Айдын Қабдұлдинов: Қоғамдағы қауіпті кеселмен үздіксіз күрес жүргіземіз

23 қараша 2023, 12:01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды тапсырған болатын. «Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек», — деген болатын.

Осы орайда және басқа да салаларда атқарылып жатқан шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдиновті әңгімеге тартқан едік.

– Айдын Тоқтарұлы, соңғы кезде қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық ушығып тұр. Тіпті жоғары лауазымды, шенді-шекпенді тұлғалардың да шаңырағында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны белгілі болып отыр. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға қандай баға берер едіңіз?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды», — деген болатын. Осыған байланысты айтарым – бұл ұсыныстың дұрыс екеніне менің еш күмәнім жоқ. Әрине, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес екені, тергеп-тексеру қиынға соғатыны да айтылды. Ол рас. Дегенмен, өз үйінде әлсіз жандарға жұдырық ала жүгіретін жандарға төзіммен қарауға еш болмайды.

Бір атап өтерлігі, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы он айдың ішінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстардың 23,3 пайызға азайғаны қуантады. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде осындай 43 құқық бұзушылық орын алса, биыл – 33. Бұл да болса көңіл көншітпей қоймайды.

Дегенмен, тоқмейілсуге болмайды. Биыл орын алған қылмыстардың арасында адам өлімі де бар. Отбасылық дау-жанжал барысында 6 адамның өмірі қиылғаны еш ақылға сымайды. Бұған қоса, 25-тен астам адамның денсаулығына зиян келтірілгені өкінішті-ақ.

– Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары тарапынан қандай шара қолданылуда?

– Өңірдің тәртіп сақшылары қол қусырып отырған жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында екі мыңға жуық тәртіп бұзушы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің» 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Отбасының шырқын бұзған екі мыңнан астам адамға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Соған қарамастан айылын жия қоймайтын «сабаздар» да бар. Қорғау ұйғарымын бұзған 132 бұзақы заң алдында жауап берді. Тұрмыс саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша құқық бұзушылардың мінез-құлқына сот арқылы 600-ден астам ерекше талап белгіленді. Қоғамдық тәртіпті бұзушыларды есепке қою бойынша жұмыстар күшейтіле түскенін де атап өткен жөн. Сандарды сөйлетсек, ондайлардың саны төрт жарым мыңнан астам. Олардың арасында бұрын сотталған 400 шақты адам бар. Ойнақтап жүріп от басқандар темір тордың арғы жағында да сабақ алмайтыны өкінішті. Мәселен, биыл есепте тұрған 58 адамға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күшін жою туралы ұсыным жіберіліп, 38-і қолдау тапты. Оған – белгіленген шектеулерді жүйелі түрде бұзғаны себеп.

– Energyprom.kz сайтының қыркүйектегі мәліметі бойынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде алкогольдік ішімдік тұтыну көрсеткіші артып, қазақстандықтардың ащы суға жұмсайтын орташа шығыны өсіпті. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен бірге «ең ішкіш» өңірдің бірі ретінде аталған. Республика бойынша «тентек суға» орташа есеппен бір жарым миллион теңге жұмсалса, біздің жерлестеріміз 3 миллион 100 мың теңге шығындайды екен. Қылмыстардың көбі мастықпен жасалатыны белгілі. Ендеше бұл жәйт облыстағы криминогендік жағдайға қалайша әсер етті?

– Мұндай деректерге қарамастан, биылғы жылдың он айында облыста мас күйде жасалған қылмыстар біршама азайды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде мұндай 477 қылмыс тіркелсе, биыл – 448. Ендеше 6,1 пайызға азайғаны байқалады.

Дегенмен бұл – алкогольге қатысты қылмыс жоқ деген сөз емес, әрине. Биыл алкоголь заңнамасын бұзушылықтың 10 мың дерегі, ішімдікті заңсыз сатудың 146, алкоголь өнімін сату талаптарын бұзудың 82 жағдайы тіркелді. Барлық фактілер бойынша алкоголь сату лицензиясы тоқтатылды. Шамамен 8 мың литр ішімдік заңсыз айналымнан алынды.
Ащы суға әуес 500-ден астам адам маскүнем ретінде есепке алынды. 190-нан астамы мәжбүрлеп емдеуге жөнелтілді, тағы 52-сінің құжаттары жинастырылуда. Өкінішке қарай, облыстық наркологиялық орталықта бос жатын орындардың жетіспеушілігіне байланысты әзірге 16-сы ғана мәжбүрлі түрде ем қабылдауда.

Бұл жерде темекі шегуге қарсы іс-қимыл туралы да айта кеткенді жөн көрдім. Өздеріңіз білесіздер, қоғамдық орындарда шылым тартуға тыйым салынған. Соған қарамастан осы талапты бұзған 400-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасы кәмелетке толмағандар арасында темекі шегудің және ішімдік тұтынудың алдын алу мақсатында білім беру мекемелерінде, яғни мектептер мен колледждерде денсаулық сақтау органдарымен бірлескен іс-қимыл жолға қойылған. Биылғы он айдың ішінде ювеналды полиция қызметкерлері осы тақырыпта екі мыңнан астам іс-шара өткізді.

– Есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға да тоқтала кетсеңіз? Соның ішінде синтетикалық есірткі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп тұрғанын Президент те айтқан болатын.

– Иә, қазіргі ахуал өте күрделі. Президент былтырғы Жолдауында соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқанына тоқталғаны бекерден-бекер емес. Мемлекет басшысы синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күресті жалпыұлттық деңгейде жүргізу туралы тапсырма берді. Біз де осы бағыттағы жұмысты күшейттік. Өкінішке қарай, есірткі құқық бұзушылықтарының саны 14 пайызға артқаны байқалады. Соның ішінде есірткі сату да, сақтау да, контрабанда да, есірткіні насихаттау да, өсіру де бар. Биыл 735 килограмнан астам әр түрлі есірткі заты заңсыз айналымнан алынды.

Биылғы жетістігіміздің бірі – астаналық әріптестерімізбен бірлесіп, жедел іс-шара барысында ірі есірткі арнасының жолын кестік. Астана қаласынан Петропавлға «синтетика» тасымалдаумен айналысқан азамат көптен бері құрыққа түспей жүрген болатын. Тінту нәтижесінде одан 199,35 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткінің тағы бір ірі партиясы – 313 кг Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылының маңында тоқтатылған көліктен тәркіленді. Бұл да сыбайлас екі азаматтың бірлескен «кәсібі» екен. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында өсімдік тектес есірткі таратумен айналысқан 8 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталғаны да біз үшін жақсы нәтиже.

Нашақорлықты насихаттайтын сайттарға шектеу қою жұмысы үздіксіз жүргізіледі. Биыл сондай 363 сайт бұғатталды. Ұялы телефон қазір өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, әлеуметтік желілерде жүргізіліп жатқан жұмыс – бір төбе. Қорыта айтсақ, қоғамдағы қауіпті кеселмен күрес үздіксіз жүргізіледі.

Жалпы біздің мойнымызға жүктелген жауапкершілік пен алдымызға қойылған міндеттерді абыроймен атқару жолында аянбай еңбек етудеміз деп сеніммен айта аламын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді