«Анашым, бүгін қанша қылмыскер ұстадың?»

20 маусым, 18:31

Полиция майоры Азия Әубәкірованы бастауыш сыныпта оқитын екі ұлы Аңсар мен Санжар күнде үйіне келгенде осы сұрақпен қарсы алады. Олардың анасы Петропавл қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығының аға инспекторы әрі күштер мен құралдарды басқару тобының кезекшісі.

Бұл топ – полиция жұмысының аса жауапты негізгі буыны. 24/7 кезекшілік барысында инспекторлар әр түрлі жағдайға байланысты шешім қабылдайды, оқиға орнына наряд жібереді, шақыру бойынша жұмыс істейтін қызметкерлермен өзара іс-қимыл жасайды.


Азияның жұмыс күні сағат 8.00-де басталады. Содан бастап ол тәулік бойы қаланың қайнаған тіршілігінің бір бөлігіне айналады. Таңғы уақыт әдетте тыныш — жұмысқа асыққан немесе күнделікті күйбеңімен жүрген адамдар. Бұл мезгілде негізгі мәселе – тек көшелердегі кептеліс қана.
Бірте-бірте жұмыс қарқыны артады: шақыртулар, қоңыраулар түсе бастайды. Мәселен, тұрғылықты жерін ұмытып қалған әжей туралы қоңырау шалынды. Патрульдік полиция дереу жетіп, оның қалтасынан мекен-жайы жазылған қағазды тауып алып, үйіне жеткізіп салды.
Жолдағы апаттар туралы қоңырау көп. Жазда электр самокатын тізгіндеген жасөспірімдер туралы өтініш көбейеді. Алаяқтық туралы өтінішсіз өтетін күндер некен-саяқ.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу керек? деген сұраққа Азияның беретін жауабы біреу ғана: «Қоңырау шалған бейтаныс адамдармен әңгімелеспеу керек!»
Тағы да телефон шырылдады. Телефонның арғы жағындағы адам бір топ жігіт күмән тудырғанын айтты, есірткі жасырылған жерді іздеп жүргенге ұқсатыпты. Бірақ олар да бірдеңе сезді ме екен, дереу табандарын жалтыратып үлгерді. «Қайтып келсе не істеу керек?» — дейді сымның екінші жағындағы дауыс. «Дереу «102»-ге хабарласыңыз, наряд жіберіледі», — деп жауап берді Азия.
Кешкі уақыт – ең қарбалас кезең. Анықтама алу үшін хабарласқандарды есептемегенде, ұрлық, бұзақылық, жанжал туралы қоңыраулардан бас көтеру мүмкін емес. Жаз келіп, күн ысығалы түнгі шиеленіс көбейе түсті. Түнімен «мереке» ұйымдастыратындар қалалықтардың терезелерін ашып ұйықтайтынын ескермейді. Сондықтан тыныштықты бұзу туралы өтініштер саны күрт көбейді. Таң алдында ғана жұмыс аздап саябырсиды.
«Әрине, кезекшілікке көп күш-қуат кетеді. Бірақ өз басым басқа жұмысты елестете алмаймын. Жұмыс барысында мен минут сайын өзгелерге жақсылық жасағандай сезінемін», — дейді Азия.


Айтқандай, Азия – алғашқы жоғары білімі бойынша география пәнінің мұғалімі. Осы мамандық бойынша 2 жыл жұмыс істегеннен кейін, ол ұстаздық етуден жалығып, басқа қызықты салаға қарай ойысуды армандайды. Сол үшін 2003 жылы Солтүстік Қазақстан Заң академиясына оқуға түсіп, заңгер-бакалавр мамандығын алып шыққан соң, тәртіп сақшыларының қатарына қосылды. Бұл бастамасын ата-анасы қуанышпен қабыл алды дей алмаспыз. Бүгінде Тимириязев ауданында тұратын зейнеткер әке-шешесі қызының бұл таңдауына қарсы болмаса да, ақырын жүріп, анық басуы керектігін, жұмыс қиын болатынын, үйдің бетін сирек көретінін ескертсе керек. Әрі олардың тұқым-жұрағатында полицей болмағандықтан, барлық туыстары таңданыстарын жасырмапты.
«Бүгінде әкемнің айтқаны келді: шынымен де үйде болмаймын, — деп күледі Азия. – Бірақ жұбайым өзі де бұрын полиция қызметкері болғандықтан, менің жұмысым ауыр екенін өте жақсы түсінеді. Бүгінде ол зейнет демалысында. Екі ұлдың тәрбиесімен өзі айналысады: мектепке, жаттығуға өзі апарады, үй тапсырмасын бірге орындайды. Мен кезекшіліктен келгенде тынығып алуым үшін балаларды далаға шығарады».
Бастапқыда жасы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияда жұмыс істеген Азия тағы да бала тәрбиесімен кезіккеніне көңілі толмай, екі жылдан кейін іші пыса бастағанын жасырмады. «Маған қайнап жатқан қызғылықты жұмыс керек. Сондықтан жедел басқару орталығына ауыстым. Қылмыстарды ізін суытпай ашқанымыздан ләззат аламын. Тіпті еңбек демалысында да үйде отыра алмаймын, ішім пысады. Тезірек жұмысқа шыққым келіп тұрады», — деп ағынан жарылды Азия Сайлауқызы. Келесі жылы зейнет демалысына шығуына болады. Бірақ талдырмаш келіншек демалғысы жоқ: шамасы келгенше жұмыс істей бермекші.
2019 жылдың қараша айында күштер мен құралдарды басқару тобының аға инспекторы болып келген кезде Азия Петропавл полициясының тарихындағы алғашқы әйел полицей болғанын атап өткен жөн.
Таңғы 8-де, жұрт өз жұмыстарына асығып бара жатқан кезде, полиция майоры Азия кезекшілікті тапсырып, үйіне қарай аяңдайды. Өз шаңырағында ол әр әйелге тән үй шаруасымен айналысады. Азия Сайлауқызын үйінде «Анашым, бүгін неше қылмыскер ұстадың?» дейтін сұрақпен қос ұлы — қос қанаты қарсы алады.

Роза ШӘКЕНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы

Бүгін, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу
04 шiлде, 16:02
Түркістан: Сауран ауданында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтуде