
Қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау егемендіктің алғашқы жылдарын еске алып, елорданы ауыстыру мен «Қазақстан — 2030» стратегиясын іске асыру бастамасын қалайша қабылдағанын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Әлі есімде, 94-ші жылдың шілде айы еді. Жалақы мен зейнетақы жартыжылда бір рет төленеді. Дәл сол кезде Президент Парламентке келіп, елорданы ауыстыру керек деп мәлімдеді. Сонда мен — әкіммін, xалық келіп, қайдағы елорда, қайдағы астананы ауыстыру, жейтін еш нәрсе жоқ деп, маған өз реніштерін айтты. Шынымды айтсам, адамдарға еш жауап бере алмадым. Енді, шыны керек, ондай шешімді қабылдау үшін мемлекеттің дамуына сенімді болу керек. Әйтпесе, шалыс басып, жағдайымыз одан да бетер қиындап кететін еді. Әлем бойынша ондай мысалдар аз емес», — дейді А.Рау. Оның айтуынша, ел астанасын ауыстырудың экономикалық қана емес, идеологиялық мән-мағынасы да зор болды. Себеб бәрі бір идеяның аясында топтасты, бір мақсатқа күш салды. «Араға екі-үш жыл салып, 2030 стратегиясы жарияланды. Біз ол кезде Түркияда болып, сол жақтағы арнайы экономикалық аймақтарды құру тәжірибесін зерттедік. Керемет әсер алып келсек, шұғыл Парламентке шақырып, стратегияны жариялаймыз деді. Сонда бәрі қайдағы стратегия деп шықты. Енді, бүгінде мен өзім нақты мақсат-міндеттер болмаса, шаруаның бітпейтінін түсініп отырмын. Сол кезде осыны дұрыс түсінбедік. Қазір қарасақ, біз еліміздің көліктік әлеуетін іске асырып келеміз. 2030 стретегияны ашып қарасаңыз, дәл осы мақсат-міндет басты бағыттардың бірі ретінде белгіненген. 97-ші жылы сол мақсатты қойдық, 20 жыл болды, сол мақсатқа күш салып келеміз. Нақты нәтижесі де жоқ емес», — деп атап көрсетті вице-министр.
ҚазАқпарат