
Алматыдағы екінші ірі тасымалдаушының есебі бойынша автобустарда жолақы 330 теңге болуы тиіс.
«Біз әкімдіктен жолақыны көтеруді сұрадық. Ондағылар өтініш алдымен мәслихаттың қарауына жіберілетінін, содан кейін нақты рәсімдерден өтуі тиіс екенін айтты. Біздің есептеуімізше, тариф 320-330 теңге шамасында тұруы тиіс. Ең болмағанда, 150-160 теңгеге дейін көтеруіміз керек», – деп informburo.kz «Тұлпар ЦДС» ЖШС директоры Марат Әлиевтің сөзінен үзінді келтірген.
Оның айтуынша, 22 тасымалдаушы жолақыны көтеруге мүдделі болып отыр. «Алдағы уақытта жанар-жағармай бағасы қанша болатынын білмеймін, бәрі қымбаттап жатыр. Қазірдің өзінде 135 теңгеге дейін өсті, қарашада 150 теңге болады дейді. Егер тарифті көтерсе, біздің жағдайымыз жақсарар еді. Өйткені, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, жарық, газ, нан, азық-түлік – бәрі-бәрі қымбаттап жатыр. Тек жолақы тарифі ғана төрт жылдан бері өзгеріссіз тұр», – деп атап өтті Әлиев.
Айта кетейік, Алматыда жолақы соңғы рет 2012 жылы 50 теңгеден 80 теңгеге көтерілген.