
Бүгінде Алматы қаласында көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Қалада интеллектуалды көлік жүйесін енгізу, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды көбейту, метро желісін кеңейту, LRT және SkyTrain жобаларын іске асыру, сондай-ақ велосипед инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Jas Qazaq тілшісіне Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ешанқұл айтып берді.
– Алматыдағы жол кептелісін азайту мақсатында біраз жұмыстар қолға алынғанын білеміз. Осыған толығырақ тоқтала кетсеңіз.
– Иә, қазіргі таңда қаладағы басты міндеттердің бірі – көлік кептелісін азайту. Осы мақсатта интеллектуалды көлік жүйесін енгізуге ден қойылды. Бұл жүйе көлік ағындарын талдап, бағдаршамдардың жұмысын автоматты түрде реттеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Алматыда 642 бағдаршам нысаны бар. Олардың бір бөлігі автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта бұл жұмысты кеңейтіп, бағдаршамдардың барынша тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар кейбір көшелерде біржақты қозғалыс енгізу тәжірибесі жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде пилоттық жоба іске қосылды. Оның нәтижелері оң болған жағдайда мұндай тәжірибе қаланың басқа көшелерінде де қолданылатын болады.
– Қоғамдық көлікті дамыту бағытында қандай жаңалықтар бар?
– Қала тұрғындарының жеке көліктен қоғамдық көлікке көшуіне жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан қоғамдық көлік жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып келеді.
Үстіміздегі жылы Алматыда № 96, № 130 және № 145 жаңа автобус бағыттары іске қосылды. Бұл — тұрғындардың сұранысына сәйкес ұйымдастырылған маршруттар.
Сонымен бірге жолақы төлеудің Avtobys электронды жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Жаңа жүйе қолма-қол ақшасыз төлемнің барлық түрін қабылдай алады. Дегенмен «Оңай» жүйесі де өз жұмысын жалғастыра береді.
Қаладағы қоғамдық көліктің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде бүгінде экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайыздан асты. Бұл өз кезегінде ауа сапасын жақсартуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
– Ал арнайы автобус жолақтарын кеңейту жоспары қалай жүзеге асырылады?
– Қазіргі уақытта Алматыда қоғамдық көлікке арналған арнайы buslane жолақтарының ұзындығы 84 шақырымды құрайды. Алдағы кезеңде тағы 56 шақырым арнайы жолақ ұйымдастыру жоспарланған.
Соның нәтижесінде олардың жалпы ұзындығы 140 шақырымға жетеді. Бұл автобустардың қозғалысын жылдамдатып қана қоймай, жолаушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық көлікке басымдық беру арқылы қаладағы көлік кептелісін айтарлықтай азайтуға болады.
Алматының көлік жүйесін дамытудағы стратегиялық жобалардың қатарында метро желісін кеңейту, LRT және SkyTrain жүйелерін салу бар.
Сонымен қатар қала шекараларында үш ірі көлік-ауыстырып тиеу торабы салу жоспарланған. Бұл нысандар қала маңынан келетін тұрғындардың көліктерін арнайы тұрақтарға қалдырып, ары қарай қоғамдық көлікпен қатынауына мүмкіндік береді. Мұндай шешімдер қала орталығындағы көлік жүктемесін азайтуға ықпал етеді.
– Велосипед инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Алматы тұрғындарының экологиялық таза көлік түрлерін пайдалануына жағдай жасау маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Бүгінде қаладағы веложолдардың ұзындығы 89 шақырымға жетті. Алдағы уақытта тағы 38,5 шақырым жаңа веложол салу жоспарланып отыр.
Велосипед жолдарының көбеюі тұрғындардың күнделікті қозғалысында баламалы көлік түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде көлік ағынын азайтып, экологияға оң әсерін тигізеді.
– Жалпы алғанда, Алматының көлік жүйесін дамытудағы басты мақсат қандай?
– Біздің негізгі мақсатымыз – Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз, қолжетімді және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру.
Қоғамдық көлікті дамыту, интеллектуалды көлік жүйесін енгізу, метро мен LRT секілді ірі жобаларды жүзеге асыру, велосипед инфрақұрылымын кеңейту және экологиялық таза көлік үлесін арттыру арқылы қаладағы көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз.
Мұндай жұмыстар Алматының тұрақты дамуына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына тікелей ықпал етеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық