Алып шаһардағы ауқымды көлік торабы

30 қазан 2023, 12:37

Алматының келбеті соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Көкжиегі кеңейген мегаполисте жаңа аудандар, тұрғын үйлер мен көшелер пайда болды. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды бүгінгі талапқа сай ету міндетін қойып отыр. Алып шаһарда жеңіл көліктердің барған сайын көбеюі кептеліс түйткілін шешуді қажет етеді. Осы мақсатпен қала әкімдігі тарапынан ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – Бұқтырма көшесі мен Құлжа даңғылы қиылысындағы көлік торабы.

Алматының солтүстік-шығыс бөлігіндегі көлік кептелісін азайту мақсатында 2018 жылы Бұқтырма көшесі мен Құлжа даңғылының қиылысында көлік торабын салу жоспарланған болатын. Әлбетте, мұндай ірі жобаны бірден бастап кету оңай емес. Үш деңгейлі тораптың құрылысы 2019 жылы басталды. Эстакаданың бір бағыты 2021 жылы, екіншісі 2022 жылы пайдалануға берілді. Биыл қазан айында кезек үшінші бағытқа – тораптың туннель бөлігіне де жетті.

Бұқтырма көшесінің ұзындығы — 830 шақырым, соның ішінде жер асты бөлігінің ұзынғы – 149 метр. Туннель Бұқтырма көшесі арқылы Талғар даңғылына дейін апарады. Құлжа даңғылымен тәулігіне 50 мың автокөлік жүріп өтеді. Ал Бұқтырма көшесінде бұл көрсеткіш 30 мыңды құрайды. Бұған дейін көлік нөпірі айналма жолға келгенде тұрып қалатын. Соның кесірінен бірнеше шақырымға созылатын кептеліс пайда болатын.

Биылғы қазан айында Бұқтырма көшесі мен Құлжа даңғылы қиылысында 4 жолақты қозғалысы бар туннель бөлігі ашылғанда осы жаққа жиі қатынайтындар бөркін аспанға атып, бір қуанып қалды. Нысанның басқарушы директоры және «Bazis Construction» ЖШС мердігер компаниясының өкілі Фариз Тутадзе мәлімдегендей, көлік торабы толығымен іске қосылғаннан кейін оның өткізу қабілеті бес есе ұлғайып, тәулігіне 340 мың автокөлік жүре алады.
Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша іске асырылған жоба Бұқтырма көшесі бойымен автокөліктің өткізу қабілетін 15 пайызға, Құлжа даңғылы арқылы 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Фариз Тутадзенің айтуынша, нысан құрылысына 200-ден астам адам, түрлі үлгідегі 50-ден астам техника жұмылдырылды. Қазан айының соңына дейін велосипед жолдары бар жаяу жүргіншілер аумақтары абаттандырылады. 360 мың шаршы метрден астам аумақты көгалдандыру және 750 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Әлбетте, мұның бәрі еліміздегі ең ірі мегаполис – мың бояулы әсем қала Алматының тұрғындары мен жан-жақтан келетін қонақтардың жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін жүзеге асырылып жатыр.

Көлік торабының құрылысы шаһардағы маңызды бағыттағы жүктемені азайту мақсатында қолға алынғаны белгілі.
Шаһардағы көлік қозғалысын оңайлататын торап бірнеше бөліктен тұрады. Бұлар – тірек қабырғалары бар туннельдер, эстакадалар және айналма қозғалыстың нөлдік деңгейдегі жолдары және барлық бағыттағы оң жақ өткелдер.
Алматы қаласы мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев осы орайда: «Бұл нысан қазан айының соңында толығымен пайдалануға беріледі. Қазір аумақта абаттандыру және су желісін қайта төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Өткел әуежайдан келе жатқан көліктердің айналма жолға түспей-ақ өтіп кетуі үшін керек», — дейді.

Көлік торабының құрылысы төрт жылға созылуының өзіндік себебі бар. Мұндай ірі жобаның құрылысын бастау үшін біраз кедергілер кездескен. Мәселен, 36 жер учаскесін сатып алуға тура келді. «Көлік торабы – тек эстакада мен тоннель салу емес. Әсіресе, Талғар су желісін қайта төсеу қиынға соқты, яғни инженерлік желілерді қайта құрудың өзі біраз уақытты алды», — дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, жаңа көлік торабы салынғаннан кейін жергілікті бюджет есебінен қандай да бір жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат жоқ. Мердігер жол сапасына үш жылға кепілдік береді.
Тұтас алғанда, үш деңгейлі көлік торабы негізгі екі бағытта – Халықаралық әуежайдан Алматыға қарай, сондай-ақ Талғар мен Алатау жақтағы елді мекендерге апаратын жолдарды көлік ағынынан босатты.
Айта кеткен жөн, қаладағы кептелісті азайту үшін бұдан басқа екі жолайрық салынып жатыр. Сейфуллин мен Жансүгіров көшелері қиылысындағы торап келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.


Ал Саин мен Мөңке би көшелеріндеі жол айрығын 2024 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Сол кезде қаладағы Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшелеріндегі көлік ағыны едәуір азаяды.

Жуырда Алматы әкімдігі тұрғындардың өтініші бойынша тағы бір жобаны жүзеге асырды. Оқушылар мен сол маңдағы шағын аудандарда тұратындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатымен Рысқұлов даңғылының бойында жер үсті өткелі пайдалануға берілді.

Наргүл Мырзахмет
Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді