Алматы облысының әлеуеті одан сайын артады

11 мамыр 2023, 17:08

Алматы облысы — ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша әлеуеті зор аймақтың бірі. Жалпы бұл кез келген саланы өрге бастырып, дамытуға қолайлы өңір. Тек көзін тапса, болғаны.

Бүгінде облыста «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» іске асырудың нақты жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыс қолға алынған. Халықтың кірісін арттыруға арналған бағдарламаның негізгі бағыты ауыл шаруашылығын дамыту, осы салада халықтың кірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу десек, Еңбекшіқазақ ауданында бұл бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр.

БАҚ өкілдерінің осы ауданға баспасөз сапары барысында Jas qazaq-тың тілшісі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласындағы тың қадамдарды өз көзімен көріп қайтты.

Балық өндірісі артады

Ең алдымен журналистер қауымы Есік қаласындағы балық өсірумен айналысатын King fish компаниясының тыныс-тіршілігімен танысты.


Аталған компанияның балық өндіру саласында қызмет етіп жатқанына биыл 10 жыл болыпты. Бүгінде оның құрамында 4 балық шаруашылығы бар. Өндірістің жылдық қуаты 500 тоннаға дейін жетеді. Шаруашылықта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Мұндағы негізгі басымдық балықтың форель түрін өсіруге бағытталған.
Серіктестіктің бас маманы Мәрлен Тұрсынәлі шаруашылықтың жәй-күйін былай деп түсіндірді: «Алдағы уақытта балық өндіру көлемін 200 тоннаға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қосымша жұмыс күшін арттыру ойымызда бар. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, шетелден сатып алынған шабақтардың жалпы құнының 50 пайызына, балық жемінің 25 пайызына субсидия алып отырмыз», — деді.
Аталған шаруашылық негізінен форель өсіруге маманданған. Өндірістен бөлек, балық шаруашылығына арналған бассейндер, балық түзу құрылғыларын орнатумен айналысады.

Бетон діңгектің пайдасы мол

Келесі ат басын бұрған компания — бетон діңгек шығаратын зауыт. Бұл зауыт Орта Азиядағы бетон діңгек шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыттың Алматы облысының аумағында орналасуы бекер емес. Өйткені бұл діңгектің алма мен жүзім өсіруге тигізер пайдасы мол. Біз бас сұққанда зауыт жұмыскерлері өнімді дайындап, бетон діңгектерді ұзындығына қарай бөліп жатты.

Аталған кәсіп түрімен Еңбекшіқазақ ауданындағы Unifruit ЖШС 2016 жылдан бастап айналысады. Бетон діңгектер шығарудағы басты мақсат – алма мен жүзімнің өнім көлемін арттыру. Бұл діңгектер тірек қызметін атқарып, жас көшеттердің жерсінуіне ықпал етеді. Өнім еліміздегі басқа зауыттарға тасымалданады. Сонымен қатар бірқатар компаниялармен байланыс орнатылған. Өндіріс италияндық тәжірибеге сүйене отырып, қолға алынған.

Компания басшысының орынбасары Бекжан Маратов өндіріс туралы былай деді. «Біздің компания бірнеше сұрыпты алма өсірумен айналысады. Алматы облысының табиғаты алманың бірнеше түрін өсіруге өте қолайлы. Климаттық жағынан да ыңғайлы. Жылдан-жылға тұтынушылар тарапынан сұраныс та артып келеді».
Бүгінде зауытта 120-ға жуық маман қызмет етеді. Жылдық қаржы айналымы — 3,3 млн теңге. Қуаты 30 мың дана діңгек шығаруға жетеді. Алдағы уақытта компания өнім көлемін өсіріп, соған орай қызметкерлердің де санын арттыруды жоспарлап отыр.

«Адал» жергілікті тұрғындардың кірісін арттырады

Аудандағы ең ірі кәсіпорынның бірі — Космос ауылында орын тепкен «Адал» АӨК кешені. Компания екі жыл ішінде өнім көлемін 2 есеге арттырмақ. Компания басшылары облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке арнайы жобаны таныстырып, қолдауын алған.

Компания басшысының кеңесшісі Керімтай Әбдірахмановтың айтуынша, қазіргі таңда фермада күніне 3 рет 860 сиыр сауылып, 30 тонна сүт өндіріледі. Ал екі жыл ішінде 2000 сиыр сатып алынса, күніне 70 тонна сүт өндірілмек.

«Облыс әкімдігінде өндіріс ошағын кеңейту бойынша жобамызды қорғап, өңір басшысының қолдауына ие болдық. Мұнда еуропалық гальштейн сүтті сиырын ұстап отырмыз. Кешенде 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», – деді Керімтай Әбдірахманов.

Сонымен қатар ол сүтті еуростандартқа сәйкестендіру мақсатында шетелдік мамандар компания өкілдерін оқытуға келетінін айтты.

«Біздің өнім Алматы қаласы мен оған іргелес жатқан елді мекендердегі 6000 дүкенде саудаланады. Сүт өндіруге шикізат Алматы облысының аудандарынан және Жетісу облысынан әкелінеді», – деді маман.

Сондай-ақ бұл жерде мал азығын дайындау үшін арнайы бөлім құрылған. Еншісінде 3000 гектар суармалы алқап бар. Ол жерде жоңышқа, соя, бидай секілді дақылдар өсіріледі. Бұл бөлімде жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері 300-400 мың теңге аралығында.

Күзгі маусымда жұмыс күші көбейеді

Біз барған келесі кәсіпорын — Есік қаласында орналасқан жеміс консервілеу зауыты. Кәсіпорын күзгі маусым кезінде 270-тен астам адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Зауыт директоры Бақыт Болысбаевтың айтуынша, кәсіпорында алма, өрік шырындары мен пюресі, томат пастасы шығарылады.

Өздеріне қарасты алқапта жыл сайын 450 гектар қызанақ, 50 гектар асқабақ, 50 гектар бұрыш өсіріледі. Сондай-ақ 125 гектар алма, 205 гектар өрік ағаштары тағы бар.
«Зауыт жылына 5700 тонна дайын өнім шығарады. Маусымдық жұмысқа 270 адам тартылады», – деді кәсіпорын басшысы.
Сапар барысында алқапқа арнайы барып, қызанақ көшеттерін отырғызу технологиясын көрдік. Бұл жұмыстардың бәрін Италиядан әкелінген техника атқарады. Тамшылатып суару тәсілі қолданылады. Кәсіпорынның өнім өсіретін өз алқабы, дайын өнімді сақтайтын қоймасы бар. Мемлекеттен бөлінетін арнайы субсидияның арқасында кәсіпорын отандық сұранысты жауып, өнімдерін көрші елдерге экспортқа шығаруды көздеп отыр.

Қаланы етпен қамтиды

Алматы облысында жұртты жұмыспен қамтып, кірісін арттыруға өзіндік үлесін қосып отырған шаруашылықтың бірі — «АгроБалтабай» ЖШС. «АгроБалтабай» ЖШС директоры Евгений Чепконың айтуынша, аудандағы мал бордақылау алаңына «Ауыл аманаты» бойынша 1200 сиыр сатып алынады. Қазіргі таңда мал бордақылау алаңында 2000 бас ірі қара мал бар.

«Компанияның іргесі 2021 жылы қаланды. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім беріп, жобамыз қолдау тапты. Несиені 7 жылға алмақпыз. Бағдарлама аясында 1200 қазақы ақбас сиыр сатып алынады», – деді серіктестік директоры.

Сонымен қатар Евгений Чепко 20 мамырдан бастап мал сойылып, еті өңделуге жіберілетінін айтты. Еттің бір килосы 2200 теңгеден сатылады.
«Бізде осы ауданда 1200 гектар дақыл егілетін жеріміз бар. Ал Кеген ауданында 2000 гектар жерге арпа, бидай егіледі. Мұнда 53 маман қызмет етеді. Оның ішінде ветеринар дәрігерден бастап, тракторшыға дейін бар. Орташа еңбекақы көлемі 180 мың теңгеден басталады», – деді Евгений Чепко.
Осылайша біз Еңбекшіқазақ ауданындағы компаниялардың жемісті жұмыс істеп жатқанына көз жеткізіп қайттық. Мемлекеттік қолдаумен әлеуетін кеңейтіп, аудан халқын жұмыспен қамтуға үлес қосып отырғаны қуантты.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы
Суреттерді түсірген Аслан Қажеке

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады