
Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Үкімет басшысының «еліміздегі қалалар мен ауылдарды 2025 жылға дейін толықтай ауызсумен қамтамсыз ете аламыз ба?», – деген сауалына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев былай деп жауап берді.
«Қалалар бойынша ешқандай проблема жоқ. Құжаттары дайын. Қалған 25 қала толық ауызсумен қамтамасыз етіледі. Ал ауылды елді мекендерге келсек, 432 елді мекенді сумен қамтамасыз ету керек. Соның 126-сында құжаттама әзірлеу жұмыстары ғана жүріп жатыр. Сол 126-ның 67-сінде тіпті жобалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталмаған. Кейбірінде іздеу, барлау жұмыстары да қолға алынбаған. Сондықтан оны уақтылы орындау үшін Жамбыл, Түркістан және Ақмола облыстары құжаттама әзірлеуді тездетуі тиіс. Өз кезегінде министрлік тарапынан бүкіл қажетті шаралар, яғни уақтылы ақша бөлу қамтамасыз етіледі». Премьер-Министр Ә.Смайылов министрлік өкілдері бұл шаруаның түйінін тарқатуда жергілікті әкімдермен тізе қосып жұмыс істеу қажеттігін де ескертті. «Министрлік өздері бас болып үйлестіру жұмысын күшейту керек. Ал аталған жергілікті органдардың басшылары бұл мәселені бақылауға алып, тиісті құжаттамын дайындауы қажет», — деді Премьер-Министр.
JQ-Aqparat