
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Алматы облысында болды. Вице-премьер сапар барысында осы аймақтағы мемлекеттік бағдарламалардың, сондай-ақ туризмді дамыту жөніндегі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Алматы облысы – болашағы жарқын, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Бүгінде мұнда 1,5 миллионнан астам халық тұрады. Оның 1,2 миллионнан астамы ауылда.
Алматы облысында көші-қон мен бала туу деңгейінің жоғары болуына байланысты білім беру саласыннда жүктеме жоғары. Еліміздегі үш ауысымда оқитын мектептердің үштен бірі Алматы облысында орналасқан. Мұғалім тапшылығы бұл облыста өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша — 3550, ал Алматы облысында 375 мұғалімнің орны бос. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
А.Көлгінов Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінің №1 орта мектебіне барып, ұжыммен кездесті. 2017 жылы салынған оқу орны әу баста 600 оқушыға есептелген. Қазір мұнда үш ауысыммен 1660 бала білім алуда.
Мұғалімдермен кездесуде қазіргі педагогтің шамадан тыс жүктемесі – тестілеу, қосымша білім беру, артта қалған оқушылармен жұмыс, жоба жұмыстары, олимпиадалар өткізу, көпшілік мұғалімнің бұған қоса сынып жетекшілігі бар екендігі жайлы мәселе көтерілді. Математика, физика, химия, биология сыныптарына қажетті құрал-жабдық жетіспейді.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, үш ауысымды мектеп мәселесін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы есебінен 3 жыл ішінде шешуге мүмкіндік бар. Басқа да қаржыландыру көздерін іске қосқан абзал. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен мектеп санын көбейтуге болады. Қазіргі таңда Алматы облысында 130 мың оқушыға арналған 60-тан аса жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Жалпы үш жыл ішінде ел ішінде барлығы 500-ден астам мектеп салынады. Бұл 52 апатты жағдайдағы және 140 үш ауысымдағы білім беру мекемесінің мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
«Тәжірибелі ұстаздар Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде мұғалімдерге арналған біліктілік тестілеуінің күрделі екенін атап өтті. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі оның мазмұнын қайта қарайды. Дегенмен бұл мәселеде тепе-теңдікті табу қажет. Өйткені басты міндет – ауыл мектептеріндегі балалардың білім сапасын қалалық деңгейге дейін көтеру», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтудың маңызы зор. Алматы облысындағы мектептердің 1-4 сынып оқушылары 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап түскі аспен қамтамасыз етіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде «Аманат» партиясының сайлауалды тұғырнамасында келесі жылдан бастап ауылдық жерлерге баратын мұғалімдердің жәрдемақылары 1,5-2 теңгеден 10 миллионға дейін көтеріледі. Оларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша да көмек көрсетіледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеп жатқан жобаға сәйкес, тұрғын үй бағасының 50%-ын мемлекет есебінен субсидиялау жоспарланып отыр. Бағдарлама қабылданған кезде оның шарттары жас мамандардың ауылға баруына жақсы түрткі болады», — деп атап өтті вице-премьер.

Маман жетіспеушілігі денсаулық сақтау саласы үшін де өзекті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматы облысында 172 дәрігер жетіспейді, ал республика бойынша бос жұмыс орындарының саны 4 мыңнан асқан.
Алтай Сейдірұлы Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасында да болды. Биыл емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа операциялық блок орналастырылып, жоғары технологиялық қондырғылар қойылады деп жоспарланып отыр.
«Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы аясында үш жылдың ішінде республикада 600-ден астам медициналық мекеме, оның 38-і Алматы облысында (15 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік және 12 фельдшерлік-акушерлік пункт) салынады. Сондай-ақ Қазақстанда ұлғайту және жаңғыртуға жоспарланған 32 ауданаралық аурухананың екеуі осы ауданда орналасқан», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Алматы облысына сапары барысында А. Көлгінов «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүргізу бойынша агроөнеркәсіп саласының өкілдерімен кездесті.
«Мемлекеттік бағдарламада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілген. 2023 жылы ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам қосалқы шаруашылық және кәсіпкерлік нысанын құруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінеді. Алматы облысына 8,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл 1600 жеке қосалқы шаруашылық пен шағын өнеркәсіптің жұмысшыларын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», — деді А. Көлгінов.
Сонымен қатар, туризмнің дамуы аймақ үшін маңызды. Тау шаңғысы секторы еліміздегі болашағы бар бағыттардың қатарында.
Алматы облысына сапар аясында туристік саланы дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, Алматы облысында тау шаңғысы курорттарын салу жоспары (бұл Шымбұлаққа түсіп жатқан жүктемені азайтады), шетелдік туристер санын көбейтуге, сондай-ақ өңірге қосымша инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, жаңа бағыттар – эко және агротуризм үлкен әлеуетке ие.
JQ-Aqparat