Бірде жеміс-жидек алайын деп Алматыдағы ірі сауда орталығының біріне кірдім. Шыны керек, өзіміздің апортты таба алмадым. Сауда сөрелері керісінше Польша мен Қытай алмасына толып тұр. Бағасы да жоғары. Осылайша үйге бос дорбамен қайтқаным бар. Ал сізді неге өз алмамызды жемейміз деген сұрақ толғандыра ма? Неге біз өз алмамызды өсірмейміз? Неге шетелдің екі есе қымбат өнімдеріне құштармыз? Өз бағбандарымыз не өндіреді? Жеміс-жидек өсіруге не кедергі? Осы сынды бірқатар мәселелер Алматы іргесіндегі Алмалық аулындағы Помологиялық бақта өткен отандық фермерлер мен тауар өндірушілердің жиынында талқыланды.

Алманың отаны Қазақстан саналса да, еліміз алма экспорты жөнінен әлемде тек 42-орында тұр. Жалпы біздегі алма бақ алқаптарының көлемі 34 мың гектарға жуық екен. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайту үшін сапасы жоғары 3 млн көшет отырғызу керек. Бұл іспен Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институы және жекелеген шаруалар айналысады. Бағбандарды ойландырған басты мәселенің түйінін шешуге арналған шараның ұйымдастырушысы «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті. Кәсіби бағбандар мен ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты мамандарын бір арнаға тоғыстырған жиында отандық бағбандарды ойландырған түйткілді мәселелер айтылып, жауапты мамандар тиісті шара қолданылатынына уәде беді.

Республикалық «Бақ күні» деп аталып, алғаш рет ұйымдастырылған бұл шара жыл сайынғы өтетін дәстүрлі ауқымды кездесуге айналатынын айтты Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институының басқарма басшысы Серік Садықов. Ол: « Мен барлық қонақтар мен қатысушыларға біздің шараға қатысуға ниет білдіргендері үшін алғыс айтқым келеді. Іс-шараның өтетін орны мен тақырыбы кездейсоқ таңдалмады, әйгілі ботаник Иоганн Сиверс бүкіл әлемге біздің қазақстандық тауларда өсетін алма ағашын танытты. Оның тарихын бәріміз білеміз. Біздегі алма зерттеушінің құрметіне «Сиверс алмасы» деп аталды» — деді. Ол бұдан әрі бұл саланың жағдайы көп нәрсені талап ететінін атап өтті. Қазақстанда қарқынды бағбандықты дамытудың салалық бағдарламасы қабылданды, сонымен қатар институт жеміс дақылдары мен жүзімнің 100-ден астам сорттарын дайындады. Институт қызметкерлері нарықта бірқатар зерттеулер жүргізіп, онда біраз проблемалық мәселелер бар екенін анықтады. Бүгінгі жиын өсімдік шаруашылығындағы мәселелерді талқылап, оны шешудің жолдарын табу үшін ұйымдастырылып отыр. Жауапты сала мамандарының басын қосып осы жағдайларды талқыламақ екендерін айтты. Жиын барысында отандық өнім өндірушілердің көрмесі, сала мамандарының дөңгелек үстелі мен дискуссиясы ұйымдастырылып, шетелден келген бағбандар өз жұмыстарын таныстырды. Айтулы жиында отандық бағбандарды толғандырған мәселелер мен оны шешудің жолдары талқыланды. Әсіресе Италиядан келген қонақ Курт Верттің Алматының алмасы жайлы айтқандары көпшілікке ой салды. Ол:«Біз Қазақстандағы жабайы алманы зерттеп көрдік. Бұл елде әлем бойынша алманың ең ғажап түрлері бар. Алматыдағы алма бақтары әлемде жоқ байлық. Менің ойымша сіздер бұл байлықтың қадірін түсінбей жүрсіздер. Алманы әлемге таныту үшін жарнамасын да ауқымды жасағандарыңыз жөн. Өйткені әлемдік алма өсіру мамандары — алманың отаны Алматы екенін біле бермейді. Мен ойлаймын мемлекет басшылығы болсын, жауапты министрліктер болсын осы ғажайып құндылықты сақтап қалуға, әлемге танытуға атсалысады. Бұл мәдени жағы болғанымен, экономикалық жағын да қарастырғанымыз жөн. Өйткені Қазақстан алма өсіруді мықтап қолға алып, жемісті әлемдік нарыққа шығара алады. Өйткені алма өсіруге табиғат өте қолайлы» — деді. Италиялық қонақтың сөзін отандық бағбандар да растап отыр. Алманы өз елімізде өсіріп, тіпті экспортқа да шығаруға қауқарымыз бар. Тек мемлекеттен тиісті көмек көрсетілсе деп отыр. Осы орайда тәжрибелі агроном Сергей Терещенко жиынға арнайы жолдаған видео үндеуінде: «Біздің елімізде бағбандық әлеуетін арттыруға барлық ресурстар бар. Әлемдегі 15 мың алманың сорты біздің «Сиверс» алмасын негізге ала отырып пайда болған. Біз көбінесе көшеттерді Туркия, Италия, Австралия сынды басқа елдерден әкелеміз. Ал оның барлығы бізге тексерілусіз өтеді. Осының кесірінен неше түрлі зиянкестер қаптап, ағаштар түрлі ауруларға ұшырап жатады. Біз көшеттерді өзге елдерден алмай-ақ өзіміз де дайындай аламыз. Ол үшін сапалы көшеттер дайындауымыз керек. Ал сапалы көшеттерді өсіру үшін бізге мемлекеттің қолдауы керек» — деді.

Түркістан облысынан келген бағбан Танабай Шынтасов көрмеге жер жаңғағы мен жүзімнің, алма мен алмұрттың отандық сұрыптарын ала келіпті. Мемлекеттен тиісті қолдау болса отандық көшеттерді дамытып, экономикаға да айтарлықтай үлес қосар едік дейді. Ол өз кезгінде: « Бізге жеңілдетілген несие берілетін болса, біз Қазақстанға қажетті көшеттер шығарып беруге шамамыз келеді. Себебі мамандарымыз бар. Материалды-техникалық базамыз бар. Мысалы, миллион көшет шығару үшін 600 млн теңге ақша керек. Кредит алайын десең, қазіргі кредиттің ең төменгі проценті 14% деп есептейік. Мен 4 жыл көшет дайындаймын. Төрт жылда пайыз қандай болады? Ол мүмкін емес. Сондықтан осы салаға көңіл бөлу керек деп ойлаймын»- деген ойын ортаға салды.
Жиында агроном мамандығының тапшылығы, субсидия беру, шет елдік өнімдер неге нарықты жаулап алды, отандық көшеттерге назар аударыла ма осы сынды бірқатар мәселелер сөз болды. Кездесу барысында сөз алған Алматы облысы бойынша бағбандар қауымдастығының жетекшісі Әрсен Рысдәулетов шетелдік өнімдерге неге тәуелді екенімізді айтып өтті. Ол: «Бүгінгі күнде Алматы облысындағы 1400 гектар жер бағбандық шаруашылығына тиесілі. Оның ішінде 1100 гектары интенсивті (қарқынды) бақ. Біздің қауымдастық көшеттерді Нидерланды, Италия, Польша, Туркиядан алады. Неге отандық көшет отырғызушылардан алмаймыз деген мәселе жиі туындайды. Ең алдымен айта кетейін біз шетелден көшеттерді алған кезде белгілі бір кепілдігімен аламыз. Ол көшеттердің біздің елге жерсініп кететіндігіне кепілдік береді. Егер қандай да бір жағдайлар туындаса онда төленген қаржының бір бөлігі қайтару жағы да қарастырылған. Біздің бағбандарымыз да сапалы көшет өндіруге уәде беріп отыр. Алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеу жағын талқылап жатырмыз. Көбінесе сырттан келген көшеттерден пайда болатын түрлі зиянкестер мен аурулардың алдын алу шаралары жиі қозғалады. Қазір еуропалық мамандар да, біздің мамандар да түрлі аурулардың қайдан пайда болғанын нақты айта алмайды»- деді.

Жиында сөз алған «ҚазАгроФинанс» корпорациясының мамандары өз кезегінде отандық бағбандармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты. Биылғы жылы өткен жылға қарағанда субсидия алуда едәуір ілгерлеушілік байқалыпты. Тек Алматы облысы емес, Түркістан, Жамбыл облыстарында да қаржыландырудың өсімі өскен. Қаржыландыру «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады екен. Ауыл шаруашылығын қолдау қорының маманы Мұрат Ысқақовтың айтуынша, қор 2015 жылдан бері бағбан ісін жандандыру бойынша 20 жобаны қаржыландырыпты. Оның ішінде шет елден әкелінетін көшеттерді қаржыландыруға қомақты ақша жұмсалады. Егер де сапасына жауап беретін отандық көшеттерді өндіретін болсақ, оның бағасы да тиімді болатынын айтып өтті. Қор 5 гектар жерге шамамен 2 миллиондай қаржы жұмсайды екен.

Ал Жамбыл облысынан келген тәжрибелі агроном Бақыт Сауранбаев отандық көшеттерге енді ғана назар аударылып келе жатқандығын айтты. Ол: «Мен 20 жылдан бері отандық көшет өсірумен айналысамын. Бір кездері ауыл шаруашылығы министрлігі отандық көшет өндірушілерге көңіл бөлмей, тек шет елден әкелінетін көшеттерге қаржы бөлгені бар. Айнадай таза жерімізге түрлі аурулар да осы көшеттерден келді. Жасыратыны жоқ соңғы жылдары бірнеше бағбандар министрлікке қайта-қайта жазып отандық көшетке назар аударуды өтініп, соңғы жылдары әрең олардың бетін бері бұрдық. Біздің отандық өнімдер де шетелдіктерден кеме емес» — деді. Ал еліміздегі жердің 4 пайызы ғана – орман. 2025 жылға қарай елімізде бау-бақшадан жиналатын жеміс-жидек көлемін 420 мың тонна жеткізу жоспары бар. Ол үшін сапасы жоғары көшеттерді таңдап, будандастыру және жерсіндіру мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына сүйену керек дейді мамандар. Осындай басқосулар жиі ұйымдастырылса, еліміздегі отандық жеміс-жидек пен көкөніс өндірушілерінда айтарылқтай серпіліс болады. Жиында айтылған мәселелер тек сөз жүзінде қалып қоймай нақты орындалуы тиіс шараға айналса игі болар еді.
Мақпал Ноғайбаева
фото автордікі