Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?

18 қазан, 11:59

БҮГІНГІ ЗАМАНДА АЛАЯҚТЫҢ «ҚОЛЫ ЖҮРІП», АЙЛА-АМАЛЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР. АУЫЗДЫ СӘЛ АҢҚИТСАҢ, АҚШАҢДЫ ҚАҒЫП ӘКЕТЕДІ. ӘСІРЕСЕ, ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ОБАЛ. «ПӘЛЕН ЖЕРДЕ БІР КЕЙУАНА БҮКІЛ АҚШАСЫН ӨЗ ҚОЛЫМЕН БЕРІП ЖІБЕРІПТІ» ДЕЙТІН АҚПАРАТ ШЫҒАДЫ ДА ЖАТАДЫ. ОЛ АЗДАЙ, БАНККЕ ЖҮГІРІП НЕСИЕ АЛАТЫНЫН ҚАЙТЕРСІҢ. ӘНШЕЙІНДЕ ҚАРЫЗ БЕРГЕНШЕ «ҚАНЫҢДЫ ІШЕТІН» ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫ ДА ОСЫНДАЙДА ЖОМАРТ БОЛА ҚАЛАДЫ. БІРЕУДІҢ ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІН ҚОЛҒА ТҮСІРІП, СОЛ АДАМНЫҢ АТЫНАН НЕСИЕ РӘСІМДЕГЕН ЖАҒДАЙЛАР ҚАНШАМА?

Көптің көкейінде жүрген осы мәселені Мәжіліс отырысында Асхат Рахымжанов көтерді. Ол өзінің депутаттық сауалында алаяқтық жолмен несие алуға банктердің қатысы бар-жоғын тексеруді талап етті: «Бас прокуратурадан алаяқтық жолмен несие берген банктердің осы қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруді талап етеміз. Сондай-ақ банктердің кінәсінен зардап шеккен азаматтардың несиесін жоюды ұсынамыз. Оны банк өз есебінен жойсын. Сонда олар өздерінің ақпарат қауіпсіздігін күшейтуге мүдделі болады».

Сондай-ақ депутат екінші деңгейлі банктердегі барлық келісімшарттарды тексеретін жұмыс тобын құруды ұсынды. Өйткені алаяқтық дерегі расталған күннің өзінде, сот көбіне банктердің жағына шығып, зардап шеккендерді несиені төлеуге мәжбүрлейтіні өтірік емес. Әсіресе, ауылдарда бір адамның атынан алынған несие сомасы 20-40 млн теңгеге дейін жетіп, оны төлеуге ғұмыры да жетпейтін жағдайлар болып жатады. Сөйтіп қарызы мұрагерлеріне өтеді.

Депутаттың айтуынша, несиенің кесірінен өз-өзіне қол жұмсау да қалыпты құбылысқа айналып барады. Мамандардың өзі жеме-жемге келгенде алаяқтың қақпанына түсу оңай екенін ескертеді. Тіпті egov.kz порталында несиеден бас тартуды рәсімдеу де кепілдік бола алмайтын көрінеді. А.Рахымжанов әдетте банк талабына сай келмейтін, тиісті табысы жоқ адамға несие алу қиын екенін айтады. Есесіне, алаяқтық схемамен зейнеткерге бірнеше несиені рәсімдей салу оңай. Демек бұл – банктің өзінде қандай да бір әрекет жасалмаса, жүзеге аспайтын шаруа.

«Сондықтан ел ішінде жолға қойылған бір тізбек бар екенін сеніммен айта аламыз. Жеке деректерге қол жеткізетін алаяқтар – банктерді қорғайтын сот – азаматтардың талабы мен өтінішіне құлақ аспайтын құқық қорғау өкілдері. Соның нәтижесінде банктер мен олардың қожайыны, сондай-ақ оларды қорғаштайтындар қалтасын қампайтуда», – дейді депутат.

ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов кешегі өткен брифингте мұндай түйткілдің бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, банк қызметкерлері клиенттердің жеке деректерін бөгделерге берген жағдайлар бар. «Иә, өкінішке қарай, мұндай деректер кездеседі. Өткен жылы да, биыл да біз екінші деңгейлі банктерде тексеру жүргізіп, осы үшін жазаға тарттық. Бірақ мұнда ондай бұзушылық нақты бір жағдаймен байланысты, яғни банк қызметкері белгілі бір сыйақы үшін керек деректерді беріп отырған», – дейді ол.

Руслан Әбдіхалықов алаяқтарға тосқауыл қою үшін сall-орталық ашылуы мүмкін екенін жеткізді. Қазір олар ҰҚК-мен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Мұндай орталық мемлекеттік техникалық қызмет базасында болуы тиіс. Әрмен қарай Ұлттық банк пен байланыс операторының антифрод орталығымен кірігеді. Сонда келіп түскен кез келген белгі өңделеді, күдік туындаған жағдайда абоненттің sim-картасы мен мессенджердегі аккаунттары бұғатталады. Бәлкім, алдағы уақытта мұндай орталық құрылатын да шығар. Нәтижесі де оң болар. Әйтсе де, әзірге алаяқ деген дәумен бетпебет келгенде жалғыз төтеп беруге тура келеді. Өйткені көбіміздің жеке дерегіміз шетелдегі алаяқтардың қолында. Біресе «тергеуші», біресе «антикор» болып қоңырау шалатындар солар.

Наргүл МЫРЗАХМЕТ

06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?
06 желтоқсан, 11:27
ОПЕК+ елдері 2026 жылға дейін мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісті
04 желтоқсан, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус