Айнұр Сембаева: «Заң газетінің» оқырманы азайған жоқ

17 қыркүйек, 15:23

Қазіргі ақпарат тасқынында салалық журналистика – терең ой мен жан-жақты білімді талап ететін ерекше бағыт. Бұл дегеніміз тек жаңалықты жеткізіп қана қоймай, әрбір оқиғаның мән-мағынасын ашып, күрделі мәселелерді қарапайым тілмен түсіндіре отырып, қоғамның ой-санасын қалыптастыруға жәрдемші. Технология мен ғылым, экономика мен заң, медицина мен экология сияқты салаларда терең білімге сүйенген салалық журналистер — уақыттың ақиқатын ұстанып, шындықтың айнасы бола алады. Осы ретте дәл сол бағыттың дамуына үлес қосып жүрген «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаевамен сұхбаттасып едік. Мұнда салалық журналистиканың маңызы, бүгінгі хәлі мен болашағы туралы ой тербедік.

– Салалық басылымдар туралы айтқанда көбіне «Заң газеті» еске түседі. Биыл отыз жылдығын атап өткелі отырған құқықтық басылымның ақпарат саласындағы орны қандай?

– Тәуелсіздікке енді қол жеткен елең-алаң шақта ақпарат айдынында көптеген жаңа басылымдар пайда болды. Өз қабілетін нарықтық заманда сынап көргісі келген талай білікті журналист жеке газет-журнал ашып, бәсекелестікті қыздыра түсті. Саржағал басылымдардың да көбейгені осы кез. Журналистердің бір шоғыры қоғамдық-саяси мәселені сөз етіп, енді бірі отбасы тақырыбын талғажау еткен сындарлы шақта азаматтардың құқықтық сауатын көтеруге, заңдық білімін арттыруға жете мән берілмеді. Мемлекет басшысының арнайы шақыруымен елге келіп, туған жеріне алғаусыз қызмет еткен заңгер-реформатор Нағашыбай Шәйкеновтің әділет министрі болғаннан кейінгі алғашқы тапсырмасының құқықтық басалымдар ашуға қатысты берілуі де осы қоғамдық қажеттіліктің маңыздылығын түсінумен тікелей байланысты болса керек. Осылайша 1994 жылдың 4 қарашасында «Заң газеті» мен «Юридическая газета» жарыққа шығып, құқықтық тақырыптағы түсіндірулерге зәру болып отырған оқырманға жол тартты. Заң, құқықтық мәселелерді бүге-шігесіне дейін талқылап, халықтың қабылдауына сай етіп ұсынған қос басылым ә дегеннен оқырман іздеп жүріп оқитын, тиынын сақтап жазылатын газеттерге айналды. Соның нәтижесінде алғашқы жылдары-ақ «Заң газетінің» таралымы 80 мыңнан асты. Бұл – Шәйкенов жобасына көпшілік тарапынан берілген лайықты баға десек, қателеспейміз. Әрі бұл жаңа газеттің концепциясын дұрыс жасап, ұжымға білікті кадрларды жинай білген, басылым жұмысын сауатты үйлестіре алған ардагер журналист Марат Тоқашбаев ағамыздың тынымсыз ізденісі мен ерен еңбегінің жемісі десек қателеспейміз. «Заң газетінің» отыз жылдан бері бағытынан жаңылмай, бағдарынан адаспай келе жатқаны – осы алғашқы тұжырымдаманың дұрыс түзіліп, алғашқы журналистік құрамның жұмысты бір жүйеге түсіріп кеткенінің арқасы дер едім.

Егемендіктің елең-алаңында қаншама газет-журнал шықты. Сол тұста құқықтық саланың жаршысы саналатын «Заң газеті» бәсекелестікке шыдай ма, таралым жинай ала ма деген күдіктің көп көкейінде тұрғаны рас. Алайда газет отыз жыл бойы үздіксіз жарыққа шығып қана қоймай, ең көп таралымды басылымға айналғанына жұртшылық куә.

– «Заң газетінің» бүгінгі ахуалы қандай?

