
Алматыда «Italian Beauty Days» атты италиялық косметиканың көрмесі өтті. Көрмеге келген жұртшылық италия косметикасымен танысып, Италия елінен келген косметика салас ының үздік мамандарының пікірін тыңдады. Аталған іс-шараны еліміздегі Италия Елшілігінің Сауда алмасуды дамыту бөлімі мен Cosmetica Italia косметикалық компанияларының ұлттық қауымдастығы, парфюмерия және косметика саласының жетекші өндірушілері ұйымдастырды.
Қабылдау үйіндегі шараға Италияның 22 ірі косметика өндірушісі қатысып, өз өнімдерін паш етті. Шара барысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның 300-ден астам косметика саласының мамандары италиялық өндірушілермен кездесіп, пікір алмасты. Italian Beauty Days – қазақстандық сұлулық индустриясының кәсіпқойлары, жергілікті бизнес өкілдері және сұлулыққа жаны құмар тұтынушылар арасындағы жетекші италиялық өндірушілермен кәсіби қарым-қатынас орнатуға арналған бірегей іскерлік алаң. Іс-шара қазақстандық бизнесмендерге италиялық өндірушілермен тікелей байланыс орнатуға, жаңа іскер серіктестер табуға, ынтымақтастық шарттарын талқылауға, нарықты зерттеуге, ұсыныстарды талдауға және арнайы бағалар бойынша келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Қызығушылық танытқан тұтынушылар заманауи сұлулық индустриясының үрдістері туралы ең өзекті ақпаратты алып қана қоймай, италиялық сарапшыларға барлық сұрақтарын қоя алады.
Жиын барысында сөз алған Cosmetica Italia вице-президенті Фабио Франкина: «Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұтынушылар жеке күтімге ерекше көңіл бөледі, бұл жоғары сапалы косметикаға сұраныстың жоғары болуына себеп болып отыр. Сондықтан италиялық өндірушілер үшін аймақ нарығындағы жұмыс өте маңызды. Біз жергілікті нарықтағы қатысуымызды белсенді түрде кеңейтудеміз, бұл біздің елден жеткізілетін өнімдерге қатысты деректермен де расталады: мысалы, 2022 жылы италиялық косметиканың Орталық Азияға экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 24,9%-ке өсті. Қазақстанды ғана есепке алатын болсақ, мұнда өсім 40,7%-ке жетті. Бұл таңғаларлық дүние болып саналмайды: Made in Italy косметикасы жоғары сапа мен өндірушілердің инновацияларға деген ұмтылысының арқасында танымал. Италияның косметикалық компаниялары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға орта есеппен өз айналымының кемінде 6% инвестициялайды»,-деді.
Өз кезегінде Алматыдағы Сауданы дамыту бөлімінің директоры Мартино Кастеллани мырза Италияның өндірістік компаниялары мен Қазақстан кәсіпкерлері арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, мұнда парфюмерия және косметика саласындағы халықаралық сарапшылардан кәсіби кеңестер мен ұсыныстар алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар тікелей келісімшарттар орнату мүмкіндігі де өте маңызды.

Harper’s BAZAAR Kazakhstan журналының бас редакторы Лариса Азанованың пікірі бойынша, сұлулық нарығындағы италиялық сарапшылар өз презентацияларымен таныстырып, шеберлік дәрістерін өткізіп, Қазақстан мен Орталық Азияның бизнес құрылымдарына бүгінгі ағымдағы дүниелер туралы айтып беруі, сонымен қатар тұтынушыларды жаңа өнімдер мен еуропалық тәжірибемен таныстыруы, түрлі қалалар мен облыстардан көптеген мамандарды тартуға жағдай жасайды.
Ол:«Италияда тарих бойы қалыптасқан қолөнер мәдениеті бар. Елдегі көптеген зауыттар отбасылық өндіріс орындары болып көптеген жылдар, тіпті ғасырлар бойы жұмыс істеп келеді. Егер атасы парфюмер болса, немересі де парфюмер болады. Тұжырымдамалық тәсілдердегі, технологияларды енгізудегі, сондай-ақ хош иістендіргіштер философиясының өзінде бір түбегейлік қалыптасқан. Бүгінде біз осының барлығын еліміздің жетекші өндірушілерінің өнімінен анық байқаймыз. Жаңа шешімдерде толы, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің әсерін де, мүлдем жаңа дүниелерді табуға деген ұмтылысты да сезінуге болады. Бүгінгі таңда Italian Beauty Days іс-шарасына қарапайым италиялық компаниялар емес, өз өндірісінде ең озық технологияларды қолданатын компаниялар қатысуда»,- деді.
Мақпал Ноғайбаева