
Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың айтуынша, былтыр қайта бөлінген өңірге қоныстанушылардың қатары артып келеді.
Оның айтуынша, әсіресе, соңғы жылдары осы аймаққа алыс-жақын шет мемлекеттерден көшіп келушілердің қызығушылығы жоғары.
«Былтыр Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысы өз алдына бөлініп шықты. Территориялық аумағы кең саналатын облыстың көші-қон ахуалына айрықша назар аударылады. Жалпы атамекенге қоныстанушы азаматтарға қандас мәртебесін беру заң аясында жүзеге асырылады. «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» заңына және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-Ө-м бұйрығымен бекітілген «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» қағидаларына сәйкес көрсетіледі», — дейді Айгұл Ахметова.
Алматы облысының табиғаты да, жер жағдайы да ауыл шаруашылығын өрістетемін деген жандарға өте қолайлы. Содан кейін де шығар, осы аймаққа қоныстанушылардың саны артып келеді. Облыс аумағына 1991- 2022 жылдар аралығында көшіп келген 223 511 этникалық қазаққа (73 135 отбасы) оралман мәртебесі берілген.
«Осы қоныстанушы азаматтар қай елдерден келді дегенге тоқталсақ, Өзбекстаннан 564 отбасы (784 адам), Қытайдан 269 отбасы (401 адам), Моңғолиядан 27 отбасы (34 адам), Түркіменстаннан 19 отбасы (27 адам), Ресейден 21 отбасы (24 адам), Қырғызстаннан 4 отбасы (4), Тәжікстаннан 1 адам (1 отбасы) көшіп келді.

Алматы облысының аудандарына көшіп келушілер көбіне Алматыға жақын аудандарға қоныстануға ұмтылады. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданына — 288, Жамбыл — 366, Іле — 159, Қарасай — 482, Талғар — 120, Балқаш — 2, Кеген — 19, Қонаев қаласына 12, Ұйғыр ауданына 5 адам қоныстанған. Тарихи танына келген этникалық қазақтарды жоғарыда аталған аудандармен салыстырғанда, қандастардың үлесі өте төмен өңірлерге қоныстандыру орынды деп санаймыз. Атап айтқанда, бұл — Балқаш, Кеген, Райымбек аудандары және Қонаев қаласы. Тарихи отанына қандастарды қабылдау индикаторларын 2027 жылға дейін ұлғайту жоспары бойынша, биыл облысқа 4 697 этникалық қазақ келеді деген жоспар бар», — дейді Айгүл Ахметова.
Басқарма басшысының айтуынша, Алматы облысына көшіп келушілердің арасында шағын, жеке кәсіпкерлікті өрістеткен, жиһаз жасайтын, тігіншілікпен шұғылданатын, өзінің шеберханасын болмаса цехын ашып жұмысын өрістетуге ұмтылатын еңбек адамдары да баршылық. Қазіргі уақытта қандастарды орналастыру үшін бейімдеу орталығын ашу, пәтерлерді тұрмыстық заттар, жиһазбен жабдықтандыру жоспарланып, алдағы уақытта жүзеге асырылады. Көшіп келушілер қандас мәртебесін алуда біздің мекеменің қызметіне жүгіне алады. Өтінішті қабылдау және «қандас статусын беру немесе ұзарту» бойынша мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады.
Қуаныш Рахмет,
Алматы облысы