jasqazaq.kz

Алматыда Жеңіс күні 70-тен астам іс-шара өтіп, 21 ардагер 5 млн теңгеден алады

30 сәуiр 2025, 21:13

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов жеңістің 80 жылдығына орайластырылған басты-басты іс-шараларды атап өтті деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Қалада қазір соғысқа қатысқан 21 ардагер мен 6 мың тыл еңбеккері бар. Спикердің айтуынша, олардың бәрі мемлекеттік жәрдемақы алмақ. Жеңістің құрметіне орай әр ардагер 5 млн теңгеден, тыл еңбеккерлері 100 мың теңгеден алады. Жеңіс күні Алматыда ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мәдени, әлеуметтік, спорттық және әскери-патриоттық бағытта 76 үлкен-үлкен іс-шаралар өткізілмек. 9 мамыр күні ең басты шара 28 панфиловшылар атындағы парктегі Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюдан басталмақ. Осы жерде ардагерлер, қала тұрғындары, ардагерлер мен жастар ұйымының өкілдеріне арнап соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, ардагерлер соғыс кезіндегі көрген-білгендерін әңгімелеп, қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алысады. Сондай-ақ, 9 мамыр күні Алматыда әкімдіктің қолдауымен ардагерлер ұйымдары «Батырларға тағзым» атты патриоттық акция өткізеді. Іс-шара 10:15-те басталып, көпшілік Орталық демалыс паркінен 28 панфиловшылар атындағы паркке дейін жаяу жүріп өтіп, Мәңгілік алауға келіп салтанатты түрде гүл шоғын қоймақ. «Бірлік – мемлекеттің тұтастығының кепілі. Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Қазақстанның болашағына да бәріміз бірдей жауаптымыз», – деді Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция отансүйгіштікке баулиды. Сондықтан олар тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және ақпаратты тек ресми көздерде тексеруге шақырды. «Мерекелік іс-шараға ешнәрсенің кесірі тимеуі керек. Тек ресми ақпаратқа ғана сеніп, тәртіп сақтап, аталарымыздың ерлік істерін құрметтеуге шақырамын», – деп толықтырды Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсеков. Әсіресе жастардың патриоттық тәрбиесіне өте көп көңіл бөлініп отыр. Осыған орай оқу орындарында «Ардагер өсиеті», «Батырдың ұрпағымын» деп аталатын әскери-патриоттық акциялар өтуде. «Жеңістің 80 жылдығына орай, қалада биыл 1975 жылдан бері алғаш рет Даңқ мемориалы толық жаңартылды. Бұдан бөлек, ашық аспан астындағы әскери техника музейін ашу жұмыстары да аяқталып, Армия үйіндегі әскери-тарихи музей де қайта жаңартылды», — деп қосты Ахан Бижанов. Президенттің қаулысы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» деп аталатын мерейтойлық медаль да бекітілген. Алматыда 6200 адам осы медальмен марапатталмақ. Ардагерлерге осыншалықты көңіл бөліп, ескеріп жатқан қала билігіне ұйымдастырушылар ризашылық білдіріп, қазақстандықтарды алдағы мерекелер – Жеңіс күні мен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.
JQ-Aqparat
Сурет: rsk.almaty.kz

16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
12 шiлде, 13:05
Нақты сектор: Карбамид өзімізде өндіріледі
11 шiлде, 14:51
NATO 3.0: Әскери өнеркәсіпке басымдық
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды