
АҚШ-қа»қашып кеткен» дәрігер Нұрбол Данияров Алматыға үйіне келді. 29 жастағы Нұрбол Данияров 24 наурызда жұмысқа шыққанын айтты. «Менде АҚШ-та қалу деген ешқандай мақсат болған жоқ.
Еңбек демалысында болдым. Жоспарлағандай-ақ, қайтып келдім. Бірақ өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа ертерек шақырды. Жұмысқа 24 наурызда шықтым». Нұрбол Данияров Алматыдағы перзентханалардың бірінде туу алдындағы диагностиканың дәрігері болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, қазақстандық дәрігер оның әлеуметтік желілерде АҚШ-та «қашып кетуіне» қатысты мәліметті жоққа шығаруға дайындалып жатқанын айтып өтті. «Қазіргі уақытта біз заңгермен менің ар-намысымды қорғау жайлы ақылдасып жатырмыз. Әріптестерім мені жақсы біледі, олар менің «қашып кеткім келгені» жайлы мәліметке сенбейді. Ешкім сенбейді. Аурухана басшылығы тарапынан да маған ешқандай сөздер айтылған жоқ», — деді Данияров. Еске сала кетейік, осыған дейін АҚШ-та жоғалған қазақстандық дәрігер «қашып кетуінің» себебін айтып берген болатын. Tengrinews.kz хабарлағандай, «Мен қашқан жоқпын, мен ешкімнің алдында жауап беруге міндетті емеспін. АҚШ-қа келе салысымен барлық ақшаны атқарушы директорға бердім. Біз тіпті ол компаниямен еңбек шартына отырмағанбыз. Олардың маған деген қарым-қатынасы мүле ұнамады. Осында келгенге дейін басқа дүние, ал келген соң басқа дүниелер айтылды. Сенбеңіздер, мен ешкімді алдаған жоқпын, елімді, Отанымды алдаған жоқпын», — деген еді Данияров. Ал кейінірек дәрігердің Қазақстанға наурыздан қалмай оралатыны жайлы хабарланған болатын.