
Ақтауда алты жасар қызды зорлау дерегіне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қазір тергеу айғақтарды жинаумен айналысуда. Мемлекеттік қорғаушы Намиг Велиевтің айтуынша, күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы – адам өміріне қастандық, адам ұрлау және зорлау бойынша айып тағылып отыр.
«Молекулярлы-генетикалық сараптама оң нәтиже көрсетіп отыр, алайда күдіктінің кінәсін дәлелдеуге ол жеткіліксіз. Күдікті кінәсін мойындап отырған жоқ. Мен мемлекет тарапынан қорғаушы ретінде ұсынылдым және өз міндетімді орындап жүрмін. Егер сот оның қылмысқа қатысы барын дәлелдесе, онда ол 25 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін». – дейді күдіктінің адвокаты Намиг Велиев.
Оның айтуынша, 32 жастағы ер адам дүкендерге азық-түлік жеткізіп, таксист болып жұмыс істеген.
Естеріңізге салайық, аталған оқиға 20 тамыз күні Ақтаудағы №1 шағын ауданында орын алған болатын. Дүкенде апасының жанында болған 6 жасар қызды белгісіз ер азамат ұрлап кетіп, саяжайға апарып зорлаған. Қызды полицейлер аса ауыр халде тауып алды. Оның жағдайы әлі де ауыр, қазір Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жатыр.