– Әрине, қазір қағаз басылымдарға сұраныс аз. Бүгінде ақпарат таратудың неғұрлым жедел, барынша ыңғайлы түрлері қолданысқа еніп жатыр. Тіпті газет-журнал тұрмақ, ақпараттық порталдар әлеуметтік желінің жылдамдығына ілесе алмай отырғаны шындық. Бірақ солай екен деп «Заң газетінің» беделі түсіп, оқылымы азайып қалған жоқ. Заң, құқық тақырыбындағы терең сараптама, мықты талдауларды халық біздің басылымдардан іздеп жүріп оқиды. Оқырманмен байланысымыз да үзілген емес. Әлі күнге дейін арыз-шағымдарын арқалап, көмек сұрап келетін азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласады. Осындай арыз-шағымдар бойынша зерттеу жасап, мақала жазғандықтан, журналистеріміз де заңды бес саусақтай біліп, құқықтық тақырыпта еркін, сауатты жазуға дағдыланған. Міне, «Заң газетін» құқық саласында жазатын журналистердің ұстаханасы дейтіні де осыдан болса керек.

– Салалық журналистика дамытудағы «Заң газетінің» үлесі қандай?

– «Заң газеті» – салалық басылымдардың көшбасшысы саналады. Бізде ішкі істер құрылымының «Сақшы» газетінен басқа құқық, заң тақырыбын індете жазып, жан-жақты қаузаған басылым жоқ. Криминалға байланысты жаңалықтарды, күштік құрылымдарға қатысты шулы істерді ақпарат құралдары өзінің қаралымын көбейтіп, оқырман санын арттыру мақсатында көпшілікке ұсынатыны болмаса, бұл тақырыпты тұрақты бақылап, үнемі жазып отырмайды. Ал «Заң газеті» Парламенттегі заңды дайындау, талқылау ісінен бастап, Президент қол қойып, Әділет министрлігінде тіркелгенге дейінгі барлық жұмыстарды, талқылауларды сараптап, оқырманға дайын күйінде ұсынады. Полиция, прокуратура, адвокатура, әділет, сот, қылмыстық атқару жүйесі, төтенше жағдай қызметтерінің күнделікті тыныс-тіршілігі, құқықтық шаралары да біздің газет арқылы көпшілікке жол тартады. Осы салада сауатты жазып, салиқалы ой қозғап жүрген журналистердің көпшілігінің «Заң газетінде» тәжірибеден өтіп, біліктілігін шыңдағанын мақтанышпен айтуға болады. Журналистер «Заң газетінде» жүріп құқықтық журналистиканың әліппесін үйренді, шеберлігін шыңдады. Жол көрсетіп, бағыт берген аға-апалардың арқасында әр мәселенің заңдық, құқықтық қырын ашуға дағдыланды, оқырман хаттарымен жұмыс істеуге, журналистік зерттеу жасап, арыз-шағымдардағы ақ пен қараны тексеруге төселді.

– Оқырмандар қандай мәселелер бойынша жиі хабарласып, көмек сұрайды?

– Құқық, сот саласымен етене жұмыс істейтіндіктен, газетте «Білген жөн», «Сұраңыз, жауап береміз», «Тұтынушы құқығы» деген айдарлар тұрақты жүргізіледі. Осы айдарлар арқылы азаматтардың сотқа арыз жазу, істердің қаралу тәртібі, өз құқығын қорғаудың механизмдері, кодекстердегі жаңашылдықтар бойынша қойған сауалдарына білікті мамандар жауап беріп, жол көрсетеді. Әсіресе, жер даулары, жерге байланысты алаяқтық қылмыстары соңғы жылдары өршіп кетті. Бір жер телімін бірнеше адамға сатып пайда тапқандардың қылмысын ашып, жылжымайтын мүлікті заңдастыруға байланысты «Заңдықтардың» атқарған жұмысы ерен. Ата қонысына аңсап келген талай қандасымыздың заң білмеуден зардап шеккенде қолдау күткен бірден-бірі орны да «Заң газеті» болғанын мақтанышпен айта аламыз. Жер телімдерін заңдастыру, жердің қолданылу мақсатын өзгерту, даулы жерлерге қатысты арыз-шағымдарды зерделеу арқылы біздің журналистер заңнамалармен жан-жақты танысып, меншік құқығына қатысты қаулыларды терең меңгеріп, құжаттандырумен айналысатын құрылымдардың жұмысына қанықты. Соның арқасында азаматтардың арызын тыңдап отырып, шикіліктің қай тұстан кеткенін бірден байқап, редакция қабырғасынан шықпай-ақ сауатты жол көрсетудің маманына айналды. Біліктілік пен көпшілік мойындауының тынымсыз еңбек, мол ізденіс, толайым тәжірибемен келетінінің дәлелі осы болса керек.

Ең бастысы, қаншама адамның мәселесінің оң шешілуіне көмектескен әріптестеріміз ешкімге еңбегін бұлдаған жоқ, жұмысын ешқашан міндетсінбеген екен. Содан болар, журналистерге алғысын білдірген, ризашылығын жолдаған жылы лебіздер өте көп. Бұл әдемі үрдіс жылдар бойы үздіксіз жалғасып келеді.

– Отыз жылдық тарихы бар газеттің алдағы жоспарлары қандай?

– Газетте бүгінгі күнге дейін талай буын алмасты. Кешегі ағалардың жолын қазір жастар жалғауда. Бірақ құқықтық басылымды шығаруда әу баста қойылған мақсат, белгіленген меже өзгермеді. Айдарлардың атауы ауысып, тақырыптарды барынша түрлендіріп оқырманға ұсынғанмен, газет редакциясының көздегені бір – халыққа адал, риясыз қызмет ету, азаматтардың құқықтық сауатын көтеру. Басылымға жетекшілік еткен редакторлардың қай-қайсысы да оқырманға адал қызмет жасап, газеттің бет-бейнесін көркемдік жақтан да, мазмұндық тұрғыдан да түрлендіруге, жаңғыртуға күш салғанымен, «Заң газетінің» ең басты миссиясы сол қалпы қала береді. Оның негізгі ұстыны халыққа заңдық, құқықтық көмек берумен, сауатын арттырумен өзектес.
Осындай іргелі істердің басы-қасында болып, «Заң газетіне» әр жылдары жетекшілік еткен Кәдірбек Құныпияұлынан, Бекжан Әшірбаевтан үйренгеніміз аз болмады. Журналистикадағы алғашқы ұстазым болған екі редактордың да мен үшін орны ерекше. Бүгінде өзіндік мектебін қалыптастырып, қазақ баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Кәдірбек Құныпияұлы да, Бекжан Әшірбаев та әр іске жауаптылықпен қараудың, озық идеяны, ізденіс пен жанкешті еңбекті әділ бағалаудың үлгісін көрсетті. Білікті басшылардың арқасында ұжымда әріптестік байланыспен бірге, шынайы достық, жанашырлық атмосфера қалыптасты. Мақсатқа жетуде редакция қызметкерлерінің мүдделес, пікірлес болуының қаншалықты маңызды екенін түсіндіру артық. Біздің ұжымның жетістіктерінің сыры мен құпиясы да осында.

Әрине, отыз жылдық тарихта жүректі елжіретер, көңілді қобалжытар естеліктер аз емес. Әр жаңа айдарды талқылаудағы талас, әр тақырыпты қоюдағы қызу талқы әлі күнге көз алдымызда. Корпорацияның шығармашылық байқауларда жеткен жетістіктерінен бөлек, спорттағы жүлделері де баршылық. Сондай қуанышты, жүрек толқытар сәттерде жанымызда болып, бірге жанкүйер болған біраз әріптесіміз бүгінде арамызда жоқ. Ұлтқа қатысты мәселеде үнсіз қалмайтын Аманхан Әлім, корпорацияның жұмысын талай уақыт тамаша үйлестіріп келген Шарафаддин Әмір, саладағы түйткілдерді тарқатуда тыным таппайтын Нұрлыбай Омаров, жедел ақпараттың жаршысына айналған Тыныс Балтабекқызы, сөзден сурет салатын Сәкен Орынбасарұлы, ағалық ақылын аямайтын Тұрар Әсетұлы, «Заңның» анасы атанған Күлтай Әділбекқызы секілді әріптестеріміздің бейнесі әлі жадымызда жаңғырып тұр. Корпорацияның дамуына өлшеусіз үлес қосқан әріптестеріміздің еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Міне, осындай айтулы азаматтардың қолтаңбасы қалған «Заң» медиа-корпорациясының жылдар бойы қалыптасқан беделіне нұқсан келтірмей, әріптестеріміз салған сара жолды абыроймен жалғай алсақ, біздің ұтқанымыз.
Бүгінгідей ақпараттың жеделдігі артқан уақытта төл басылымымызға деген қажеттілік кемімесе екен, таралымы азаймаса екен деп тілеймін. Талай журналистің шеберлігін шыңдап, қабілетін арттырған басылымның ғұмыры ұзақ, мазмұны бай, сапасы оқырманның талабына сай болуы үшін білім-білігімізді жұмсауға әрқашан әзірміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл