
Аустрияда дауда қалған биатлоннан Қазақстан құрамасына тағылған айып негізсіз болып шыққан. Оларға «допинг қолданды» деп айып тағылған. Бірақ спортшылардың қан сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылмаған. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
«Спортшыларға құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Себебі оларға «допинг қолданды» деп айып тағылған болатын. Жоқ, олай емес. Кеше біз допингке қарсы агенттіктен хабарлама алдық. Олардың (сынамаларынан – автор) тыйым салынған препараттар табылмаған. Яғни олар «таза». Қазіргі таңда біз WADA-дан жазбаша түрде хат күтіп отырмыз», — деді ол.
Сонымен қатар министр осы қателіктен мамандардың сабақ алғандығын атап өтті.
«Техникалық қателіктер болған. Әрине, қателік кетті деп Аустрия тарапын кінәламаймыз. Бұл жағдай бізге сабақ болды. Ендігі жолы біздің дәрігерлер өз міндеттеріне ұқыппен қарайтын болады», — деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 10 ақпан күні Аустрия жерінде өтіп жатқан биатлоннан әлем біріншілігі кезінде Қазақстан құрамасы допинг дауына іліккен болатын.