Алаяқ көп болса, аңқаудың соры

09 шiлде 2023, 10:53

Өмірімізге ғаламтор деген ғажайып енгелі пайдасын да, зиянын да көріп жатырмыз. Тілі шыққан баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қолымыздағы айфон-смартфонға телмірдік те қалдық. Қоғамдық көлік, базар-дүкенді былай қойғанда, той-томалақта шұқшиямыз да отырамыз. Интернеттің кейде пайдасынан зияны көп пе дейсің… Мәселен, соңғы жылдары виртуалдық кеңістікте алаяқтық құлашын кең жайды. Қаржы пирамидасы, психолог-коучтардың тұзағы туралы ақпарат құралдары жазудай-ақ жазып жатыр. Соған қарамастан, алданатындардың саны көбеймесе, азаяр емес.

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – алаяқтықтың сан түрінен зардап шеккендер. Олар басқаларға сабақ болсын деген ниетпен бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті.

Арзан тауарға алданды

Ержан Тоқтар – Атырау өңірінің тумасы. Жасы-22-де, мамандығы – оператор. Ол әлеуметтік желідегі «Түркияға тапсырыс беріңіз, арзан бағаға ыдыс-аяқ алып, пайдаға кенеліңіз» деген жарнамаға сеніп, біраз ақшасынан қағылып қалыпты. Қалай болғанын кейіпкеріміздің өз аузынан білейік.

«Азын-аулақ жинаған ақшам болатын. Шағын кәсіп ашудың жолын іздеп жүргенмін. Бір күні Инстаграм желісінен «Түркиядан тікелей тауар» дегенді көзім шалды. Толық ақпарат алу үшін жарнамаға басып қалсам, тапсырыс алушы «барлық сұрағыңызға жауап береміз» деді. Кейінгі әңгімеміз WhatsApp желісінде жалғасты. Әлгі адам тауар жөнелтумен айналысатын қазақстандықпын деп сендірді. Бұл бизнес арқылы біраз адамның материалдық жағдайы көтеріліп, қаржылай жағдайын да түзеп алғанын мысалмен келтірді. Тіпті бір-екі адамның суретін жіберіп, бизнестерін қалай бастап, мол қаржыға кенелгені туралы видеоларын да көрсетті. Тапсырыс алушы көрсеткен каталогтағы тауарларды белгілеп, тиісті соманы аударсаң болды, кәсіпкер болып шыға келесің деп соқты. Тіпті әуежайдан тауарын күтіп алып, мәшинесіне басып жатқан біраз адамды атады. Мен де үйдегілермен ақылдасып, ыдыс-аяққа тапсырыс берейін деп шештім. Жеңгеме көрсетіп едім, ол өзінің құрбыларына сатып беретінін айтып, сол арада клиенттер де табыла кетті. Абырой болғанда, олардан ақша алмадым. Алдымен 200 мың теңгемен бастап көрейін деп, осы сомаға туралап тапсырыс бердім. Әлгі адам лезде тапсырысымды қабылдап, бір аптада тауардың келетінін айтты. Бірақ тауар мен жеткізу сомасын бірден аударуым керек екен. Әлгі кісіге сенгенім сонша, 300 мың теңгеге жуық ақшаны жіберген шотқа аударып жібердім. Бір аптадай менімен хабарлама арқылы сөйлесіп жүрді. «Бәрі дұрыс, уайымдама деп қояды. Сөйтсем, қызық алда екен. Әлгі жігіт дәл тауар келетін күні телефонын сөндіріп, ұшты-күйлі жоғалды. «Менмұндалап» тұрған жарнамасын да Инстаграмды мың ақтарып таба алмадым. Ақша аударған нөмір де сөндірулі. «Жаңа жылға жаңа ыдыс-аяқ аламын» деген жеңгемнен де ұят болды. Ақша да жоқ, ыдыс-аяқ та жоқ. Сонда ғана барып, алаяқтың арбауына түскеніме көзім жетті. 300 мың теңгені дау қылып, шағым түсіруге де көңілім соқпады. Тек мен сияқты алданып қалмаңыздар деп басымдағы оқиғамен бөлісіп отырмын. Тым болмаса, алданған адамдардың саны азайсын».

Жалған махаббат қалтасын қақты

Шетелдік жігітпен отау құрып, үйлі-баранды боламын деген келіншектің арманы күл-талқан болды. Жасы отыздан асқан Нұргүл танысу сайтына тіркеліп, жар іздейді. Өзі туралы қысқаша мәліметті енгізіп, суретін жүктегеннен кейін хаттар келе бастайды. Бір күні мекенжайын Дубай деп көрсеткен көрікті жігіт «Нұргүлге сұлу екенсіз» деген хабарлама жолдайды.

«Сізді ұнатып қалдым» деген сарындас хаттар күнде келді. Танысу сайтынан шығып, жеке нөмірімді бердім. Хат жазыса бастадық. Халил таңның атысынан кештің батысына дейін гүлдің суретін салып, неше түрлі жылы сөздер жазды. «Дубайда бірнеше ресторан желісі бар тәжікстандық азаматпын, әйеліммен ажырасқанмын» деп жазды. Басы бос азаматпен сөйлесуден мен де кет әрі емеспін. Бақытымды тапқандай болып, үйдегі анам мен балама көңіл аударуды қойдым. Күндіз жұмыста болсам, кеш батысымен телефонға телміремін. Шетелдік жігітім неше түрлі қызық әңгімелер жазады. Арасында аудио хабарламамен де сөйлесіп тұрады. Тек бейне хабарламамен хабарлассам, түрін көрсетпейді. Ананы-мынаны сылтауратып, жақын арада Алматыға келетінін айтып жұбатады. Бір-екі ай өткеннен кейін «Жаным, екеуміз үйленеміз, менің іздегенім де сендей жан» деп жазды. Осы аралықта кәдімгідей бауыр басып, оның толассыз келетін хаттарын асыға күтетін болдым. Хат жазып жүрген жігітім екі тәуліктей хабарласпады. Осы аралықта оған бірнеше мәрте хабарласып, хат жаздым. Оның жазбаларына үйренгенім сонша, бір мезетте өмірім тоқтап қалғандай күй кештім. Неше түрлі ойлармен арпалысып отырғанымда жігітімнен: «Жаным, уайымдама, менің бизнесімде кішкене қиындықтар болып тұр. Соны реттеген соң Алматыға келемін. Тіпті билет те алып қойып едім, мына проблемаларды шешкен соң келермін», – деп жазыпты.

«Ойбу қандай қиындық, бәлкім, мен көмектесе алармын?»,– деп жауап жаздым. Жігітім: «Жо-жоқ, өзім бірдеңе қылармын, әттеген-ай, Алматыға баруыма кедергі болып тұрғанын қарашы» деп әрі қарай жұмбақтап жазады. Сонымен не керек, мен оған көмектескім келетінін айтып, күнде хат жазамын. Бір күні Халилден: «Жаным, бизнесімнің салығы төленбей, шоттарымды бұғаттап тастады. Мұндағылар аштыру үшін қомақты қаржы сұрап жатыр, көлігімді ломбардқа қойдым. Сонда да сәл-пәл 2 мың доллар ақша жетпей тұр, көмектесе аласың ба? Алматыға келгенде бірден қайтарамын», – деген хабарлама алдым. Тым құрыса, теңгемен бір миллион теңге тауып берейін деп, көрші-қолаң, туған-туыс, құрбылардан ақша сұрай бастадым. «Миллион теңге керек» десем, барлығы көздерін бақырайтып ондай ақша жоқ екенін айтты. Соңғы үмітім – банкте. Банкке барып едім, айлығым аз болғандықтан, 500 мың теңге ғана бере алатындарын айтты. Халилге оның сұраған ақшасының жартысын ғана тауып бере алатынымды айтып едім, «қанша тапсаң да жібере бер, қалғанын достарымнан алатын болдым, тек 1-2 күн кешіксек, бизнесімнен айырылып қаламын» деп шырқырады. Сонымен банкке қайта бардым. 500 мың теңгені алып, Халил айтқан нөмірге «киви-әмиян» арқылы салып жібердім. Ол ақшаны досының нөмірі арқылы шешіп алатынын айтты. «Ақшаны аудардым» деп хабарлама жазып едім, жігітімнен хабар жоқ. Бір аптадай күттім, телефонға телмірем де отырам. Тіпті үйдегі анам мен он үштегі балама да назар аударуды қойыппын. Ал Халил болса сол күннен бастап байланысқа шыққан жоқ. Нөмірлері жүйеде тіркелмеген. Танымайтын адамға сеніп, несиеге кіргенімді кейін барып түсіндім. Енді бұл несиені төрт жыл бойы төлеймін. Полицияға шағым жазып едім, мұндай оқиғаның мыңнан асатынын айтып шығарып салды».

Коуч өмірімді өзгертпеді

Алматының тұрғыны Раушан «Үш жылдан бері қаншама психолог-коучтардың сабағына қатыстым, қыруар қаржы төледім. Өмірім өзгерген жоқ» деп налиды. Ол әлеуметтік желіде танымалы бар, танымал емесі бар, психолог-тренерлердің сабағына үзбей қатысыпты. Тіпті олар айтқан адам нанғысыз «техниканың» бәрін жасапты. Жастыққа қырық ине қадап, қырық тілек тілесе де, ақшаны бөлменің төрт бұрышына тықпыштаса да, түк өзгеріс жоқ.

«Ең алғаш рет баршаға танымал ақын қыздың сабақтарына қатысып жүрдім. Жабық сабақтары 3000-15000 мың теңгенің аралығында. Үйде баламен отырғаннан кейін, өмірімді өзерткім келді. Өзімді дамытайын деп шештім. Жолдасым да ол ойымды қолдап, қажетті ақшаны беріп отырды. Ол осыдан үш жыл бұрын болатын. Қосыл деген уақытында қосыламыз, әлгі кісі «Өзгергің келсе, ең алдымен, сана-сезіміңді өзгерт. Ешкімді тыңдама. Мақсат қой, мақсатқа жету үшін ізден» дегенді қайталай берді. Осы сарындас бірнеше коучтардың сабағына қатыстым. Балам үш жасқа келіп, жұмысқа шықтым. Жолдасым екеуміздің тапқанымыз тамақ, пәтерақы мен балабақша төлемінен аспайды. «Бизнесіңді ашып, дамы» дейтін бірнеше онлайн сабақтарға да қатысып көрдім. Олар да жалпылама ақпарат бергеннен басқа, кәсіпті нақты немен ашу керек, неден бастау керек екенін ашып айтпайды. Бұлардың айтатыны да – мақсат қойып, соған жету. Сонымен керек, үш жылда қаншама психолог пен коучтарға бәленбай ақша жұмсадым. Есептеп көрсем, кәдімгідей бір кәсіп ашатын ақша кетіпті. Әдемі киініп алып, әдемі сөйлей білетін алаяқтардың арбауына түскенімді кеш түсіндім. Ондай сабақтарға мен сияқты мың адам тіркеледі. Мың адамнан түскен қаржыны есептей беріңіз. «Аңқау елге – арамза молда» деген мақал бекер айтылмаған екен. Ондай «мыстандар» мен сияқты мыңдаған адамның қаржысына қалтасын қампайтады. Алаяқтар адамның эмоциясымен, психологиясымен ойнайды. Жанды жерімізді дөп басып, ақыл айтқанда, қалай сенгеніңді өзің де сезбей қаласың. Ондай «бизнесі жоқ бизнесмендер» жалған сөзбен арбайтын нағыз «ораторлар». Біз олардың жылтыраған өміріне алданамыз. Бірі Түркияда, бірі Дубайда, бірі Америкадан тікелей эфирде сабақ жүргізеді. Ал біз сол жылтырақ әлемге сеніп, олардан үміт күтеміз. Түсінгенім, өміріңді өзгерткің келсе, ешкімді тыңдамай, тек өзіңе сену керек! Қазір екі жерден жұмыс тауып, екеуіне уақыт тауып үлгеріп жүрмін. Жолдасым да қосымша жұмыс істеп, болашақ үйімізге қаржының басы құрала бастады. Тек еңбекпен ғана пайда табу керек екенін түсіндім. Әр коучты аңдып, соның қалтасын толтырып жүргендерге айтарым, ақшаны дұрыс нәрсеге жұмсай білейік. Менің қаншама уақытым мен қаржым желге ұшты. Ең бастысы, қателескенімді түсіндім. Коучсымақтардың сөзіне сеніп, мен сияқты өкініп жүрмеңіздер».

Мақпал Ноғайбай

P.S.

Осы аптада Атыраудың 60-тан астам тұрғыны жиһаз жасайтын компанияға алданып қалғанын айтып, шуласты. КТК телеарнасының хабарлауынша, кейбірі 4 миллион теңгеден астам ақша төлепті. Алайда әлі күнге дейін тапсырыс берген дүниелері дайын емес.
Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған компания жеңілдік жасап, тапсырыс берушілерді түрлі сыйлықпен қызықтырыпты. Банк арқылы несиеге рәсімдеуге де мүмкіндік жасалғандықтан, еш күмәнданбаған жұрт сан соғып қалған. Жалпы «Альянс групп» компаниясына 60-тан астам атыраулық 35 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Мұны компания басшысы да растап отыр. Ал полиция алаяқтық бабымен іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын айтты.

Маман пікірі

Нұркенже Нұржанов, қаржы саласының маманы:

«Интернет алаяқтықтың кең тараған түрі әлеуметтік желідегі сауда алаңдарындағы түрлі хабарландырулардан басталады. Ол жерде қандай да бір тауар немесе қызмет түрлері адамды қызықтыратындай етіп суреттеледі. Алаяқтар адамдарды арзан бағамен немесе тауардың тез жеткізілуімен қызықтыратын түрлі қызмет түрлерін ұсынады. Ақырында сатып алушыға алдын ала толық немесе жартылай төлем жасауды өтініп, үшінші адамдардың шотына ақша аудартады.
Мен сіздерге алаяқтардың амал-тәсілін қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін. Соңғы уақытта кең тараған интернет алаяқтық – бұл қандай да бір компанияға, биржаға немесе букмекерге ақша салып, бірнеше уақыттан кейін ақшаны еселеп қайтарып алу туралы хабарламалар. Кейбір алаяқтар азаматтарға «банк операторы» болып телефон соғып, картадағы сезікті операциялар туралы хабарлап, жеке ақпараттарды біліп алуға тырысады. Қазір мұндай хабарлама мен қоңыраулардың алаяқтың әрекет екенін біраз жұрт біліп алды. Бұған дұрыс ақпараттандырудың әсері болғанын айту керек. Бірақ әлі де болса алаяқтардың құрығына түсетіндердің саны азаймай отыр. Интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін жеке құжаттағы деректер мен банк картасындағы мәліметтерді, аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен код сөздерді ешкімге, тіпті өзін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырғандарға, сондай-ақ интернет сатушыларға бермеу керек. Жалпы банк болсын, басқа да құзырлы органдардың қызметкері болсын, сіздің жеке мәліметтеріңізді сұрамайды. Осыны ұмытпаған жөн. Сонымен қатар жеке деректерді күмәнді сайттар мен өзге де желілерде «карта енгізіңіз» деп көрсетілген орынға жазуға болмайды. Ең бастысы, танымайтын адам мен белгісіз біреудің есепшоты болсын, киви-әмияны болсын, сенімсіз адамға ақша аударуға болмайды. Одан да қаржыңызды өз мақсатыңызға жұмсаңыз. Қазір адамдардың көзі ашық, қаржылай сауаттылығы да артып келеді. Біз алаяқтық туралы неғұрлым көбірек айтқан сайын, жолын кесеміз».

Маман пікірі

Нұрсұлу Аралбаева, психолог:

«Байлыққа жылдам кенеліп, адам сенгісіз қаржыны иеленемін деген әрбір адамның ар жағында өткір әлеуметтік мәселе тұр. Ондай кезде адамдар өзінде жоқ нәрсеге қол жеткізу үшін тәуекелге баруға дайын. Интернетке көшу уақыт талабы екенін білеміз. Бұл – қазіргі жаһандану үрдісі. Өйткені желі арқылы да пайда табуға болады. Ондағы аудиторияның ауқымы кең. Жеке қарым-қатынастың болмауы жұмысты тіпті жеңілдетті. Адамның жүзін көрмесең, оны алдау оңайға соғады. Оны ішкі эмоциясы арқылы басқару оңай.
Адам қобалжып, ойы сан-саққа шашыраған кезде шешім қабылдауы тежеледі. Бұрын көшеде сығандар адамдарды алдап-арбап, алтыны мен ақшасын үптеп кететін. Алаяқтар қандай да бір жолмен сенімге кіруге тырысатын. Қазір бұл адам қобалжыған кезде басқаруға дайын тұратын манипуляцияға айналған. Қатты әсерлену, сезімге берілу ойлауды шектейді, соның нәтижесінде себеп-салдарға құрылған байланыстар бірнеше есе баяу жұмыс істейді, кейде тіпті жұмыс істемейді. Қарапайым адам өзін алдауға, нәтижелерді бұрмалауға, айла-шарғы жасауға бейім болса, алаяқтың торына түседі. Бұл – алаяқтар үшін ең жақсы құрбандық, олар бір-біріне тартылады. Жеке көзқарастың, сыни ойлаудың болмауынан қалыптасатын өте қызық алдау механизмі. Сыни ойлаудың болмауы ақыл-ой, оның ішінде эмоционалды дамумен тікелей байланысты екенін білеміз. Алаяқтық құрбаны – өзінің қарым-қабілетін бағалай алмайтын адам. Мұндай адам ақша табудың күмәнді түріне жүгінбей, жақсы өмір сүру үшін өзінің қабілетін дамытуы керек».

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды