
2016 жылғы ҚР Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия мүшесі (аты-жөнін атамауды өтінген): «Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты хикаят және әңгімелер жинағы іріктеу кезеңінен өтпей қалған, – дейді, – соған ызаланған ол арнайы сұхбат ұйымдастырып, қазақтың классик қаламгерлері мен олардың әлдеқашан оқырмандардың ықыласына бөленген шығармалары туралы төмен баға берген.

Тіпті «Бабалар сөзі» атты 100 томдық қазақ халқының фольклорлық бай мұрасын да мансұқтаған. Тек жазушы Б.Нұржекеевті ғана «мойындауы» – оның мемлекеттік сыйлыққа ие болу ықтималдығы жоғары екеніне көзі жеткендіктен», – дейді. Сондай-ақ комиссия мүшесі: «Р.Отарбаевтың ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына тиіскені – ертеңгі күні сыйлықтан қағылған себебін осы қылығымен байланыстырғысы келетін пендешілік ниетінен», – дейді.

Естеріңізге сала кетейік, Рахымжан Отарбаев 7 қыркүйек күні «Әдебиет порталына» сұхбат берген еді. Онда айтқан ойлары оқырмандар мен жалпы халықтың көп бөлігінің наразылығын тудырды.
Сұхбатта Абай, М.Әуезов, «Бабалар сөзі», Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Т.Әлімқұлов, М.Мағауин, Ө.Нұрғалиев, А.Сүлейменов туралы жағымсыз пікір білдіргені үшін, бір топ оқырман жазушының мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Шыңғыс ханның көз жасы» кітабын өртеді.
АДАСҚАҚ ТОРТАЙ, журналист