
Қарағанды түрмесінде жазасын өтеп жатқандар жаңа жылды қарсы алуға өздерінше дайындалыпты. АК 159/7 тәртіппен түзеу колониясыдағылар аулаларын қардан жасалған мерекелік мүсіндерге толтырып тастаған.
ktk.kz хабарлағандай, қиялдан туындаған мүсіндердің ең көріктісі – атыс-шабыс фильмдерінде көп жүретін Гелендваген көлігі. Ертегілердегі қарақшылар мінетін кеме де аулада мен-мұндалап тұр. Онымен қоса келер жылдың қожайыны – әтештің де мүсінін барынша нақышына келтіре жасауға тырысқандары білініп тұр. Одан өзге мұнда ертегі және мультфильм кейіпкерлері де бар. Қапаста жатса да, көңілін көтеруге тырысқандардың еңбегі ескерусіз қалмайды дейді колония басшылығы. Осындайда өнерін ортаға салғандардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігі артады екен.
Вячеслав Волков, жазасын өтеуші:
— Жыл сайын жаңа мүсіндер жасауға тырысамыз. Биыл, міне, Спанч боб пен әтешті жасауды ұйғардық. Көлік пен қайық та ойлағанымыздай болып шықты. Кезінде шалыс басқаны болмаса, бұл жерде талантты жігіттер көп. Бәріміз бостандықты армандаймыз.