
Қапшағай полициясы мектеп стадионына көмілген сәбидің анасын тапты. Алматы облысы ІІД хабарлауынша, 9 тамыз күні Қапшағайда балалар мектеп стадионы аумағына көмілген жаңа туған сәбидің денесін тауып алған.
Аталған факт бойынша Қапшағай полициясы қылмыстық іс қозғады. Қылмысты ашуға бағытталған тергеу және жедел іздестіру шараларын ІІД басшылығы ерекше бақылауға алды.
«Жедел іздестіру шаралары барысында жаңа туған сәбидің анасы анықталды және табылды. Әзірге ол Алматы ауруханасында жатыр. Күдікті кәмелеттік жасқа толмаған Қапшағай тұрғыны», – деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Күдікті Қапшағайдағы пәтерлердің бірінде өз күшімен ұл босанғанын және оны өлтіргенін мойындады.
Қыздың кәмелеттік жасқа толмағанын ескере отырып, полиция қосымша ақпараттар бермеді.
«Тергеу ісі жалғасып жатыр, әзірге тағайындалған сараптамалардың нәтижесін күтудеміз», – деді полиция.