

Қоршаған ортаны қорғау, экологияны сақтау – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта біздің елімізде орман-тоғайды аман сақтап, ағаш отырғызып, оны күтіп-баптауға басымдық беріледі. Біз Алматы облысы Кеген орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айдос Жәутікбаевпен сұхбаттасып, өңірдегі орман қорын молайтуға арналған маусымдық жұмыстардың жүргізілуі туралы сұрап-білдік.
— Айдос мырза, Кеген өңірі көркем табиғатымен, ну орманымен әйгілі. Көктем мен жаз айларында орман қорын молайту мақсатында маусымдық жұмыстар басталады. Биылғы беталыстарыңыз қалай?
— Иә, көктем мен жаз айлары — біздің мекеме үшін жұмыстың ең қызған шағы. Өйткені біздің ауданда негізгі тұқымбақтар орналасқан. Мекемеге қарасты 5 орманшылық бар. Олар: Қарқара, Екіаша, Темірлік, Жалаңаш және Ұзынбұлақ. Жалпы жер көлемі — 84790 гектар десек, оның 24272 гектары орман алабына кіреді. Осы орман алаптарын жыл бойы күзететін 41 орман күтушісі тұрақты тұрғын үймен, құрал-саймандармен және мініс көлігімен қамтылған. Мекемеге қарасты Жалаңаш орманшылығында базалық тұқымбақ орналасқан, ал Темірлік орманшылығында уақытша тұқымбақ жұмыс істейді. Осы тұқымбақтарда жыл сайын 0,5 гектар жерге Тянь-Шань қарағайының тұқымы себіледі. Осы себілген тұқымнан аз дегенде 500-550 мың дана көшет өсіп шығады. Бұл көшеттерге ерекше күтім көрсетіліп, 4 жыл бойы арам шөптерден тазартылып, уақтылы суғарылады. Біздің орман шаруашылығына қарасты алдын ала дайындалған 50 гектар алаңқайлар мен тау бөктерлеріне жыл сайын 250 мыңға жуық жас көшет отырғызылады. Бүгінде мекеменің алға қойған мақсатының бірі- осы жасыл алаңқайлдардың көлемін ұлғайтып, тау бөктеріне отырғызылатын көшеттердің санын да көбейту. Темірлік орманшылығында уақытша тұқымбақта жергілікті Шренк шыршасы, көгілдір шырша мен қарағай өсіріледі. Біздегі шырша көшеттері Астана, Алматы мен Алматы облысының орталықтарына жіберіліп, еліміздің түкпір-түкпірінде жайқалып өседі. Алдағы уақытта орман қорын молайту мақсатында жас көшеттерге арнайы орындар дайындалып, 10 гектар жерге шұңқырлар қазылды. Маусымдық жұмыс кезінде біздің қызметкерлерден бөлек, ауыл тұрғындарынан еріктілер тартылады. Олар тұқымбақта уақытша жұмыс істеп, жұмыс істеген мерзіміне қарай айлық алады.

— Бұл орманды өлкеде Қызыл кітапқа енген жан-жануарлар мен өсімдіктер, дәрілік шөптер бар. Жаз бастала демалысын табиғат аясында өткізгісі келетіндер бар. Аң аулағысы келетіндер де аз емес. Осындай кезде орманшының ең басты міндеті не?
— Сауалыңыз орынды. Біздің өлкенің орманы жан-жануар мен өсімдікке бай. Жаз келісімен тауға шыққысы келетіндердің де қатары көбейеді. Біздегі әр орманшылықта орналасқан негізгі үйлерден бөлек, әр орманды аймағына қарай бөліп күзететін орман күзетшілері бар. Орманшының басты міндеті — тауға күдікті көрінген адамдарды жібермеу. Мұндағы әрбір орманшыға арнайы киім-кешек, байланыс құралы және қызмет көлігі берілген. Сондай-ақ орманшының отбасымен қысы-жазы тұратын орман айналымындағы үйлерге жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Орманшыға жүктелетін міндет көп. Ең басты міндеті — қоршаған ортаны қорғап, табиғатты аялау. Қазір ауыл тұрғындары да табиғатты қорғауда белсенді. Орманшымен тұрақты байланыста. Бейтаныс адамдар мен күдікке ілінгендері болса, бірден хабарласады. Тұрғындардың осылай тез әрекет етуі орманшының да дер кезінде мәселені шешуіне септігін тигізеді.

— Өзіңіз білесіз өткенде Семей өңіріндегі алапат өрт елімізді дүр сілкіндірді. Орманшылардың өртке қарсы құрал-жабдығы мен киімдері болмағаны да айтылды. Қарағай мен шырша қорына бай орманды өрттен сақтауға қандай жұмыс жүргізіледі? Тілсіз жаудың алдын қалай аласыздар.
— Семейдегі жағдай еліміз үшін оңай болған жоқ. Әріптестеріміздің қазасы бізге де ауыр тиді. Қазір жаз айы. Демек табиғат аясында демалып, тіпті түнеп, уақытын өткізгісі келетіндер көбейеді. Жаз мезгілі біздің орманшылар үшін ең қауырт ай деп жоғарыда айтқан едім. Біздің орманшылар тауға серуендегісі келетіндерге ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. От жағу мен оны өшіру тәртібі туралы арнайы үнқағаздар таратады. Бұл биылға дейін осылай болып келді. Қазір біз тауда демалғысы келетіндерге от жағуға рұқсат бермейміз. Бізге табиғатымыздан бөлек, адамдарымыздың да амандығы маңызды. Қазір әр орманшылықта кезекшілікпен орман күзетшілері өздерінің аумағына қарасты орманды алқапты бақылауда ұстап отыр.
Мекеменің алға қойған мақсаты — 2025 жылға дейін орман алыбы мен тау бөктерлерін жасыл көшеттермен ұлғайту. Сонымен қатар әр орманшылық өртке қарсы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ең бастысы, өрт ұшқыны көрінсе, дер кезінде жайылуына жол бермеу, өртпен дәл сол сәтте күресу. Өйткені орман үшін де, орманшы үшін де алғашқы сәттер маңызды.
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева