Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді

24 сәуiр, 14:05

Бүгінгі заманда әр адам қаржылық сауатын арттырып қана қоймай, бюджетін жоспарлап, қаржысын көбейту жолдарын білуі керек. Сондай-ақ банк өнімдері мен салық заңнамасынан да хабардар болғаны дұрыс. Оның үстіне соңғы кездері алаяқтардың торына түсіп, жиған-тергенінен айрылып қалғандар көбейді. Сондықтан Алматы қаласының барлық ауданында «AMANAT» партиясы мен Алматы қаласы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен, қала тұрғындарына арналған «Қарызсыз қоғам» атты бес күндік тренинг өткізіліп жатыр. Jasqazaq.kz тілшісі Бостандық ауданындағы «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, тренингке келушілермен сұхбаттасты.

Алматыда «Қарызсыз қоғам» жобасын қалалық «AMANAT» партиясы мен қала әкімдігі бірлесе 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап жүзеге асырып келеді. Жоба басталғаннан бері бүгінгі күнге дейін 9 ағын оқытылып, бас-аяғы үш мыңға жуық қатысушы қаржылық сауатын арттырған көрінеді.

Жалпы биыл осы жоба аясында Алматы қаласының 12 мың тұрғынын өз қаржысын ұтымды басқаруға және өз шығындарын оңтайландыруды үйрету көзделген.
Бостандық ауданы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының модераторы Сандуғаш Есенова тренингке қатысуға ниет білдіргендерге несиені тиімді жолмен төлеу, отбасының кірісі мен шығысын есептеу, банк несиесі мен тиімді мөлшерлеме туралы дәріс оқыды.


Сандуғаш Есенова, «Қарызсыз қоғам» жобасының модераторы:

«Біз ең алдымен отбасылық шығынымызды есептеп, үйренуіміз керек. Әр адам айлық табысы мен шығынын жеке есептегені жөн. Одан бөлек, күнделікті шығындарды жазып жүруіміз керек. Кейбіріміз айдың соңына ақшамыздың қайда жұмсалғанын білмей отырамыз. Бұл қаржы сауатының жоқтығынан. Сондықтан мен сіздерге ең алдымен кіріс пен шығынды есептеу, жалақыны тиімді жұмсау, сонымен бірге несиені тиімді өтеуге тоқталып, барынша қарапайым түсіндіруге тырысамын.
Әр адам несиелік қарызға кіріп кетпеуі үшін ең алдымен несие мен оның пайыздары, несиені алу мен есептеу жолдарын көрсетемін. Сонымен қатар отбасылық қаражатыңызды тиімді басқаруға арналған үй тапсырмаларын беремін. Тренингке қатысушылар бес күн бойы қаржылай сауаттылықты арттыру, қарызсыз қоғамды қалыптастыруды үйренеді. Біздің мақсатымыз -халықтың қаржылай сауаттылығын арттыру, тұрғындарға барынша түсіндіру».

Тренинг барысында қатысушылар өз бастарынан өткен оқиғаларын ортаға салды. Әлеуметтік желіде орын алып жатқан қаржы алаяқтығы, қаржы пирамидасы сынды тақырыптар да жан-жақты талқыланды.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушы Әйгерім Асаубаеваның айтуынша, мұндай тренингтердің маңызы зор екені сөзсіз.

Әйгерім Асаубаева, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы тренингке қатысушы:

«Мен бүгін тренингке екінші күн келіп отырмын. Алғашқы күннің өзінде-ақ біраз маңызды дүниелер айтылды. Осы тренингтің арқасында көзім жеткені: көбіміз тапқан табысымызды дұрыс жұмсауды білмейді екенбіз. Жалақы қолға тиген соң оңды-солды ұстайтын, сосын ақшаның қайда кеткенін білмей қалатын сәттер бәрімізде болатын шығар. Бізге үй тапсырмасы барысында тиімді нәрсеге және тиімсіз нәрсеге жұмсалған шығындарды есептеу жөнінде тапсырма берілді. Бір ай тұрмақ, күн сайын түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке ақшаның жұмсалып кететініне көз жеткіздік. Мен осы тренингте қаржыны тиімді нәрсеге жұмсауды үйрендім. Сонымен бірге үнемдеу, несиені алғанда қандай жағдайларға мән беру керек, оны қалай тиімді өтеу керек дегенді де үйреніп жатырмыз. Бұл тренингтің пайдасы зор. Әлі де талай дүниелерді үйренетініме сенімдімін. Ең бастысы, қаржылай сауаттылығым артып келеді».

«Қарызсыз қоғам» шарасына Бостандық ауданының 50-ден астам тұрғындары қатысты. Тренингке үзбей келіп қатысқан адамдарға сертификат табысталады.
Оқыту шеңберінде: қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізеді. Тренингке қатысушылардың қалауы бойынша, өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік грант және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар қатысушыларға заң жағынан көмек беру қарастырылған.

Мақпал Махаметқызы,

Алматы қаласы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді