Ақбұлақтағы қантөгіс

24 қыркүйек 2021, 11:53

Кешкі бестен кете болған қанды қасап, бес адамның өмірін қиған шырғалаң уақыт өте келе көмескі тартатыны белгілі. Ал бүтіндей бір арқа сүйер асқар тауынан, белтірек азаматынан, бауыр еті баласынан бейбіт күнде айрылған жандардың жүрегіне қатқан жара жазыла ма? Ауыр қайғының салмағы алдымен қара жамылған отбасы мен ағайын-туғанның иығына түсері анық. Алла оларға сабыр берсін, марқұмдардың алдынан жарылқасын.

Оқиғаның қалай болғаны, неден тұтанғаны, екі бірдей полиция қызметкерін, сот орындаушыны, бес адамды өлтірген И.Дужновтың әйеліне тиесілі үйді банктің кепілдігінен сатып алған жаңа иесі мен оның танысын ажалға не айдап барғаны айтылып, жазылды.

Оқиғадан кейін көптің көкейінде күмәнді ойлар ұялады. «Атқыш И.Дужнов аңшы мылтығымен бес адамды жайратып салған екен, неге полиция қызметкерлері табельдік қаруын кезенбеді» деген сұрақ туды. Игорь Дужновқа тиесілі аңшы мылтығы «Вепрь» карабині екен. 2008 жылдан бастап Дужновтың атына тіркеуде тұр. Демек бұл үйде тұратын адамның заңды тіркелген қаруы бар екенін учаскелік полицей білуі тиіс. Сот орындаушы және үйді сатып алушылармен бірге келгенде, осыған мән берілуі керек еді. Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал майоры Қанат Таймерденов қызметкерлерінің неліктен қару қолданбағаны туралы өз болжамын айтты. Қ.Таймерденов учаскелік полиция қызметкерлерінің қару қолданбауын «үйдің ішінде балалар болғандықтан, солардың өміріне алаңдап атпауы мүмкін» деді. Бұл тек болжам ғана. Бір емес, екі бірдей полицейдің неліктен қаруын қолданбауы бұлыңғыр. Анық-қанығы тергеуден кейін анықталады. Ел аузында Дужнов үйінің қоршауына қамап алып атқаны айтылып жатыр. Ақпарат құралдарына сұхбат берген Игорь Дужновтың әйелі, бес адамның өмірінің қиылуына себеп болған даулы үйдің иесі Анаида Демирчян қылмыскер күйеуін ақтағысы келгендей. Қанды қырғын болатын күні түскі сағат екінің шамасында сот орындаушы, полицейлер, үйді банктің кепілінен сатып алушы мен оның танысы келген. Жанжал үш сағатқа созылған. Анаида осы арада «Боран» мен прокуратура өкілдерін шақырып, қоңырау шалғанын айтты. «Боран» мен кезекші прокурор неге келмеді шақырту түссе? Анаида Демирчян «Банк біздің үйімізді нарықтағы бағасынан бірнеше есе төмен бағалап, өзімізге айтпастан сыртымыздан сатылымға қойып саудалап жіберген. Біз берешегімізді кешіктірмей төлеп келеміз» деді. Көп өтпей, шулы үйді кепілге қойып, несие рәсімдеген банк өкілдері де өз пікірін айтты. А.Демирчянның несиесін уақытында өтемегенін нақтылай түседі. «Банк ЦентрКредит» АҚ таратқан мәлімдемеде

«2011 жылғы шілдеде «Нано Плюс» ЖШС қарыз алушысына негізгі борыш пен пайыздар бойынша төлемді 6 айға кейінге қалдыра отырып, жалпы сомасы 102 000 000 теңгеге екі қарыз берілген.

Шарттар бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретінде кепіл шарттары жасалды, онда кепілмен қамтамасыз ету ретінде тұрғын емес үй-жай, жер учаскесі, сондай-ақ Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Ақбұлақ» шағынауданы Сыздықов көшесі, 29 үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй қабылданды. 07.03.2012 ж. қарыз алушыға үш ай мерзімге қосымша шегерім берілген. 20.08.2012 ж. бастап заем алушы өз міндеттемелерін еш орындамастан, кредитін төлеуді кешіктіре бастады. Келісімшарттағы міндеттемелерін орындамауына байланысты 17.04.2013 ж. борышты сот тәртібімен өндіру туралы шешім қабылданып, сол сәттен бастап банк аталған несие бойынша пайыз есептеудің тоқтатылғаны» айтылады. 2012 жылдан басталған пайызбен несие рәсімдеу жыры осылай қайғылы қазамен тәмамдалып отыр.

Пешенесіне жазылған ғұмырының 18 жылын ішкі істер саласына арнаған полиция майоры Дархан Сүлеевтің артында бес баласы, оған көмектесу үшін ілескен Нұрбол Байғазиевтің артында екі баласы қалды. Пәтер жалдап өмір сүріп келген Нұрболдың жары жуырда жүрек талмасына ұшырағанын да айтылды. «Тас түскен жеріне ауыр» қашанда.

Сот шешімін жүзеге асырмаққа келген жеке сот орындаушы Мұрат Әбеновтің де ажалы Дужновтың қолынан келді. Ауласына бес адамның қаны сіңген даулы үйдің жаңа иесі атанып, банктен 2018 жылдың тамызында сатып алған Н.Тұрғанов мерт болды. Тұрғановтың танысы ретінде еріп келген бесінші адам да дәм-тұзы сол сәтте таусыларын ойламағаны анық.
Отбасы, ошақ қасына ғана белгілі Дужнов бұл күнде күллі елге белгілі. Кәсіпкер болған екен, қайырымдылық істерге де араласқан. Ауруханаларға қажетті жабдық алушы меценаттардың тізімінде де Дужновтың есім-сойы жүр екен.

Бір емес, екі бірдей жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, 102 милллион теңге несие алған Анаида Демирчян мен Игорь Дужновтың тағы бір пәтері бар екені анықталған. Банк алдындағы берешегін толық өтемегендіктен, «Ақбұлақ» ықшамауданындағы жер үй электронды сауда тәсілімен сатылып кеткен. Үш жыл бұрын сатып алған үйіне қоныстанамын деп келіп, мүрдем кеткен марқұмның да артында бала-шағасы қалды.

Оқырмандардың есінде болар, қайбір жылы сот орындаушылары мен полиция қызметкерлері бір үйге барады. Ғаламторда бейнежазбасы да жүр сол оқиғаның. Зәулім үйдің қамал қоршауындағы есікті үй иесінің келуін күтпестен рұқсатсыз ашып кіргені үшін қожайыны үйінен автомат алып шығып, тырағайлап қашқан әлгілерді қуады. Осы оқиға өзгеге сабақ болуы керек еді. Басқа емес, 2008 жылдан бері өз атына қару рәсімдеген адамды үйінен шығаруға бара жатқан бес адамның қамсыз болғаны қынжылтады. А.Демирчянның айтқанындай, оқ атылғанға дейін арада болған келіссөздің бейнежазбасы сақталса, біраз жайттың бетін ашылар еді. Тағы бір баса назар аударатын жайт, «Рембо» И.Дужновтың берешегі банктерге ғана емес, жекелеген адамдарға да жеткілікті екен.

КТК телеарнасының тілшісі әзірлеген сюжетте Игорь Дужновтың журналист Е.Винокурованың анасынан 10 жыл бұрын 35 мың еуро, одан сырт тағы бір танысынан 200 мың АҚШ доллары көлемінде қарыз алған айтылады. Кейін Е.Винокурова анасы берген ақшаны қайтаруды талап етіп И.Дужновты сотқа беріп жеңіп шыққан. Бірақ сонда да өндіре алмапты.
Қарызы басынан асып кеткен Игорь Дужнов екі жыл елде болмай бой тасалағанға ұқсайды. Қомақты сомадағы қарыздарын қайтарудан жалтарып, «қызмет аясынан тыс жерде» жүріп, елге оралған.

«Оған ауыр қылмыс жауласуға итермеледі, банктен, сот орындаушылардан қысым болды» деп ақтаушылар да арамыздан шықты. Қоғамды дүр сілкіндірген қанды оқиғаға қатысты депутаттар да үн қатып, пайыздық үстемесі тым жоғары банкке белшеден қарыз болып, берешегін өтей алмай жүргендердің мәселесі қордаланып қалғанын, бұл мәселені тез арада оңтайлы шешу керегін айтты.

Президент Қ.Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесте Алматыдағы қанды оқиғаға қатысты пікір білдіріп, «қандай болмасын, адам өлтіруді ақтауға болмайды. Өркениетті қоғамда осы тектес кез келген дау мен проблемалар тек құқықтық алаңда шешілуге тиіс» деді. Адам қанын жүктеу ақыретте де ауыр күнә.

Қуаныш Нұрданбекұлы

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр