Кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау – Үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Сондықтан бизнестің мәселелері Үкіметте «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді.
«Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,4%-ға дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ға өсіп 4,3 млн адамды құрады», — деп атап өтті Премьер-Министр.Сонымен қатар республикада бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылдануда.
Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда.
Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқарады.
Премьер-Министр Үкімет республиканың барлық өңірінің орта бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін айтты. Оларға жергілікті өндірісті ұйымдастыруға перспективалары жоғары өнеркәсіптік бағыттар ұсынылды.
«Ол үшін инвестициялық заңнамада мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Бизнес өкілдерін өндірістерді локализациялау үшін белсенді жұмыс жасауға шақырамыз», — деді Премьер-Министр.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов қазақстандық қамтуды дамыту ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
«Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Үкімет өз тарапынан, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеруге дайын», — деді Премьер-Министр.
JQ-Aqparat