jasqazaq.kz

Алаяққа неге алдана бересіз?

04 желтоқсан 2020, 12:46

«Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Һәкім Абай үшінші қара сөзінде сипаттаған қазақ мінезіндегі қасіреттің таразыдағы тасы ғасыр алмасса да, ауырламаса, жеңілдемей тұр.

Қазір адамдық құндылықтың құны доллар бағамындай өз бағасын жоғалтып барады. Көптен қауқылдаспаған танысың қоңырау шалса, амандықтан кейін автоматты түрде «не шаруа?» деп сұрайтын күйге түстік. Қым-қуыт тіршілікте жай ғана біреу сөйлесу үшін байланысуы мүмкін деген түсінік санадан сызылып бара жатқанға ұқсайды. Есесіне тағылық инстинкт дамып жатыр. Өз пайдаң үшін біреуді алдау, пайда көру деген қалыпты құбылысқа айналды. Уәденің қадірі қалмай, төрден босағаға безді. Сенімге селкеу түсіруден селк етпейтін надандықтың тамыры тереңге жайылғаны жанға батады-ақ. Ондайлардың қақпанына аңдаусызда түсетін сол баяғы ақкөңіл, аңқылдаған қазекем. Сорақысы сол, мұндай жылпостар туралы мың рет естіп, көріп, біліп жүргенмен, сақ дегендердің өзі орға құлап, бармағын шайнап қалады.

Қазір жиған-тергеніңді берсең, тер төкпей-ақ баспана алып беремін дейтін алаяқтар көбейді. Сондайлардың біріне оңбай ұрынған Алматы облысы Жамбыл ауданындағы бір топ тұрғын редакцияға қоңырау шалды. Күн батысты бетке алып, Ұзынағаш ауылдық округіне келер күні жеттік. Бірі – сатушы, екіншісі – еден жуушы, үшіншісі жұмыссыз аналар қарсы алды. Әңгіменің «әлқиссасын» бірден алаяқтық құрбаны болдық дегеннен бастады. Бәрінің басындағы жағдай бір. Әкімдік арқылы мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деген жеке нотариустың уәдесіне имандай сеніп, 1,5 млн теңгесін санап берген. Үйлерінде жинап жүрген қоры болса бір жөн. Қарызданып-қауғаланған, туысының атынан несие алған. Әйтеуір, «қашанғы өзгенің босағасын сағалаймыз, мүмкіндікті жібермей үйлі болайық» деген оймен қарыз ұйығына батса да, барын беріп тәуекел еткен.

Даудың басы 2016 жылы басталыпты. Мәдина деген келіншек «бір жыл шыдасаңдар қоныс тойын тойлайтын күн де қашық емес» деп елеңдетіп қойған. Он екі ай алып-ұшқан көңіл күймен күтіп жүрген. Қайта жолыққанда «тағы да күту керек» деп шығарып салған. Ақырында не үй жоқ, не ақшаны да қайтармаған. Бізге мұңын шаққан үш баланың анасы Гүлмира Ықсанова жанарына жас алды: «Төлеп бергеннен кейін бір жарым жылдың ішінде үйге кіресіздер, ешнәрсені уайымдамаңыздар. Пәтерге ақша төлеуден құтылып, өз үйлеріңізге ақша құясыздар деп бізді әбден сендірді. 10-15 жылда үй өзіңіздікі болады дегенді де қосты. Кейін ол қыз деген әкімдік ауысты, үйтті-бүйтті деп жауаптан сытылып отырды. Одан 2017 жылдан кейін Мәдинаны кеңсесінен де таппайтын болдық». Гүлмираның кебін кигендер көп. Әкімдік арқылы шешемін дегенге шәк келтірмегендер қандай бағдарлама арқылы алып беретінін де нақтыламаған. Таяқтың екінші ұшы өздеріне тиетінін іштей сезгенмен, ол жауапкершілікті толық мойындағылары келмейді. Әйтпесе, ең болмаса әкімдікке хабарласып, үй беруге қатысты қандай бағдарлама бар деп сұраса, көңілдерінде сенім емес, күдік көбейіп, қомақты ақшаны бермес бұрын қызметін ұсынған келіншекті сұрақтың астына алар ма еді? Ондай әккі қулар өз клиенттерін алыстан таниды. Қаржысы барға емес, өлместің күнін кешіп жүргендердің ортасына қармақ тастайды. Қармақ қабарына сенеді. Солай да. Өйткені айлығы шайлығына жетпейтіндердің психологиясында «бұйыртқанын көреміз, мүмкіндікті жіберіп алмайық» деген түсінік бар. Соның күшімен өзінде жоқ ақшаны жердің астынан болса да табады. Байыбына бара бермейді. Статистика бойынша, мұндай алаяқтардың торына жиі түсетіндер осындай адамдар. «Білместікпен бармақ шайнап қалдық» дегендер былтыр Жамбыл аудандық полиция басқармасына арыз жазған. Бірақ өгіз аяңмен жүріп жатқан істің өндіргені шамалы. Күдікті бостандықта. Тіпті бертінде төртінші баласын алаңсыз босанып, мамыражай тірлік кешіп жатқан көрінеді. Шырылдаған тұрғындарда шаруасы да жоқ. Алданған жандар полиция басқармасының табалдырығын тоздырғанмен, нақты жауап ала алмапты. Развангул Усманова: «Полиция басқармасы істі дұрыс жүргізбей отыр. «Төртінші баласын босанды, баласы 18-ге толғанда ғана арыздана аласыңдар» деп бізді шығарып салды. Бұлай болмайды ғой. Заң жоқ па сонда бізде? 1,5 млн теңгемізді кері қайтару үшін 18 жыл күтуіміз керек пе?», – дейді ашынып.

«Тағдырластар» ватсап желісінде арнайы чат ашқан. Қатары күн сайын артып келеді. Таяуда әлгі келіншектің алаяқтығына қатысты екінші былықтың беті ашылды. Ұзынағашқа қоңсы Қаскелең қаласындағы бірнеше тұрғынды дәл осы Мәдина қан қақсатып кетіпті. Оларға үй емес, арзан жер алып, заңдастырып беремін деп уәдені үйіп-төккен. Өз қызметі үшін 600 мың теңге алатынын да алдын ала айтқан. Мұндағылар да ойланбай ол соманы тауып берген. Ақша алғаны жөнінде ең болмаса қолхатын да алмаған. Соның кесірінен, өз шындықтарын дәлелдей алмай әлек. Бірнеше мәрте арыз жазды, сотқа жүгінді. Еш нәтиже жоқ.

Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін Алматы облыстық полиция департаментіне хабарластық. Олар бәрінен хабардар. Жағдайдың егжей-тегжейін білу үшін Жамбыл аудандық полиция басқармасына сұрау жібергендерін жеткізіп, араға екі күн салып хабарласты. Алайда тергеудің қалай жүріп жатқанына қатысты жарытып жауап бере алмады. Бар айтқандары – «Бұл іс жіті бақылауда, алдағы уақытта толығырақ жауап береміз».

Алаяқтың құрбандары, амал жоқ, тергеу қорытындысын күтуге мәжбүр. Кеткен ақша кері қайтар деген көмескі үміттің оты сөнбеген. Осыдан кейін мұндай жағдайға енді ұрынбаспыз деп бізге серт бергендей соңғы сөзін айтты. Сенгендей сыңай таныттық…

Бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай алаяқтықтың сан түрі күнде айтылғанмен, сабақ болып жатқаны шамалы. Еңбек етпей, оңай олжаға кенелгісі келетіндер азаяр емес. Олардың «бағына» аңқаулар да табыла кетеді.

Асқарбек Қазанғап

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде