Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 115-бабымен (қорқыту) және 99-бабының 2-бөлігінің 5 тармағымен (адамды аса қатыгездікпен өлтіру) айыпталған сотталушы К-ға қатысты қылмыстық іс қаралып, айыптау үкімі жарияланды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметінен.
Жәбірленуші Р. «WhatsApp» желісіндегі «Геймары» чаты арқылы 21.05.2016 жылы Қызылорда қаласында митингке шығу жөнінде ұранды хабарлама жібереді. Өз кезегінде бұл хабарламаға сотталушы К келіспей, қарсылық танытады. Оның қарсылығына жәбірленуші қорлап, оны қорқақ деп қорлайды. Осы жайттардан соң сотталушы мен жәбірленуші арасында жеке келіспеушілік арақатынас туындайды.
19.05.2016 жылы жәбірленуші мен сотталушы К. митингке шығуды талқылауға кездеседі. Онда сотталушы К. жәбірленуші Р-ға 21.05.2016 жылы Қызылорда қаласының орталық алаңына шығып, қоғамға қауіпті іс-әрекет, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арнайы дайындалған тез жанғыш сұйық затпен өртемесе, ата-анасын және олардың үйін өртеймін деп қорқытады. Ата-анасы үшін қорыққан жәбірленуші түстен кейін қолына арнайы жанғыш сұйықтықпен сотталушы К. үйіне барып, оған ата-анасының орнына өзін өртеуін сұрап, үстіне әкелген сұйықтықты құяды. Осыдан кейін сотталушы шырпы жағып жәбірленушінің үстіне лақтырады.
Жанғыш сұйықтықтан өрт тез тұтанып, жәбірленуші үсті өртеніп, денесіндегі көптеген күйген жарақаттарымен Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізіледі. 27.05.2016 жылы жәбірленуші алған жарақаттарынан қайтыс болады.
Сот үкімімен сотталушы К. ҚР ҚК-нің 115-бабымен, 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 17 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтеуге деп белгіленді.