
Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің тергеушісі К.Сабиев тергеу жұмыстарын жүргізген кезде әлдеқашан о дүниеге аттанған адамнан жауап алғандығы анықталды.
Baq.kz сайтының хабарлауынша оқиға Қызылжар ауданындағы лагерьлердің бірінде балалардың тамақтан улану фактісі бойынша қозғалған тергеу ісінен басталған. Полицей жеткіншектер мен олардың ата-аналарынан алынған жауапты бұрмалап жазған. Сонымен қатар, ол тергеген адамдардың бірі әлдеқашан қайтыс болған екен. Статистиканы жақсартып көрсеткісі келген бұрынғы тергеуші «аруақтан» жауап алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айрылды.
Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Владислав Банковскийдің айтуынша, істі тез жабудың жолын іздегендер баршылық екен. Мысалы Тимирязев ауданында ішкі істер бөлімінің тергеушісі А.Құсайынов ауыл тұрғынын қалыңдығының телефонын ұрлады деп айыптап, іс жүргізген. Сот барысында ешқандай ұрлықтың болмағандығы, іске заттай айғақ ретінде тіркелген ұялы телефон мүлде басқа біреудікі екендігі анықталды. Айыпталушы ақталып, оның орнына тергеуші сотталған.
«Аталған істерді сараптай келе қылмыстар кәсіби көрсеткіштерді жақсарту мақсатында жасалғанына көз жеткіздік. Құсайыновтың ісіне келсек, осылайша қылмыстық істі тездетіп ашпақ болған. Бұл фактілер бойынша Қылмыстық процестік кодекстің 200 бабына сәйкес, ведомстволық бақылау болмағандығы анықталды. Тимирязев ауданында 2 лауазымды тұлға қызметінен босатылды», – деді Владислав Вацковский.
Өткен жылы прокурорлар осы сынды фактілер бойынша түрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына 10 ұсыным жіберген. Нәтижесінде 28 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.