Аружан Дәркембай: Жастар саясаты бірнеше бағытты қамтиды

03 тамыз 2023, 13:59

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы ер Тұранның қазығы қағылған Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті шаңырағын көтеріп, уығын қадады. Түркі дүниесінің білім әлеміндегі айтулы оқу ордасына айналған университетте оқығанды қалайтын жастардың қатары артып келеді. Бүгінгі талапкер — ертеңгі студент. Университетке қабылданған жастардың жаңа ортадағы тыныс-тіршілігі, студенттік өмір ағысы қалай өрістейді? Осы тақылеттес сауалдарымызды аталған оқу ордасындағы «Жастар саясаты» департаментінің директоры Аружан Меллатханқызы Дәркембайға қойып, дидарласудың сәті түсті.

– Қазір абитуриенттердің қобалжып жүрген шағы. Мемлекеттік білім грантына ілігуді көздейтін жастардың үмітіне қоса уайымы да бар. Биылғы оқу жылында қабылданатын жастарға қосымша ақпарат болсын, университет жанынан құрылған департаменттің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті — 30 жылдық тарихы бар білім ордасы. Университетіміздің Әлеуметтік мәдени-даму вице-ректорына қарасты «Жастар Саясаты» департаменті 2021 жылы құрылған болатын. «Жастар саясаты» департаменті білім алушылардың студенттік өмірін қызықты, әрі пайдалы өтуіне зор үлесін қосуда. Өздеріңізге белгілі, біздің оқу ордамызда қазіргі таңда 17 ұлт өкілдері білім алуда. Түркітілдес елдерден келген білім алушылар ішінде талантты азаматтар өте көп. Біз сондай білім мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүретін белсенді студенттерді мәдени іс-шараларға қатыстыра отырып, өзара ынтымақтастық пен бірлікті нығайтуға үлес қосып келеміз. Жастар арасындағы түсіністік пен бір-біріне деген ілтипат жоғары дәрежеде болса, онда тәрбие жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын көруге болады. Бүгінгі таңда университетіміздегі студенттердің өзара байланысы өте жақсы. Мейлі қоғамдық шараларда болсын, лекциялық сабақтарда, тіпті дәрістен тыс уақытта да университет ауласында оны анық байқауға болады. Демек, біздің жастар дұрыс бағытпен келе жатыр деген сөз.

Қазіргі таңда, департаментке қарасты үш орталық және бір бөлім жұмыс істейді. Одан бөлек Жастар орталығына қарасты Студенттік парламент құрылды. Сонымен қатар, «Кәсіби бағдар беру және маркетинг» бөліміне қарасты «Амбассадорлар» мектеп түлектеріне үгіт-насихат жүргізуші белсенді студенттер ұйымы да өз жұмысын бастады.
«Жастар саясаты» департаментінің бөлімдері мен орталықтары келесі тәрбие жүйесін жүзеге асырады, олар төмендегідей:

— Жастар орталығы — университеттегі тәрбие жұмыстарын, мәдени іс-шараларын, жатақханаға орналастыру жұмыстарын ««Білімгерлерге тәрбие беру», «Студенттердің ішкі тәртіп сақтау», «Студент жатақханалары туралы» ережелеріне сай жұмыстар жүргізеді;

— Спорт-сауықтыру орталығы — студенттер арасында спорттық жарыстар мен университеттен тыс жарыстарға оқу ордамыздың ұлттық құрамаларын жинақтап, түрлі спорттық үйірмелерді дамытып, салауатты өмір салтын насихаттайды;

— «Кәсіби бағдар беру және маркетинг» бөлімі — мектеп бітіруші түлектеріне Университетіміз жайында ақпарат беру және ұнатқан мамандығын дұрыс таңдауға, жан-жақты талдауға ықпал етіп, әрі оқу ордамыздың жас талапкерлері үшін нағыз білім-ғылым, мәдени-әлеуметтік, спорт-өнер және денсаулық сақтау жағынан терең білім мен белсенді өмір қалыптастыратын орта екенін сезіндіру;

— «Әлеуметтік мәдени іс-шараларды үйлестіру және психологиялық қызмет көрсету» бөлімі – студенттердің тәрбиесі мен тәртібіне, сонымен қатар, адами әлеуеті мен дамуы барысында кездесетін психологиялық мәселелерді шешу мақсатында қызмет көрсетумен айналысатын бөлім.

– Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жастар саясаты қалай жұмыс жүргізуде? Облыстың әлеуетінің артуына жастардың қосып жатқан үлесі қаншалықты?

– Университеттің белсенді жастары, жастар саясатының дамуына, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда деп толық айта аламын. Себебі, университет қабырғасында өтетін шараларда немесе өңір көлемінде жүзеге асатын барлық жиындарда біздің студенттер алдыңға шепте жүреді. Тіпті республикалық маңызды шараларда да үнемі белсенділік танытып жүретін біздің студенттер. Спорт бәсекесінде болсын, білім мен ғылым сайыстарында да қаламыздың атын шығарып, халықаралық дәрежеде еліміздің көк байрағын желбіретін жүрген жеңімпаз өрендеріміз де біздің мақтаныштарымыз.

Оқу ордамыздағы Жастар саясаты түрлі бағытта жұмыс істейді. Белсенді жастардың басын біріктіретін ұйымдар, клубтар, үйірмелер бар. Факультет белсенділері мен өзін-өзі басқару ұйымдарын қосатын Студенттік парламент құрылды. Студенттік парламент — білім алушылардың білім беру үрдісін басқаруға қатысу құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге, студент жастардың тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешуге, оның әлеуметтік белсенділігін дамытуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға және іске асыруға бағытталған университетіміздің белсенділер тобы. Қазіргі таңда, Студенттік парламент белсенділері 2200-ге жуық білім алушылардан тұрады.

Университетіміздің «Шаңырақ» клубтар координациясының құрамында әртүрлі бағыттағы 23 студенттік клубтар мен ұйымдар бар. Мысалы: «Kidnees» еріктілер клубы, Қазақстан студенттер Альянсы, «Жастар рухы» ЖҚ, «Enactus YASAWI», «KazMSA», «YASAWI» дебат, «Green growth», «Y-PEER», «YASAWI TEAM» және т.б.

–Оқырмандарымызға ұғынықты болсын, өзіңіз басшылық ететін «Жастар саясаты» департаментінің атқарған жұмыстарына кеңірек тоқталсаңыз.

– «Жастар саясаты» департаментіне қарасты Жастар орталығы университетіміздің білім алушыларының жатақханаға орналасуын, тәрбие жұмыстарын, әлеуметтік мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен айнылысады. ЖСД негізгі жеті бағыт бойынша жұмыс жүргізеді:
Ұлттық — патриоттық тәрбие бағыты;
Азаматтық — құқықтық тәрбие бағыты;
Рухани, адамгершілік тәрбие бағыты;
Көркемдік-эстетикалық тәрбие бағыты;
Ақпараттық мәдениетті қалыптастыру бағыты;
Әлеуметтік-мәдени тәрбие бағыты;
Студенттердің жеке тұлғалық, спикерлік қасиеттерін дамыту бағыты;
Сонымен қатар, Университетіміздің спорт-сауықтыру орталығының бапкерлері республикалық, халықаралық олимпиада жүлдегерлерін, чемпиондарын даярлаумен айналысады.
Одан бөлек, «Кәсіби бағдар беру және маркетинг» бөліміне қарасты белсенді студенттерді Қазақстан Республикасының барлық облыстарындағы талапкерлерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында іс-сапарға дайындайды және жібереді. Жаз айларында білім алушыларды Университетіміздің қабылдау комиссиясында жұмыспен қамтамасыз етеді.

— Киелі Түркістанның жеке облыс болып отау құрғанына да бес жылдан асты, тарихи шаһардың тамаша келбеті уақыт безбеніне салсақ, жаңарып, жаңғырып келеді. Туристердің де қатары артқаны, әсіресе, түркі дүниесінің талбесігі атанған мекенге жастардың қыдырып келуі артыпты. Облыста жастар саясатының жұмысы қалай жүзеге асырылып келеді?

– Ия, түбі бір түркіге ортақ рухани қаламыздың облыс болып құрылғанына 5 жыл. Осы жылдар ішінде қаламыз көркейіп, жаңа нысандар бой көтеріп, оның ішінде жастардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге арналған орындардың ашылғанына біз өте қуаныштымыз. Мен ойлаймын, заманауи үлгідегі кітапхана, әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын орталықтар, әсем саябақтар барлығы жастардың болашақтары үшін жасалынып жатқандығын әрбір жас сезіну керек және сол дүниелерге үлкен құрметпен қарау керек.
Ал жастар саясатына келер болсақ, біздің университеттің Жастар саясаты департаменті облыстық және қалалық жастармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бізді ортақ идеялар, қала үшін, өңір абыройы үшін жасалатын және жасалынуы тиіс тағылымды дүниелер байланыстырады деп айта аламын. Өңір бойынша да талантты әрі білімді жастар өте көп. Сонымен қатар уақытпен санаспай жұмыс істейтін жастарды көріп келеміз. Бұл дегеніміз, біздің өңірдің жастары рухты, өз елін шексіз сүйеді және еңбек етіп, тер төгуден қашпайды. Осыдан кейін-ақ жастар саясаты жұмысы оң бағытта жүзеге асып келе жатқанын көруге болады.

– Университет жастары облыс әкімдігімен байланыс орнатып, бірлескен іс-шаралар өткізе ме? «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демеуші ме еді. Жергілікті атқарушы орынмен әріптестік қарым-қатынас қалай?

– Әрине, университет облыс әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оқу ордамызда өткізілген іс-шараларға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев университет студенттері Түркістанды жастар қаласына айналдыруға көп үлес қосып жатқанын атап өтті. «Облыстың белсенді жастары – Сіздер! Университетте тәлім алып жатқан 10 мыңға жуық студенттің әрбірі өңіріміздің әлеуетін көтеруге көмектесе алады. Болашақта сіздермен әріптес бола алатын ЖОО-ын құру жоспары бар. Расында, Түркістан – жастар қаласы болуына сіздердің үлестеріңіз көп. Университетті жоғары деңгейге шығару жолында еңбек етіп жатқан ректор бастаған барша ұжымға, студенттерге алғыс айтамыз. Алдағы оқу жылында да сәттілік пен табыс тілеймін», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Биылғы 1 маусымда «Yasawi жұлдызы» атауымен белсенді студенттерді марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – 2022-2023 оқу жылы көлемінде университет қызметіне және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсылысқан студенттерді ынталандыру болатын. Бейсенбай Тәжібаев университетіміздің Студенттік президенті Дінмұхаммед Үмбетұлына, Студенттік президент өкілі Ахмет Алперен бастаған белсенді студенттерді облыс әкімі Дархан Сатыбалдының «Алғыс хатымен» марапаттады. Оқу ордамызда 5 шілдеде өткен оқу бітіруші түлектер құрметіне орай, «AQ JOL, YASAWI TÚLEGI — 2023» атауымен салтанатты кеш өтті. Кештің құрметті қонағы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев диплом табыстау рәсімінің шымылдығын ашты. Облыс әкімінің орынбасары түлектерімізге: «Сіздер әр тасы киелі, халқы жайдары өңірде білім нәрімен сусындап, өздеріңізге мыңжылдық тәжірибе жинай білдіңіздер! Ендігі кезекте ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, халыққа адал қызмет ету әрбіріңіздің азаматтық борышыңыз деп білемін! Еліміздің өркендеуі мен дамуы тікелей сіздерге байланысты»,- деген ізгі тілегін білдіріп, белсенді студенттеріміз бен оқу үздіктерін арнайы алғыс хатпен марапаттады.

— Жастардың қоғамдық-саяси шараларға қатысу белсенділігі қалай? Наурыз айында өткен Парламент мәжілісінің сайлауына өзіңіз басшылық ететін жастар қаншалықты үлес қосты? Жастардың саяси сауаты артып, еліміздегі маңызды оқиғаларға өзіндік үнін қосып келе ме?

– Бүгінгі күнге дейін жастардың қоғамдық-саяси шараларға қатысуы қарқынды. Бұған себеп — жастарымыздың басым бөлігі көзі ашық, көкірегі ояу, өз істеріне адал, жауапкершілікті сезіне білетін азаматтармен азаматшалар. Айта кетсек, Түркістан облысы жастарының негізін құрайтын университет жастары екені белгілі. Жастар орталығына қарасты, «Шаңырақ клубтар координациясы» қарасты қоғамдық-саяси шараларға белсене араласатын, «Жастар рухы», «Қазақстан Студенттер Аляньсі» ұйымдары бар. Наурыз айында өткен, Парламент мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында, «Жастар рухы», «Қазақстан Студенттер Аляньсі» ұйымдары үгіт-насихат жұмыстарын атқарды. Атап өтсек, «Жастар рухы» жастар қанатының 755 белсендісінен құрылған топ тек қала ғана емес облыс деңгейінде үгіт-насихат құралдарын тарату, әлеуметтік желіге жариялау, ашық түрде сауалнама жүргізу сияқты түрлі жұмыстарды жүргізді.

– Аружан, енді өзіңіздің замандастарыңызға қатысты сауал жолдайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан технократ ұрпақ өсіп келе ме? Қатарластарыңыздан қандай жаңалық, жетістік күтесіз, еліміздің болашағы жастардың қолында. Жастар қандай болуы керек?

– Еліміздің болашағы мен дамуы жастардың қолында болғандықтан, олар жеке адам ретінде әлеуметтік дамуды қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыра алатын, үлгілік, біліктілік сипаттамаларына сәйкес жастармен жұмыс жасай алатын тұлға бола алуы керек. Жастар келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін ала алатындай тұлға болып қалыптасуын күтеміз. Жастарымыз кез-келген жұмыста өзін жақсы қырынан көрсетіп, өзіне берілген жұмысты жауапкершілікпен орындап, жетістікке жетіп, дамуы тиіс. Білім алушылар өз сүйген мамандықтарын таңдап, оқып нағыз заман талабына сай маман ретінде ерінбей еңбек етуі тиіс. Одан бөлек, жастарымыздың өз ұлтын сүйіп, отансүйгіш болғаны маңызды. Сонда ғана еліне пайдасын тигізетін тұлғаны тәрбиелейді. Жемқорлыққа да, әділетсіздікке де жол бермейді. Жастарымыз жоғарыда аталған қабілеттерді меңгеріп тәрбиеленсе, мемлекет пен жастардың болашағы жарқын болады.

– Уақыт шіркінге тоқтам жоқ. Бәрі де күні кеше ғана сияқты еді. Бүгінгі күнде міне Түркістанның облыс болып құрылып, жеке бөлініп шыққанына бес жыл болды. Бес жылдағы өзгерістер, жаңарып, жаңғыруы, түлеп-түрленуі сізді де қуанта ма?

– Дұрыс айтасыз, қаламыздың көркейіп гүлдену біз үшін де зор мақтаныш. Түркістан облыс орталығы болғанына 5 жыл толды. Бүгінде өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, көне шаһар жаңа кейіпке еніп келеді. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» бауырлас түркітілдес мемлекеттердің ынтымағы жарасып, қарым-қатынасы жоғары деңгейде дамып келетінін көріп отырмыз. Ол өзіміздің университетімізде түркі тілдес елдерден келіп оқитын студенттеріміздің арасыннанда байқауға болады. Иә, әрине, облыс орталығы болғалы өңіріміздің тұрмыс тіршілігіде біршама жақсарып қалғандығы қуантады. Келешекте Түркістан облысының дамуы дәл осы қарқынмен жалғасады деген сенімдемін!

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді