jasqazaq.kz

Алматы облысында төтенше жағдайларға қарсы қандай жұмыстар жүріп жатыр?

Бүгін, 17:07

Алматы облысында табиғи апат қаупі жоғары аймақтар саны аз емес. Төтеншеліктердің мәліметінше, өңірде 57 сел, 195 сырғыма, 55 көшкін және 13 су тасқыны қаупі бар учаске анықталған. Таулы аймақтар мен өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекендер үшін мұндай мәселелер жыл сайын өзектілігін жоғалтпайды. Осыған байланысты облыста төтенше жағдайлардың алдын алу, гидротехникалық нысандарды бақылау, халықты ескерту және қауіпті аумақтарды тұрақты тексеру жұмыстары күшейтілген.
Бұл туралы Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Рахман Кәрімжан Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

— Алматы облысында табиғи апат қаупі жоғары аймақтарның ахуалы қандай?

— Облысымызда таулы аймақтар көп болғандықтан сел, көшкін және сырғыма қаупі әрдайым бақылауда болады. Қазір Алматы облысында 57 сел қаупі бар, 195 сырғыма қаупі бар, 55 көшкін қаупі бар және 13 су тасқыны қаупі бар учаске анықталған. Бұл бағытта Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазселденқорғау» және «Қазгидромет» мекемелері бірлесіп тәулік бойы мониторинг жүргізеді.
Біздің негізгі мақсатымыз — төтенше жағдайдың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан қауіпті аймақтар тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда «Tasqyn» жүйесі мен «Darmen» қосымшасы арқылы халыққа жедел ескерту хабарламалары жіберіледі. Бұл жүйелер қауіп туралы ақпаратты тұрғындарға жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.

— Су қоймаларындағы жағдай қалай бақылауда ұсталып отыр?

— Облыстағы ірі су қоймаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда «Қапшағай», «Күрті», «Бартоғай» және «Бестөбе» су қоймаларында су толтыру жұмыстары штаттық режимде жүргізілуде. Олардың толу деңгейі 54 пайыздан 97 пайызға дейін жетіп отыр. Ал қалған су қоймаларындағы орташа толу деңгейі шамамен 67 пайызды құрайды.
Мысалы, Бартоғай су қоймасына арнайы визуалды тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде комиссия құрылып, су деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылданды. Себебі су көлемінің шамадан тыс көтерілуі қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан мұндай нысандар жіті бақылауда болады.

— Есік көлі маңында да тексеру жұмыстары жүргізілгені айтылды. Қандай мәселелер анықталды?

— Иә, Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік көліне жүргізілген тексеру барысында бірнеше мәселе анықталды. Атап айтқанда, су өткізу туннельдерінің торлармен жабылып қалғаны белгілі болды. Сонымен қатар тікұшақ қонатын алаңда кедергілер бар екені анықталды.
Бұл — өте маңызды мәселе. Себебі төтенше жағдай кезінде авиациялық құтқару жұмыстары жылдам жүруі керек. Егер тікұшақ алаңында кедергілер болса немесе су өткізу арналары бітелсе, бұл құтқару жұмыстарына қауіп төндіреді. Қазіргі таңда анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— Сырғыма қаупі бар аймақтарда қандай жұмыстар атқарылуда?

— Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында арнайы профилактикалық тексерулер жүргізілді. Бұл жұмыстар барысында кей жерлерде табиғи беткейлердің бұзылуы және заңсыз құрылыс фактілері анықталды.
Таулы аймақтарда рұқсатсыз құрылыс салу өте қауіпті. Өйткені жер опырылып кетуі немесе көшкін жүруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлар анықталған кезде тиісті шаралар қабылданады.
Сонымен қатар Кеген ауданындағы Көлсай көлдері аумағында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тау жыныстарының қауіпті беткейлері арнайы торлы қоршаумен бекітілді. Оның ұзындығы 27 метрді құрайды. Бұдан бөлек, көшкін қаупін төмендету үшін 30 метрлік габиондар орнатылды.

— Балалардың қауіпсіздігі бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Бұл бағыттағы жұмыстар да тұрақты жүргізіледі. 2026 жылдың басынан бері облыс бойынша 16 рейд өткізілді. 700-ден астам тұрғын үй тексеріліп, 760 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындарға 700-ге жуық жадынама таратылды.
Көп жағдайда балалардың терезеден құлап кету фактілері кездеседі. Сондықтан көпбалалы отбасыларға терезе блокираторларын орнату бойынша арнайы акциялар ұйымдастырылып жатыр. Бұл — алдын алу шараларының бірі.

— Сел қаупінің алдын алу үшін қандай қаржы бөлінді?

— 2025 жылғы сел қаупі кезеңіне дайындық мақсатында облыстық бюджеттен «Қазселденқорғау» филиалына 168,8 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат мұздық көлдерден су ағызу, селден қорғайтын бөгеттерді жөндеу және гидротехникалық нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталды.
Қазіргі таңда жеті нысан бойынша жұмыстар толық аяқталды. Мысалы, Түрген өзені бассейніндегі мұздық көлдердің эвакуациялық арналары жөнделді. Есік өзеніндегі гидротехникалық құрылыстар тазартылды. Сонымен қатар Талғар бөгетінде жөндеу және селсақтағыштарды тазарту жұмыстары жүргізілді.
2026 жылы да бұл жұмыстар жалғасады. Мореналық көлдердегі алдын алу шараларын жүргізуге қосымша 111 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

— Өрт қаупінің алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

— Алматы облысында өрт қауіпті кезең наурыз айынан қараша айына дейін жалғасады. Осыған байланысты орман шаруашылықтарымен бірлесіп алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда облыс бойынша 61 адамнан тұратын 13 мобильді топ құрылған. Олар орман алқаптары мен қауіпті аймақтарда рейд жүргізеді. Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторинг жүйесі арқылы өрт ошақтары анықталып отырады.
Әлеуметтік желілерде де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Instagram, Facebook, VK платформаларында қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттар жарияланып тұрады. Елді мекендердің маңайы құрғақ шөп пен жанғыш қоқыстардан тазартылып, минералдандырылған жолақтар жасалды.

— Жалпы облыстағы жағдай тұрақты ма?

— Иә, қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат — төтенше жағдайдың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 17:07
Алматы облысында төтенше жағдайларға қарсы қандай жұмыстар жүріп жатыр?
Бүгін, 14:21
Туристический потециал Отырара: новый взгляд на древнее наследие
Бүгін, 14:02
В Туркестанской области введены в эксплуатацию 29 «Комфортных школ»
Бүгін, 14:00
Туркестанская область - лидер по краткосрочным экономическим показателям
Бүгін, 13:59
Туркестан: Ведется строительство солнечной электростанции мощностью 300 МВТ
Бүгін, 13:57
30 предприятий Туркестанской области приняли участие в выставке «ULTTYQ ÓNIM - 2026»
Бүгін, 13:52
Туркестан: в Ордабасинском районе откроется завод по переработке костей крупного рогатого скота
26 мамыр, 16:59
Как формируется интерес студентов к чтению книг в Туркестане?
26 мамыр, 16:54
Эльмира Идрисова: Главная цель университета — подготовить учителей нового формата