
Көзі тірісінде марқұмдар арасынан табылған зейнеткер.
67 жастағы Шығыс Қазақстандық Виктор Сидоркин бір айдан бері «тірі» екенін дәлелдей алмай жүр. Зейнетақысын алуға барған азамат аяқ астынан өзінің шілде айының басында Қарағанды қаласында қайтыс болғанын біліп, қайран қалған. Виктор Сидоркин туғаннан бері Зырян қаласында тұрады. Жамбасы сынғандықтан жүріп тұруы қиын. Дегенмен ақырындап үй тірлігімен айналысып, уақытын немерелерімен өткізеді. Алайда көңілі тыныш қария аяқ асты әбігерге тап болды. Соңғы рет зейнетақысын алуға барған кезде өмірі табан тіреп көрмеген Қарағандының өлілер тізімінде тұрғанын естіп, есінен тана жаздапты.
Зейнеткер, Виктор Сидоркиннің айтуы бойынша, зейнетақысын алуға барғанында, Қарағанды қаласында марқұмдар тізімінде тұрғанын айтқан. Зейнетақы төлеу орталығының мамандары да қарияның бұл сөзін растап отыр.
Ал Қарағандылық полиция қызметкерлерінің айтуынша, жергілікті тұрғындардың хабарлауымен 21 қаңтар күні Михаилов полиция бөлімшесіне ақыл есі-кеміс егде жастағы адам жеткізілген. Ешбір құжаты болмаған ол өзін ауызша таныстырыпты.
Бақытжан Кұдияров, Қарағанды облысы ІІБ баспасөз қызметінің басшысы: — Азамат өзін 1948 жылы туған Сидоркин Виктор Анисимович деп таныстырған. Өзіне жауап бере алмайтындай жағдайда болғандықтан оны психоневрологиялық больницаға жатқыздық. Сол жерде жарты жылдай ем қабылдап, өкінішке орай сол жерде қайтыс болды.
Жауапсыздық салдарынан Виктор Анисимович бірнеше ай бойы зейнетақысынан қағылады. Жақында ғана зейнетақы төлеу орталығы зейнеткердің әлі де марқұмдар тізімінде тұрғанына қарамастан, қарияға қол ұшын созып, өткен айлардағы зейнетақысын толық қолына берді. Дегенмен де Виктор Сидоркинге әлі талай табалдырықты тоздыруға тура келеді.
Қарағандылық полиция қызметкерлері болса, Зыряндық зейнеткердің жеке бас мәліметін еншілеп тастаған бейтаныс марқұмның шынымен де кім екенін енді ғана іздестірмек. Ал жайбарақат өмір сүріп жатқан Шығыс Қазақстандық «нағыз» Виктор Сидоркиннен бұл күнде маза қашқан. Егер тәртіп сақшылары көмектеспесе, Алтайдан ары асып көрмеген қарияның өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін Қарағанды қаласына жолға шығуы да ғажап емес.