
Фото: Tengrinews.kz
Ақтөбеде 12 адам ер адам сотталды. Олар Сирияға ДАИШ лаңкестік ұйымының құрамында әскери қимылдарға қатысуға әрекет жасайды. Алайда барлығы қолға түсті.
Сот үкімімен ер азаматтар кінәлі болып танылды. 10 адам 6 жылға сотталды, олар жазаларын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Біреуі 7 жылға кесілді. Тағы біреуі қатал режимдегі колонияда 8 жыл жазасын өтемек.
Айыптау қорытындысына сәйкес, ер азаматтар «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының қатарында соғысуға аттанбақ болған. Оған дейін интернет арқылы аталған ұйымның мүшелерімен байланысқа шығып, құжаттарын әзірлей бастаған.
Барлығы да ақпан айында жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталды. Жамбыл облысы арқылы Қырғызстанға өтіп, Түркия арқылы Сирияға аттанбақ болған.
Куәгерлер мен процеске қатсып жатқан өзге адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот отырысы жабық жағдайда өтті. БАҚ өкілдері тек үкім жарияланатын кезде қатысты.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Асқар Ақтілеу
Ақтөбе