
Алматы облысының атқамінерлері мүгедектер есебінен ақша үнемдеуге кірісті. Талғар ауданындағы зағип жандардың қамқоршылары осы айдан бастап жарты жалақыларынан қағылып отыр. Өйткені аудандық жұмыспен қамту орталығы олардың жұмыс сағатын қысқартқан. Ал әлеуметтік көмекшілер мардымсыз айлықты місе тұтып отырған жоқ.
Талғар ауданындағы зағиптар бұдан былай өз беттерінше жүріп-тұрудан қағылуы мүмкін. Өйткені осы айдан бастап әлеуметтік көмекшілеріне төленетін еңбек ақы екі есеге дейін қысқарды. Зағиптардың қамқоршылары бұрын күніне сегіз сағат бірге жүріп, жол көрсететін. Енді аудандық атқамінерлер оны төрт сағатқа дейін қысқартқан. Тиісінше айлықтары да азайды. Сондықтан олар ай сайын алатын 20 мың теңге үшін көзі көрмейтін жандарға қамқоршы болудан бас тартып отыр.
Бердібек Бақбаев, әлеуметтік көмекші:
-Талай жерге апарамыз ғой. Аурухана, Цон,, шаштаразға апарамыз. Алған 4 сағаттың ақшасы сол жолға кетеді ғой. Оған біз келіспей тұрмыз істемейміз деп. Басында 40 мың алғанбыз қазір 20 мыңға түседі ғой. Келіспейміз, істемейміз.
Ал зағиптар қамқоршылардың көмегіне зәру. Өйткені көзі мүлде көрмейтін мүгедектерді әлеуметтік көмекшілер күнделікті жетектеп жүреді. Тіпті кейбірі құжат рәсімдеу, анықтама алу мен ақшаларын да көмекшілеріне сеніп тапсырған. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектер есебінен ақша үнемдеуге кіріскен атқамінерлердің әрекетіне өкпелі.
Салтанат Байқашова, бірінші топтағы мүгедек:
-Кезекке тұрсақ та адамды көрмейсің. Сұрағанмен артында тұру керексің. Ауруханаға барғанда. Сол үшін жетекшілер бізге өте қажет. 4 сағатқа дені сау адам 15-20 мың теңгеге жұмыс істемейді.
Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер расымен де 18 әлеуметтік көмекшінің жұмыс сағатын қысқарттық дейді. Өйткені тексеріс кезінде көмекшілердің жалған табель толтырып, жұмыс уақытын көбейтіп көрсеткенін анықтапты. Сондықтан сағаттарын қысқартып, айлықтарын азайту туралы шешім қабылдаған.
Жаден Байысбаев, Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
-18 адамнан 9 адам жұмыста болды.. Мысалы қараңыз жеке көмекші алып келгенде жарты сағат кіргізеді, түсте тағы жарты сағат алып кетеді, кешкісін үйіне жарты сағатта апарады. 2 сағат кетеді. Ал біз 4 сағат беріп отырмыз. 2 сағат артық беріп отырмыз.
Ал бұл ұсыныспен келіспегендерді күштеп ұстамаймыз дейді атқамінерлер. Яғни ауданда жұмыссыз жүргендер көп екен. Сондықтан зағиптардың қолтығынан демеп, жол көрсетуге екінің бірі келіседі дейді басшылар.