jasqazaq.kz

Ақтөбеде енді Қарғалы өзені арнасынан аса бастады (видео)

20 сәуiр 2017, 10:20

Ақтөбеде енді Қарғалы өзені арнасынан аса бастады. Өзенді жағалай орналасқан бірнеше ауыл мен саяжайлардан өткен тәулікте 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Су бойындағы «Гауһар» бау-бақша ұжымындағылардың да жағдайы мәз емес.

«Өткен тәулікте 397 адам көшірілді, 29-ы бала. Нокин ауылындағы «Надежда» ұжымында 11 адам көшірілді. Қарғалы өзені деңгейі көтеріліп, Садовый ауылындағы «Солнышко», «Нефтяник» саяжай ұжымдарында 47 үйді су басты», — дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Динара Атыраубаева.

Ақжар-2 ауылы маңындағы «Гауһар» бау-бақша ұжымында 30 үй су ортасында қалған. Ақтөбеліктер арасында «тентек өзен» аталып кеткен Қарғалы бойындағы бау-бақша ұжымының тұрғындары жалғыз баспаналары үшін алаңдайды. Олардың айтуларынша, үйлерін су 5 күн бұрын басқан. 14 сәуірдің түнінде қар суынан жұрт құтқарушылардың көмегімен шығыпты. Содан бері үйлеріне кіре алмай жүр. «Биліктен көмек түгілі, жылы сөз де естімедік» дейді халық.

«Алдағы жұма күні суға кеткенімізге бір апта болады. Содан бері биліктен бір адам келіп, жағдайымызды білмеді. Ауылдан көшіп келген адаммын, бұл жердің суға кететінін мен қайдан білемін. Осында көшіп келгелі мұндай суды алғаш көруім», — дейді «Гауһар» бау-бақша ұжымының тұрғыны Болған Төлебаева.

Қазір су басқан үйлерге жету мүмкін емес. Тұрғындарда баспаналарын қарайтын қайық та жоқ. «Су басқан үй-жайларды ұры-қарылар үптеп жатыр» дегенді бұл жақтағылар да естіген. Үйлерін сыртынан ғана бақылап жүр. Себебі, су деңгейі тұрақсыз. Бір түсіп, бір көтеріледі. Ал, бар мүлкі суда қалған халықтың тілегі бір.

«Бізді далада тастамайтын шығар. Ешкім келмеді, ескерусіз қалып отырмыз. Барлығын аралап көрген әкім бізге неге келмеген? Қазір бала-шағаммен мектепте тұрып жатырмын. Үйімізді несие алып, былтыр салған едік. Ішіндегі мүліктен бұрын үйіміз құламасын деп тілеймін. Баспанам құласа далада қаламыз ғой», — дейді Жұмагүл Серікбаева.

«14 сәуірден бері халық тентіреп жүр. Саяжайда амалымыздың жоқтығынан жүрміз. Жер кезегінде 10 жылдан бері тұрмыз. Сол он сотық жерімізді кезексіз беруге көмектессе деймін», — дейді Нұргүл Нұртазина.

«Гауһар» бау-бақша ұжымындағы «әр отбасында 5-6 баладан бар» дейді тұрғындар. Баспанасын су басқандардың барлығы қазір Мұхтар Арын атындағы Қарғалы орта мектебіне орналастырылған. Арасында жасқа толмаған сәбилерін құшақтаған келіншектер де бар. Баспаналарында сау дүние қалмаған. Ал, су басқан аумақты бақылап тәртіп сақшылары жүр.

«Осы жерді бақылап жүрміз. Ұрлық болған жоқ. Арыз-шағым жасағандар да болмады. Әзірге тыныш»,-дейді тәртіп сақшысы Ерназ Оразғалиев.

Су қоймалардан су жіберу қашан тоқтайтыны әлі белгісіз. «Қазсушаруашылығы» мекемесі Ақтөбе бөлімшесінің басшысы Бекзат Наметовтың айтуынша, қазір 500 миллион текше метр су келіп тұр. 1 мамырға дейін тағы 200 миллион текше метр су жиналады деп болжануда.

Baq.kz

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде