарағанды облысының алдында Алматы (19026 қылмыс), Астана (11582 қылмыс) қалалары, Оңтүстік Қазақстан (11050 қылмыс) және Алматы облыстары (8436 қылмыс) тұр.
Адамдар түнде тәтті түс көреді. Таңертең болашақ күндеріне иек артып, қаперсіз оянады. Қу тіршілік қамымен жолға шығады… Ал, алдында ажал күтіп тұрғанынан мүлде бейхабар-ау… Өйткені, қасыңда қанішер жүр… Абай бол. Сақтансаң сақтаймын деген.
Мұхтар ШЕРІМ, Оңтүстік Қазақстан облысы