
Киелі Түркістан өңірі жалынды жастарымен, белсенді еріктілерімен, қайырымды тұлғаларымен танымал. Оңтүстік өңірде асарлатып жүрген бабаларымыздың ізгілік ізі қалған. Осы жолы біз қалың оқырманға Түркістан облысы Кентау қаласындағы жастардың ордасына айналған «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестігін таныстырғымыз келеді. Тәжірибелі маман, білікті ұстаз, талай жылдан бері «Жастар» ұйымының жетекшісі, «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Тойшиеваны әңгімеге тартып, бірлестіктіктің бүгіні мен болашағы жайында сұхбатасқан едік.
— Айгүл Есенбекқызы, «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестігі қашан құрылды? Бірлестіктің мақсаты қандай? Оның ішінен құрылған «Мейірім» еріктілер ұйымының жұмысына тоқталып өтсеңіз де артық болмайды.
— Мен осы Түркістан өңірінде дүниеге келдім. Кентау қаласында білім алып, өмірімді жастарға арнап келемін. Бүгінде қоғамдық бірлестікке қарасты «Мейірім» еріктілер ұйымының жетекшісімін. Кентау қаласында мемлекеттік жастар саясатындағы волонтерлік бағыттағы шараларды ұйымдастырып, жүзеге асырылуына әрдайым белсенді атсалысып келемін.
Ал «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларын насихаттау, мемлекеттік тілді дамыту, аймақта туризм саласын өркендету мен кеңінен танымал ету, тұрғындар арасында, соның ішінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және дамыту, қоғамның осал топ өкілдеріне әлеуметтік-психологиялық сауықтыру мен ем қабылдауға қолдау көрсету, халықтың осал топ өкілдеріне заңгерлік және әлеуметтік құқықтық көмек көрсету, балалар мен жастардың заңдық құқығын қорғау, кәмелеттік жасқа толмаған жастардың тәрбиесінде орынсыз қылықтардың болуымен күресу, сондай-ақ балаларға деген күш көрсетушілермен күресу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүр мен отбасы тәрбиесін насихаттау, табиғатты қорғау, қоғамдағы жемқорлықтың алдын алу бойынша ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар өткізіп келеді.
Еріктіліктің «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра» және «Қамқор» секілді 5 бағыты бойынша жұмыстар жүргізуді қолға алып, қала жастарының бос уақыттарын тиімді өткізуге бар күшімді саламын. Бүгінде «Мейірім» ерікті жастар клубының ережесі және іс-шаралар жоспары әр жыл сайын еріктілердің қатысуымен талқыланып, бекітіледі. Жоспар бойынша ерікті жастар, оқушылар мен студенттердің белсенділігімен түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. «Мейірім» ерікті жастар клубының 48 мүшесі бар. Еріктілермен атқарылып жатқан барлық іс-шаралар Кентау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, қалалық «Жастар ресурстық орталығы», қалалық емхананың салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарының қатысуымен ұйымдастырылады. Жалпы еріктілер қолға алған әрбір іс-шара жоғары деңгейде өтетінін айту керек.
— Еріктіліктің барлық бағыты бойынша іс-шаралар ұйымдастырамыз дедіңіз. Бүгінге дейін «Мейірім» еріктілер ұйымы өткізген іс-шаралар жайында айтып өтсеңіз.
— Біздің ұйым өткізген әрбір шара жастар арасында, тіпті әлеуметтік желі қолданушыларының арасында үлкен қолдауға ие. Атап айтар болсақ, біздің еріктілер жақында ғана қаламыздағы М.Қаленов ескерткішіне барып, тазалық шарасын өткізді. Одан бөлек, «Мейірім» ерікті жастар клубының мүшелеріне түрленген Түркістан қаласына және Түркістан облысындағы қасиетті орындарға саяхат ұйымдастырылды. Сондай-ақ біздің еріктілер мен белсенділер ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «30 жылға — 30 тарту!» айдарымен 30 игі іс-шарасын өткізген еді. Сонымен қатар, саябақтар мен қала ішіндегі бақтарды жинастыруға бағытталған ECO CHALENGE сайысында жастар саябақ ішіндегі қоқыстарды тазартуда белсенділік танытып, бір-бірімен жарыса атсалысты. Жастарды ынталандыру мақсатында марапаттап, арнайы сыйлықтар табысталды. Сыйлық жағынан демеушілер қолдау көрсеткенін айта кетейік. «Таза көлдер, өзендер және бұлақтар» жобасы аясында қалаға қарасты су қоймасының маңайын қоқыстан тазартып, санитарлық жағдайын жақсартуға атсалысты. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында С.Қожанов атындағы саябақта «Азалы ана» монументінің айналасында тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
«Мейірім» ерікті жастар клубының мүшелері және Кентау қалалық жастар ресурстық орталығы Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығында» ашық есік күнін өткізді. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» талдау, мониторинг және әлеуметтік зерттеу бөлімінің басшысы Сұлтан Азат әр бөлімнің атқаратын қызметі мен жұмыс барысы туралы түсіндірді. Сонымен қатар, орталықта жастар үшін жұмысын жүргізетін 7 үйірме туралы ақпарат берді. Кездесу барысында «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің маманы Әсел Күмісбекова студенттерге психологиялық тренинг өткізді. Кездесу соңында ерікті жастар орталықтың жастарға жасаған мүмкіндіктері мен өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

«Мейірім» ерікті жастар клубының мүшелері ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын талқыға салды. Еріктілер клубы алдағы уақытта да мемлекеттік жастар саясатының волонтерлік бағыттағы шараларын жүзеге асырмақ. Жастар жоғарыда атап өткен «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра» және «Қамқор» секілді 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізуді қолға алып отыр. Біз бос уақытын қоғам игілігіне арнаған еріктілерді әрдайым қолдап отырамыз. «Мейірім» ерікті жастар клубының түрленген Түркістан қаласына саяхаты ұйымдастырылды деп айтып өттім. Еріктіліктің «Асыл мұра» — бағыты бойынша рухани, мәдени-тарихи мұралармен танысқан еріктілер «таңғажайыптарға куә болдық» дейді. Себебі, бұрындары «Қ.А.Ясауи кесенесіне» ғана зиярат етіп келуші едік, қазір Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы көптеген өзгерістерді көрдік. Тарих пәнінен оқыған Түркістан қаласы көне шаһар бейнесіне енгендей. Шығыс моншасы, Керуен сарайы, Оқушылар сарайы, Визит орталығы, жаңа университет, кітапхана, көптеген саябақтар мен аллеялар, тағы да басқа кереметтерді өз көзімізбен көрдік. Біздің бір күндік уақытымыз осы кереметтерді тамашалауға жетпей қалды. Дәл осындай мүмкіндіктер жасап жатқан ел ағаларына ризашылық білдіреміз», — дейді еріктілер.

Кентау қаласы кеншілер саябағында ерікті жастар арасында «Таза әлем» бағыты бойынша саябақтар мен қала ішіндегі бақтарды жинастыруға бағытталған ECO CHALENGE сайысы өтті. Шара барысында жастар саябақ ішіндегі қоқыстарды тазартуға белсенділік танытып, бір-бірімен жарысқа түсті. Жастарды ынталандыру мақсатында марапаттап, арнайы сыйлықтар табысталды. «Мейірім» ерікті жастар клубының мүшелері Кентау қаласының орталық С.Қожанов саябағында «Таза әлем» бағыты бойынша тазалық жұмыстарын жүргізіп, қаланың көркейіп, көгалдануына үлес қосып, гүл екті. «Асыл мұра» бағыты бойынша еріктілерді рухани, мәдени-тарихи мұралармен таныстыру мақсатында облысымыздың киелі жерлеріне саяхат бұдан әрі де ұйымдастырылатын болады.
«Мейірім» еріктілер клубы «Таза әлем» бағыты бойынша қоршаған ортаны қорғау мақсатында республикалық «Қаратау» табиғи қорығы қызметкерлерімен бірлесе отырып, тау аумағында «Таза табиғат» іс-шарасы ұйымдастырылды. Айта берсе, біздің еріктілердің игі істері көп. Жоспар бойынша барлығын да тиісті дәрежеде өткізуге тырысамыз.

-Айгүл Есенбекқызы, сіз қаншама жылдан бері Кентау жастарының басын біріктіріп, ерікті жастарды тәрбиелеп келесіз. Жастар арасындағы тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы, қазіргі жастардың беталысы қандай?
— Әрине, жастармен бірге жұмыс істегеннен кейін олардың ойы, әрбір қадамы мен үшін маңызды. Мен жастарды еліміздің ертеңі, болашағымыздың айнасы деп білемін. Біздің қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты — саналы да сапалы, білімді де білікті жастарды тәрбиелеу. Қазіргі жастардың көзі ашық. Өздерінің алға қойған мақсаттарына жетуіне барлық мүмкіндік жасалған. Спортпен шұғылданғың келе ме? Әне, спорт сарайы тұр. Өнермен, тіпті тіл үйренумен айналысқың келе ме? Кез келген тілді әрі өнерді үйрететін үйірмелер толып жатыр. Тек үйренуге деген ниетің болса болды. Қазір мемлекет тарапынан да жастарға қолдау ретінде түрлі бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Тіпті шетелден білім алып, тәжірибе жинақтауға да мемлекет тарапынан қолдау бар. Ең бастысы оқы, шама-шарқың жеткенше барлық мүмкіндікті пайдалан. Мен осының барлығын жастармен кездескенде, еріктілермен жиналғанда үнемі айтып жүремін. Қазір ғаламтордың дамыған заманы. Өзіңе қажет ақпаратты кез келген уақытта оқи аласың. Бизнес ашып, кәсіппен айналысуға да мүмкіндік берілген. Қазіргі жастар белсенді, зерек те өжет, өз ойын ашық айтады. Кейде тіпті жаңа идеяларымен де таң қалдырады. Міне, елімізде осындай белсенді де білікті жастарымыздың өсіп келе жатқаны қуантады.

— Әлгінде еріктілердің құрамында 48 жас бар дедіңіз. Ерікті болуға жастардың белсенділігі қалай? Еріктілікті әрі қарай дамытып, волонтер жастардың санын арттыру үшін қандай жұмыстарды атқарасыздар? Алдағы жоспар қандай?
— Біз ең алдымен ерікті жастарды айналасына қамқор болуға үйретеміз. Жай ғана мейірімді болуды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден бастаймыз. Еріктілер ұйымына 48 жас мүше болғанымен, нақты бағыттар бойынша іс-шаралар кезінде колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары да белсене атсалысады. Белсенді деген еріктілер демеушілеріміз тарапынан сыйлықтар алып, алғыс хатпен марапатталады. Алдағы уақытта қоғамдық бірлестік жоғарыда атап өткен жоспарлары бойынша өз жұмысын жалғастыратын болады. Қаламыздағы әрбір мәдени шараға, экологиялық акциялар мен түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысатын боламыз.

Ерікті болу – жаңа әлемді ашып, білмегенді үйрену, таным-түсінігіңді кеңейту. Әлемде өз еркімен, риясыз жақсылық жасау жолында жүрген адамдардың қатары көп. Тіпті ол жақта жастар ғана емес, үлкен кісілер де ерікті болып жұмыс істейді. Олар ерікті болуды өзінің азаматтық борышы санайды. Ерікті болудың арқасында әрбір азамат еліне көмектесіп қана қоймай, өзіне мүдделес серік табады. Біз де еріктіліктің деңгейін көтеруіміз керек. Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген адам. Осындай ерекше қызмет қоғамның өз ішінде дамып, кейін келе кең өріс тапты, сондықтан оның одан әрі де қанат жаюы сол қоғамның өзіне тікелей байланысты болмақ. Десе де мемлекет тарапынан еңбектің ақшалай ғана емес, моральдық тұрғыдан да бағаланғаны абзал.
Ерікті болу – күндіз-түні жұмыс істеу деген түсінік қалыптасқан біздің қоғамда. Бұл пікір дұрыс емес. Әрбір азамат, әрбір маман иесі өз жүрек қалауымен жақсылық нұрын шашуға ниетті болса, ол ерікті болып табылады. Өз еркімен өтеусіз, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануға белсенді жастардың қатары көбейетініне кәміл сенемін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева
Суреттерді «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестігі ұсынды