
Жаңа жыл келгелі бері еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлері ақтүтек бораннан көз аша алмай отыр. Соның салдарынан 4 облыста жолдар жабылып, ұзын-сонар кептеліс пайда болды.
24.kz хабарлағандай, құтқарушылар ондаған адамды қауіпсіз жерге алып шыққан. Соған қарамастан, төтенше жағдай қызметінің ескеруін құлақ аспай жолға шығушылар көп. Толассыз жауған қар мен ақтүтек боран жұртты әбден әбігерге салды. Әсіресе, Астана-Бурабай тас жолы тоқтап тұрған көлікке толы. Ақылы саналатын автобанның осындай жағдайына жүргізушілердің өзі аң-таң. Айтуларынша, бұл аралық қалың қардан уақытылы тазаланбайды. Салдарынан бірнеше жол көлік оқиғасы тіркелді. Ал оған жауапты мамандар болса, оны жол ережесінің сақталмауымен байланыстырып отыр. Асхат Оқасов, Ақылы автомобиль жолдары дирекциясының бас инженері: — Жүргізушілердің барлығы бірдей жол ережелерін сақтай бермейді. Салдарынан осындай оқиғалар болады. Мысалы күні кеше, 168-ші шақырымды бес көлік бір-біріне соқтығысып, 2 адам зардап шекті. Бұл тек Ақмола облысындағы жағдай ғана. Ал ел бойынша жаңа жылдың алғашқы күндері 35 мәрте республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Дала түгілі, қалалардың өзінде көлік қозғалысы қиындап, қолдайсыз ауа-райы жұртты әбден әдігерге салды. Синоптиктер болса, бұл қарлы боранның әлі бірер күн сақталатынын айтады. Саида Бердібекова, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК инженер-синоптигі: — Бүгін дауылды ескерту берілді. Республиканың солтүстік аймақтарында желдің күші 15-20 метр секундқа жетіп, екпіні 28 метр секунқа дейін күшейеді. Сонымен қатар, республиканың басым бөлігінде циклонның ықпалына байланысты жауын-шашын жауады және бұрқасын байқалады. Кей жерлерде тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Осыған орай құтқарушылар жолда аса сақ болуды ескертіп отыр. Әсіресе, жіберілетін арнайы СМС хабарламалар мен жарияланатын сайттағы ақпараттарға немқұрайлы қарамауға шақырады.