jasqazaq.kz

Қамшымен сабайтын мектептер әлі де бар

16 ақпан 2017, 19:30

Тоқпағы мықты болса, темір қазық жерге кіреді. Әлем бойынша мектеп оқушыларын осы ұстаныммен тәрбиелейтіндер әлі де бар екен. Әсіресе, африкалық балалардың жағдайы қиын. Бұл туралы Baq.kz хабарлады.

Мысалы, Намибияда тәртіп бұзған оқушыны бірнеше сағат бойы соналар ұя салған ағаштың түбіне тұрғызып қояды. Бұл жазаға, әсіресе, қыздар көп тартылады. Намибияда олардың мектепте оқуына тыйым салынған. Сондықтан білім ордасына барып, ұлдардың маңына жоласа болды, қыздар сонаға жем болады.

Либерия мен Кенияның да жағдайы оңып тұрған жоқ. Бұл елдерде тіл алмаған баланы қамшымен сабайды.

Ал Мьянмада (Қытайдың жанындағы шағын мемлекет) сабақ үстінде сөйлеп, үзілісте жүгіріп, әйтпесе тапсырманы қате орындап қойса, оқушы қатаң жазаға тартылады. Бүкіл сыныптың көзінше, ондай баланың балтырынан, білегінен, құйрығынан шыбықпен ұрады. «Қылмысы» одан гөрі ауырлау болса, оқушыны қолын айқастырып алып, отырып-тұруға мәжбүрлейді, ал оқытушы оның құлағынан тартып тұрады.

Пәкістанда сабаққа 2 минут кешігіп келген бала 8 сағат бойы тоқтамастан Құран оқиды. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жазаға жұмысына кешіккен оқытушылар да тартылады.

Бала жазалау ісі Еуропада да жойыла қойған жоқ. Әсіресе Ұлыбритания бәрінен озып тұр. 2011 жылы осы елдегі консервативтік партия жас ұрпақтың бетімен кеткенін, олардың ғаламторға тым әуес екенін желеу қылып, мектептерде балаға қол көтеруге салынған тыйымды алып тастады.

Ал Францияда баласын мектептен алуға кешіктім дегенше, ата-аналардың басы бәлеге қалады. Екі реттен артық кешіккен ата-анаға айыппұл салынады, ал баланың тәртібіне «қанағаттанарлықсыз» деген баға қойылады.

Германияда да оқушылардың зәресін ұшыратын бір жаза бар. Ол – жазғы мектеп. Ауырасың ба, басқа себебің бар ма, әйтеуір сабаққа жеткілікті мөлшерде қатыспасаң, мектеп сені демалыс кезінде үш апта бойы, күн сайын, арнайы жазғы сабаққа қатысуға мәжбүрлейді. Және ол сабақтар ақылы.

Корейлік білім беру жүйесінде екі түрлі жаза бар: жеке және топтық. Үй тапсырмасын орындамасаң, әйтпесе сабақта тыныш отырмасаң, осы екі жазаның алғашқысы қолданылады. Яғни мұғалім қолындағы таяқшасымен кінәлі оқушыны ұрады. Ал топтық жаза деп, бір адамның кесірінен сыныптағылардың бәрі зардап шегуін айтады. Ондай кезде, көбіне, оқушылардың бәрін қолдарын көтертіп, тұрғызып қояды екен.

Бразилияда тәртіп бұзған оқушының үзілісте футбол ойнауына тыйым салады. Жас ұрпақты жазалау ісінде жапондар бұрын алдына жан салмаған. Ол елде сабақты мұқият тыңдамаған оқушыны бір аяғын алдына қарай көтертіп, басына ыдыс қойып, тұрғызып қоятын болған. Бірақ қазіргі кезде бұл жаза алынып тасталған.

Американың әр штатында оқушылардың тәртібіне қатысты заңдар әртүрлі. Кей штаттарда, мысалы, Алабама, Джорджия, Арканзас штаттарында, балаға қол көтеруге рұқсат берілген. Кезінде ұстазынан таяқ жеген алабамалық жеті жасар Джонатан Кертистің оқиғасы бүкіл әлемге жайылған еді. Өзінің айтуынша, оқушы бала сынып есігін рұқсатсыз ашып, ішке қарапты. Мұғалім оны сол үшін соққыға жыққан. Әрине, Джонатанның анасы полицияға шағымданады. Бірақ сол істі тергеу барысында, мектеп директоры мұғалімді ақтап, оның баланы жазалауы өте орынды деп бағалаған.

Дегенмен, АҚШ пен Канадада оқушы үшін ең үлкен жаза – оны біраз уақыт мектепке келтірмей қою болып саналады. Егер бала сабақ үстінде тыныш отырмағаны үшін жазаланған болса, ата-анасы оны психотерапевтке апарып, баланың ондай қылық көрсетуіне не себеп болғанын анықтауы тиіс.

Украинаның Киев облысындағы №5 Бучан мектебі өзінің «қара тақтасымен» елге әйгілі болды. Ол мектептің директоры сабаққа кешіккен не мектеп формасын кимей келген оқушылардың суретін, астына мазақ сөздер жазып, тақтаға іліп қою тәртібін енгізген.

Ал біздің елімізде, заң бойынша, баланы ұрып-соғуға тыйым салынған. Дегенмен, арасында оқушыларға қол көтеріп жататын мұғалімдер де кездеседі. Мысалы, биылғы жылдың қаңтар айында Алматы облысының бір мұғалімі өз қызымен жанжалдасып қалған оқушыны ұрып, жұмысынан қуылды.

 

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде